Мына 7 шаруаны ҚАЗАН айында ЖАСАП ҮЛГЕРіңіз

0
2 539

Өз қауіпсіздігіңіз бен көлік күтімі үшін...


Мына 7 шаруаны ҚАЗАН айында ЖАСАП ҮЛГЕРіңіз

Күздің екінші айы басталып, бірнеше күнін артқа тастап үлгердік. Алда қытымыр қыс болары анық. Ендеше, кей дайындық шараларын кеш болмай тұрғанда, қазан айында жасап үлгергеніңіз жөн.


Дөңгелек ауыстыруға асығыңыз

Әрине, біздің өңірлерде дәл бүгін-ертең қар жауып, аяз болмауы мүмкін. Алайда, қарашада қыстың алғашқы белгілері тұтқиылдан тап беруі әбден ықтимал. Көп көлік иелері бүгін-ертеңмен біраз күннің өтіп кеткенін байқамай, бұған дайын болмай шығады. Нәтижесі, өзіміз білетіндей – кей қоғамдық көліктердің жұмысқа шыға алмай қалуы, жол-көлік оқиғалары, тағысын тағылар. Осындай жайсыздықтардың алдын алу үшін қысқы шиналарды салып алуды қазанның соңына дейін тындырған абзал.


Көлік жүргізу мәнеріңізді өзгертіңіз

Салқын ауа райы, жол үстіндегі жапырақтар, жауын-шашын – мұның бәрі көлік дөңгелегінің жолмен ұстасуын нашарлата бастайды. Ал, қыс мезгілінде қар мен мұз жағдайды тіптен ушықтырады. Осыны ескеріп, кілт бұрылыс жасамауды, тежегішті бірден баспауды, көлікті барынша сақтықпен басқаруды қазан айынан бастап-ақ әдет қыла бергеніңіз дұрыс.

Тығыздауыштарды майлаңыз

Күн суытпай тұрып жасалуға тиіс тағы бір шаруа – көлік есігі мен жүксалғыш айналасындағы тығыздағыш резеңкелерді майлап қою. Арнайы силиконды препаратты есік пен жүксалғыш жиегіндегі резеңке бойына және терезе шынысы кептелетін қуыстардың бәріне, бүйірлік айна мен бензин багы аузындағы саңылау қақпағына мұқият жағып шығыңыз. Осылайша олардың қыста құрсауланып, қатып қалуының алдын аласыз.


Қатпайтын ерітінді құюды бастаңыз

Жаз бойы көліктің алдыңғы әйнегін жуу саңылауларына жай су құйып жүрген боларсыз? Қазанда қатпайтын ерітінді қолдануды бастауға ерте емес. Әйткенмен, тым асыра сілтеп, -300С-ға арналғанын алудың да қажеті жоқ. Әзірге «минус ондық» жарайды.


Әйнек тазалағыш щеткаларын ауыстырыңыз

Автокөліктің терезе сүрткішін уақытында ауыстыруға асықпайтындар көп. Алайда, бұл үнем емес. Керісінше, соңында шығынға ұшырататын әдет. Әсіресе, қыс мезгілінде. Сондықтан, қысқа дайындық кезінде әйнек сүрткіштің щетксын ауыстыруды да ұмытпаңыз. Оған қоса, аталған бөлшекті күтіп ұстауға тырысыңыз. Көлікке отырмастан бұрын алдыңғы терезені шүберекпен сүртіп тазалап, автоматты жүйені тек жол үстінде қолдансаңыз, ұзағырақ қызмет ететін болады.

Капот астын жиі тазалаңыз

Қанша жерден жабық десек ет, капот астына шаң-тозаң, басқа да қоқыстар кіріп кетеді. Күзде оларға сарғайған жапырақтар да қосылады. Салдарынан көліктің ішкі бөлшектеріне қажетті ауа айналымына кедергі болады. Бұл, әсіресе, жылытқыш жұмысына айтарлықтай кедергі. Сондықтан, күз айларында капотты жиі ашып, жапырақ пен басқа да қоқыстарды күнделікті тазалап тұруды естен шығармаңыз.


Салонға жылы киім салып қойыңыз

Қазан айында күндіз аса суық емес, сондықтан әлі де жеңілірек киінудеміз. Алайда, түнде ауа температурасының минусқа кетуі әбден мүмкін. Ал, түнгі уақытта, қала сыртында, басқа да қолайсыз жағдайларда жолда қалып қою – орын алмай тұрмайтын жайт. Сондықтан, көлікке жылы киім, сырткиім салып қойыңыз.

Осындай ұсақ-түйектерді назардан тыс қалдырмай, тиісті уақытында жасасаңыз, үлкен мәселелердің алдын аласыз.

Аударған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Өз КӨЛІГІҢІЗДЕ сізге қандай ҚАУІП төнуі мүмкін?


Қандай автокөліктерді КУӘЛІКСІЗ айдауға болады