Toyota Американы қалай жаулап алды?

0
3 178

Toyota-ның АҚШ-қа қалай келгенін және осындай нәтижеге қалай қол жеткізгенін біле жүріңіз.


Toyota Американы қалай жаулап алды?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

2021 жылы бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Дәлірек айтсақ, жапондық Toyota компаниясы АҚШ-тағы сатылым бойынша үздік болып тұрған американдық General Motors автомобиль компаниясын алғаш рет басып озды. Сондықтан біз Toyota-ның АҚШ-қа қалай келгенін және осындай нәтижеге қалай қол жеткізгенін айтқан дұрыс деп шештік.


General Motors компаниясы 90 жыл бойы АҚШ-тағы автомобиль сату бойынша көшбасшы болып келген кәсіпорын. Бірақ, бұл тұрақтылықтың артында 1960 жылдардан бастап АҚШ-қа етегін жая бастаған жапондық компаниялар тұрды. Осылайша, олар дегеніне жетіп, бүгінде Штаттарда сатылған он көліктің жетеуі жапондық өнім болып отыр. Ал, сол жетеудің 4-еуі Toyota компаниясына тиесілі. Яғни Америкадағы ең қуатты автокомпания ақыры жеңіліп тынды.


Мұның қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін білу үшін біз тарихқа көз жүгіртуіміз керек. Сондықтан бүгінгі мақалада 60 жыл бұрынғы АҚШ нарығындағы жағдай, Toyota-ның ұзақ жылдар бойындағы стратегиясы мен табандылығы, 70-ші жылдардағы әлемдік жанармай дағдарысының әсері сынды тақырыптарды қозғамақпыз.



Барлығы қалай басталды (1957–1971 жж.)

Өткен ғасырдың 60-жылдарындағы американдық автомобильдер көлемі үлкен V8 қозғалтқышымен жұмыс істеді. Ондай май көп жейтін қозғалтқыштарға кететін шығын ол кезде адамдарды қинай қоймаған. Ал, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайта жандана бастаған Жапония тұрғындардың жағдайына қарап, қарапайым, сенімді әрі үнемді көліктерді өндірді.


Ақш-қа ең бірінші Toyota-ның 45 аттың күші бар «Toyota Crown» атты седаны барған. Бірақ ол кезде алпауыт компанияның Land Cruiser-лері болмағандықтан, қарапайым көліктер Штат тұрғындарын қызықтыра қоймаған. Деретерге сүйенсек, сол кезде АҚШ-та жыл сайын 150 ғана жапондық көлік сатылатын болған. Бұл бүкіл нарықтың болмашы ғана пайызы болатын. Оның себеі – жапондық көліктер жергілікті автомобильдерге қарағанда әлдеқайда кіші, салмағы жеңіл әрі ыңғайсыз болған.

Содан жапондықтар қорытынды жасап, 1965 жылы Штаттарға жаңа модель — Toyota Corona-ның үшінші буынын әкелді. Бұл автомобиль Америкада танымал болған "қоңыз көліктен" екі есе күшті және көлемі үлкен болды. Ең бастысы – көліктің автоматты берілісі мен кондиционері еді! Сонымен қатар, бағасы да қолжетімді болатын. Нәтижесінде 1965 жылы 6500 Corona сатылып, үш жылдан кейін — 71000, ал 1971 жылы — 300 000 данасы сатылған. Бір сөзбен айтқанда Toyota көліктері АҚШ тұрғындарына ұнай бастады. Сөйтіп, импортталған автоөндірушілер арасында Volkswagen-нен кейінгі екінші орынға шығады. Айта кету керек, Toyota Corona АҚШ-та ғана емес, Жаңа Зеландияда, Оңтүстік Корея мен Оңтүстік Африкада сатылымы мол болған алғашқы жаһандық Тойота атанды.

Бірақ, жапондар онымен тоқтап қалғысы келмеді. 1963 жылы АҚШ-та Toyota-дның 125 дилері болды. Әбден жігерленіп алған компания 1966 жылы таңқаларлық және өте қымбат 148-2000gt спорттық көлігін өндіріп, 53 данасын сатты. Ал, бірнеше жылдан кейін АҚШ-та Toyota Corolla-ның алғашқы буыны пайда болып, ол ақырында әлемдегі ең танымал көлікке айналды. 1969 жылы Америка Hilux деген атауды алғаш рет естіп, бір жылдан кейін одан да танымал Toyota Pickup көліктерін мінді. 1971 жылы көпшілікке қолжетімді, бағасы арзан, сапасы жақсы алғашқы Celica өлігі таныстырылды. Бұл көліктің танымал болғаны соншалық, өндірісі 2005 жылға дейін жалғасып, 2,2 миллион данасы сатылды.


Осы орайда сапаны бақылау тұрғысынан Toyota компаниясы әрқашан көш басында болғанын атап өту қажет. Ол үшін жапондықтар автоөндіріске ұзақ уақыт бойы инвестиция құйып, қысқамерзімді пайдасын құрбан етті. Көптеген жылдар бойы өз брендтеріне мүлдем басқа түсінікпен қарады. Осы факторлар мен ең заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы Toyota брендінің бүкіл әлемдегі беделіне оң әсер тигізді.



1973 жылғы мұнай дағдарысы және оның Toyota-ға әсері (1971–1983 жж.)

1970 жылдардың басында Toyota АҚШ-та күш алды дегенімен, сатылым бойынша жергілікті компаниялармен теңесе алмады. Десе де, компанияның саясатын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, оның негізгі міндеттері мынандай болды:

  • қысқа мерзімді пайданы ұзақ мерзімді перспективаға арнау;
  • тек тексерілген және жөнделген технологияларды қолдану;
  • үнемі жетілдіру;
  • ақауларға күдік туындаған кезде қарапайым қызметкердің өзі өндірісті тоқтата алатын ерекше жүйе құру;
  • тиімді жарнама стратегияларын әзірлеу (Toyota 1971 жылдан бастап АҚШ-тағы ең ірі 100 жарнама берушінің қатарына кіреді);
  • дилерлердің кең желісі және сатудан кейін де сапалы қызмет көрсету.

Ақыр соңында қандай да бір түбегейлі өзгерістерге алып келген осы тармақтар "Toyota жолы" деп аталатын негізге айналды. 70-ші жылдардың басына дейін Toyota-ның тұтынушысына айналған көптеген американдықтар ең алдымен сапаны бағалады. Одан бөлек, жанармайдың үнемділігі де ерекше әсер туғызды. Сондықтан 1970 жылдары американдық автоөнеркәсіп үшін үлкен көлем мен отын шығыны проблемаға айналды.


Бірақ, АҚШ-тың көптеген тұрғындары Toyota-ға 1970 жылдан кейін, экологияға қатысты "таза ауа туралы заң" қабылданған кезде және 1973 жылдан кейін, мұнай дағдарысы басталған кезде қызыға бастады. Яғни бензин бағасы кенеттен қымбаттап, көптеген адамдар жүз шақырымға 30-40 литр отын тұтынатын V8 қозғалтқышының шығынына шыдай алмады. Ал, АҚШ өндірушілері көлемі кіші қозғалтқыш жасап шығамыз деп, біраз тұтынушысынан айырылды. Оны жасап шыққанның өзінде көліктерінің өлшемін кішірейтеміз деп, ұсқынсыз автомобильдер өндіре бастады. Ал, Toyota дағдарысқа қарамастан сапа мен сенімділікке ерекше назар аударды.

Сонымен, 1970-75 жылдар аралығында Toyota АҚШ-тағы нөмірі бірінші импорттаушы болды. Corolla-ның жаңартылған үлгісі 1977 жылы алғаш рет миллионнан астам тираж жинап, одан сайын жаңа үлгілері өндіріле берді.

1977 жылы Celica-ның жаңа үлгісі пайда болып, екі жылдан кейін американдықтарға V6 2.6 қозғалтқышымен жабдықталған Celica Supra-жоғары деңгейлі купе ұсынылды. 1979 жылы американдық нарықтағы Тойотаның үлесі 7,6%-ға жеткен. Ал, 1980 жылы Штаттардағы барлық автомобильдердің 21,5%-ы жапондық болып, 1983 жылға қарай Американың автомобиль тарихына мәңгілікке Toyota Camry атты жаңа атау енді.



"Өз" зауыттары. Camry және RAV4 дәуірі. Lexus өндірісінің басталуы (1983–2000 жж.)

Сонымен АҚШ компаниялары қандай көлік шығарамыз деп жүргенде нарыққа 2 литрлік қозғалтқышы бар Camry кіріп келді. Кіріп келді де, екі жыл ішінде 125 000 американдық сол көлікті сатып алды және ол Штаттардағы ең көп сатылатын автомобиль атанды.

1981 жылы жапондық автомобиль компаниялары экспортты шектеуге келісіп, Toyota-ны Солтүстік Америкада құрастыруға кірісті. Бұл мәселе 1984 жылы шешіліп, 1986 жылы конвейерден алғашқы жергілікті Corolla FX16 шықты. Оған 800 миллион доллар инвестиция құйылып, 90-шы жылдары тағы екі зауыт салынды (Индианадағы құрастыру зауыты және Буффалодағы қозғалтқыштар мен трансмиссиялар өндірісі).


1984 жылы Toyota Фримонтта (Калифорния штаты) автомобиль құрастыру бойынша GM компаниясымен бірлескен кәсіпорынға кіріп, екі жылдан кейін Джорджтаунда (Кентукки) үлкен зауыт салды. Ал, 1988 жылы бір жылда миллионнан астам автомобиль сатқан алғашқы шетелдік автоөндіруші болады.


1984 жылы Camry мен Corolla үнемі дамытылып жатқан жаңа үлгілерінің қатарына 4Runner жол талғамайтын көлігі, 1986 жылы Celica Supr көлігі қосылды. Кейіннен жапондықтар өздері үшін ықшам көліктер жасап, Америка үшін V6 қозғалтқыштары бар және сыртқы түрі өзгерген үлкен автомобильдер өндірді. Сөйтіп, 1987 жылы Toyota өзінің Lexus атты брендінің пайда болуын жариялап, бірнеше жылдан кейін әлемге V8 қозғалтқышы орнатылған LS 400 седанын, одан кейін ES 250 алдыңғы жетекті седанын ұсынды. 1991 жылы Lexus АҚШ пен Еуропадағы сапаны зерттеу бойынша ең сенімді автомобильдердің бірі болды.

90-шы жылдардың тағы бір кезеңі — Toyota RAV4. Толық жетекті бұл автомобиль кроссовер класының негізін қалаушы болып саналады. Ол содан бастап тұрақты түрде өндіріліп, жыл сайын әлемдегі танымалдылығы артып жатыр. Негізі RAV4 бірден танымал болып, 2017 жылы жыл сайын 400 000-нан астам данасы сатылатын Camry седанын басып озды. Сондай-ақ, 90-шы жылдардың соңында Toyota АҚШ нарығына тағы да екі жаңа модельді шығарды. Олар — американдықтарға ұнайтын Tundra пикабы мен әлемдегі алғашқы сериялық гибрид — Prius болатын.


1993 жылы Toyota Аризонада TAPG техникалық орталығын, 1994 жылы Коста-месте (Калифорния) жаңа алаңын ашып, 1996 жылы IndyCar жарыс сериясына қатысады және жылына 20 миллионнан астам көлік сатады. 1997 жылы Camry АҚШ-тағы ең танымал жеңіл автокөлікке айналып, бірақ 1999 жылы Toyota акциялары Нью-Йорк қор биржасында сатыла бастады.


Жаңа ғасыр бастауынан – бүгінгі күнге дейін (2000–2022 жж.)

ХХІ ғасырдың басында Toyota Америкада өте берік позицияға ие болды. Бұған түрлі көлік үлгілері, көптеген жеке зауыттар, әртүрлі техникалық және дизайнерлік орталықтар, кеңейтілген дилерлік желі мен көптеген марапаттар әсер етті. Сөйтіп, 2002 жылы Toyota командалық және жеке есепте IndyCar-да жеңіске жетті. Ең бастысы – АҚШ-та шығарылған автомобильдердің жалпы саны да, олардың американдық нарықтағы үлесі де үнемі артып келеді.

Мысалы, 2004 жылы алғаш рет Жапонияда өндірілген Toyota саны АҚШ-та өндірілген көліктерден аз болды.


Сонымен қатар, 2000-шы жылдары Toyota екі бірдей мамандандырылған құрастыру зауытын салу арқылы үлкен көліктерді өндіру бойынша қуаттылығын белсенді түрде дамыта бастады.


Қазіргі уақытта АҚШ-та Toyota-ның 20-ға жуық үлгісі шығарылады екен. Олардың ішінде гибридті, толықтай электрлі нұсқалары да бар. Сондай-ақ, 2000-шы жылдары Toyota-ның беделі Еуропа, Канада, Мексика және Азия нарықтарында да өсе бастады. Бірақ бұл уақытта Штаттардағы прогресс үнемі сақталып отырған. Ал, 2021 жылы үш жаңа өндірістік кәсіпорындарының негізгі инвестициялары 1,7 миллиард доллардан асып, Солтүстік Каролинадағы Либерти қаласындағы батарея зауытына тағы 3,4 миллиард доллар жұмсалған.


Toyota қазір ең көп инвестиция салатын компанияға айналып, электрлік бағытты таңдап отыр. Қазір АҚШ-та сатылған әрбір төртінші гибрид-электромобиль Toyota-ның өнімі болып саналады. шығарған. Тағы бір айта кетерлігі – өткен жылы жапондар Америкада шығарылған 30 миллионыншы көлікті атап өтті. Ол 30 миллион көліктің 10 миллионы Camry екен.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қандай көліктер ҚҰНЫН ЖОҒАЛТПАЙДЫ?


АЛТЫ ДОҢҒАЛАҚТЫ автокөліктің қандай АРТЫҚШЫЛЫҒЫ бар?