«ҰРЫЛМАҒАН, СОҒЫЛМАҒАН...»: сатылымдағы көліктің «саулығын» қалай анықтайды?

0
6 845

Сырты бүтін деп, іші "түтін" көлікке ұрынып қалмаңыз.


«ҰРЫЛМАҒАН, СОҒЫЛМАҒАН...»: сатылымдағы көліктің «саулығын» қалай анықтайды?

Автокөлік базарында мүдделер шайқасы. Сатушы молырақ асасам дейді. Сатып алушы арзанға түсірсем дейді. Осы мақсатта әрқайсысы өзінше айла-амалдарға баруға мәжбүр. Сатушы көліктің кем-кетістігін жасырады. Алушы оны анықтауға тырысады.

Осы орайда «ұрылмаған, соғылмаған» деп анықтама берген көліктің шын мәнінде басынан не өткенін білуге көмектесетін тәсілдерді ұсынамыз.


Соғылған көліктің сипаты

Сатылымға шыққан көлікті тексерудің ең басты шарты – күндіз қарау. Танысыңыздан не алдын-ала келіскен кісіден кешкісін барып қарай салу үлкен қателікке ұрындыруы мүмкін. Бөлшектер бетіндегі өзгерістерді күндізгі жарықпен ғана анық көре аласыз. Сондай-ақ, көліктің жуылған, таза болуына да мән беріңіз. Жасыратын ештеңесі жоқ сатушы еш қорықпастан жарқыратып ұсынуға тиіс.


Көліктің соғылғанын, ұрылғанын білдіретін басты белгісі – зауыттық бояу үстіне екінші рет боялуы. Мұны екінің бірі еріккеннен не сән үшін жасай бермейді. Көбіне бояу сызат түскен жерлерді жасыру үшін жағылады. Сондықтан, бірінші кезекте оның боялған-боялмағанына мән беріңіз. Мұны есіктің жақтауларын мұқият қарау арқылы білуге болады. Анықтап қарасаңыз, боялған көлік есігінің жиектерінен екі бояу қабаты байқалады.


Әдетте, көлікті бояр кезде оның ұсақ детальдарын шешіп алып қояды. Осы кезде көлік иесі кей бекіткіш элементтерді жаңасына ауыстыруы мүмкін. Сондықтан, көліктің ұсақ-түйек бекіткіш детальдары зауыттық емес, жаңасына ауысқан болса да «апат ізін жасыру үшін боялған-ау» деп күмәндануға әбден болады.

Жол-көлік оқиғасына ұшыраудың тағы бір жанама белгісі – әйнектер мен шамдардың ауыстырылуы.


Бұдан бөлек, төрт дөңгелегін түгел мұқият тексеру де артықтық етпейді. Олардың әрқайсының тозу деңгейі түрліше болса, жүрілген уақыты да бірдей емес деген сөз. Бұл да көліктің басына біраз қиындық түсіп, бірнеше рет бөлшек ауыстыру, жөндеу жүргізілгенін білдіреді.


Көліктің есігін ашып-жапқанда қандай да бір қиындық, кедергі болса, бөтен дыбыс шықса, бұл есіктің бөтен көліктен көшіп келгенінің айғағы. Немесе орнынан алынып, қайта салынған. Екі жағдай да көбіне жол апатына түскеннен кейінгі жөндеуде ғана жасалады.


Қауіпсіздік жастықшасының бар-жоғына назар аударыңыз. Әдетте, көлік иелерінің көбі сату алдында жөндеу-реттеу жұмыстарын жүргізгенде жаңа қауіпсізідк жастықшасын орнатуды ескере бермейді. Егер көлік зауыттан шыққанда қауіпсіздік жастықшасы болып, сізге келгенде жоқ болса, неге олай екенін аңғару қиын емес.


Бұл – бірсыпыра лайфхактар ғана. Көптеген жыл бойы көлік рөлінде отырған кәнігі жүргізуші, көлік алып-сатумен айналысатын алыпсатарлар, басқа да осы жағынан білгені көп кісілер жан-жақты тексеріп, бұдан да мол мәлімет айтып бере алады. Сондықтан, ең дұрысы – сатылып жатқан көлікті тексерерде жаныңызға осындай жанашырды ерте бару.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Жүргізуді ЖАҢАДАН ҮЙРЕНГЕНДЕР қандай көлік алғаны жөн?


Жазғы дөңгелектерді қайда, қалай сақтаған дұрыс?