Таңертең КӨЛІК ОТАЛМАЙ қалып жүр ме? КӨРПЕ тігіп алыңыз

0
5 279


Таңертең КӨЛІК ОТАЛМАЙ қалып жүр ме? КӨРПЕ тігіп алыңыз

Қыстың күні көлікті кісілердің біразы темір тұлпарын оталдыра алмай әлек болып жатады. Әсіресе, таңғы мезгілде жұмыс не сабаққа асығып тұрғанда одан сайын уақыт ұстайды. Мұндай жайсыз жағдайды болдырмау үшін капотты мұз қатырмай, жылы ұстау керек.


Ер кісілердің көбі күнде кешкісін көлік капотын сыртынан жапқышпен қымтап, таңда оны алуды артық жұмыс көреді. Дәл осындай «жалқау жүргізушілер» үшін сатылымда арнайы автокөрпе бар. Алайда, әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, автокөрпенің де қауіпті тұстары бар болып шықты. Игілікке жаратып, зиянына ұшырамау үшін оның артықшылықтарымен қоса, кемшіліктерін де жете білген жөн.


Автокөрпе – жанбайтын материалдардан (минерал мақта және шынымата) жасалған, автокөлік капоты астындағы жылуды 4-6 сағатқа дейін бірқалыпты ұстап тұратын қалың жапқыш. -5 және -50 градус аралығындағы температура кезінде қолдануға ұсынылады.

Егер аталған жаңалықты сатып алып, байқап көргіңіз келсе, таңдау кезінде мынаны есте сақтаңыз:

  • Сапалы тауар арзан тұрмайды. Қымбат заттың міндетті түрде сапа сертификатын тексеру керек. Осылайша сапасыз көшірме нұсқасын сатып алудан сақтаныңыз.


Сондай-ақ, егер дұрыс қолданбаса, сапалы тауардың өзі зиянын тигізуі мүмкін.

  • Көліктің капот астындағы бөлшектерін қымтау кезінде көрпенің қозғалтқышқа тимей тұруын қатты қадағалау қажет. Кішкене бөлігі болсын қозғалтқыш бөлшектерімен жанасса, қызған уақытта от тұтанып кетуі әбден мүмкін.
  • Автокөрпе шаң-тозаңды өзіне тартып, бойына жинап тұрады. Сондықтан, көлік рөліндегі кісінің не тұрақты жолаушысының шаң-тозаңға аллергиясы бар болса, осы жағынан да қиындық туындауы ықтимал.


Қолдану барысында автокөрпеге зақым келіп, жыртылу, қиылу болса, құрамындағы минералды мақтасы шашырап, ауаға тарала бастайды. Ол әлбетте, пешке де жетеді. Сол арқылы көлік салонына ұшып кіріп, өкпеге тікелей жол тартады. Осылайша денсаулыққа залал келтіру қаупі бар.

Көрпені капот астына дұрыс төсемесе, ол жетекші белдікке қарай тартылып кетуі бек мүмкін. Осындай жағдай орын алса, көп ұзамай көлік жөндеу орталығына жол тартатыныңыз анық.


Басқа да жолы бар


Әрине, адамнан айла артылмайды. Әсіресе, қазіргідей ғылым мен технология дамып, жасанды материалдардың түр-түрі жасалып жатқан заманда.


Айталық, кәнігі автожүргізушілер қыста капоттың жылуы сақтау үшін мынадай материалдармен астарлайды екен:

  • Изолон
  • Тивиплен-П
  • Изофлекс
  • Стизол немесе Изотон
  • Киіз

Жақсылап ізденсеңіз, капот астына жапсыруға болатын бұдан да басқа бірнеше материал табасыз. Барлығын тізбей-ақ қояйық.


Оның орнына, капотты қалай астарлау керегін көріп алыңыз.

Бұл үшін керек:

  • Кеңсе пышағы
  • Жабысқақ таспа
  • Қағаз-қалам, маркер
  • Қайшы

Қажетті құралдарды және таңдап алған материалыңызды дайындаңыз.

Алдымен капот астындағы ойықтар пішінін қағаз не картонға сызып, оны қиып үлгі жасап алу қажет.

Үлгіні жылытқыш материал бетіне қойып, оны да қиып алыңыз.

Капоттың астыңғы бетін жақсылап тазалап, жуыңыз. Кепкеннен соң металды майсыздандырғыш сұйықтықпен өңдеген дұрыс. Соңында дайын пішіндерді желіммен орын-орнына жапсырып шықсаңыз болғаны.

Әлбетте, бұл әрекеттің бәрін жасауда сақтық қажет. Егер бәрін дұрыс, сауатты жасасаңыз, қыс бойы көлік оталдыруда қиындық туындамайтын болады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Бұл НӨМІРдің бағасы сіздің көлігіңізден ҚЫМБАТ