Жапонияда ҰШАТЫН мотоцикл САТЫЛА БАСТАДЫ

0
2 901

Қазір ешнәрсеге таңғалуға болмайды.


Жапонияда ҰШАТЫН мотоцикл САТЫЛА БАСТАДЫ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Біз күн сайын, тіпті сағат сайын бір жаңалық пайда болатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңді «технология дәуірі» деп атайтындар да баршылық. Сондықтан қазір ешбір ғажайып дүниеге таңғалудың керегі жоқ. Дегенмен, бір бірінің ізін ала жарыққа шығып жатқан өнертабыстардың ішінде де өзгеден ерекшеленіп тұратындары бар. Әсіресе, осыдан біраз жыл бұрын кинодан ғана көретін ұшатын көліктердің пайда болуы көпшілікті тәнті етуде. Бүгінгі мақалада сондай автоиндустрия саласындағы тың жаңалықпен таныспақпыз.


Осы уақытқа дейін дрон өнірумен айналысып келген жапониялық ALI Technologies hoverbayks атты компания дөңгелектері жоқ, ұшатын мотоцикл өндіріп, сатылымға шығарды. ХTurismo Limited Edition деген атаумен жарық көрген бұл көлік құралын 680 мың АҚШ доллары шамасында ақшасы бар кез келген адам сатып ала алады. Бұл қаршы теңгеге шаққанда 290 миллион теңгеден астам сомманы құрайды. Бір жолаушыны тасымалдауға арналған, салмағы 300 келі тартатын көліктің сынақ кезінде жерден бірнеше метрге көтерілуі үшін бір жарым минут уақыт кеткен.


Компания өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, ұшатын көлік құралы кәдімгі қозғалтқышпен және қуатты төрт аккумулятормен жабдықталған. Солардың қуатымен ұшатын мотоцикл 40 минут бойы сағатына 100 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Мотоциклді басқаруға «Ali» дрондарында сыналған технология қолданылады.


Аппараттың тағы бір ерекшелігі — ол су бетінен құтқару операцияларына көмектесе алады. Нақтырақ айтсақ, судан құтқаруға арналған ұшақтарға қажетті жабдықты жеткізу немесе жанармай құю қызметтерін орындауға қолайлы.


Бір қызығы компанияның бас директоры қоғамдық жолдарға арналған заңнамадағы шектеулерге байланысты ХТurismo Limited Edition мотоциклі жақын арада Жапония аумағында қолданыла алмайтынын айтқан. Дегенмен, компания ұшатын мотоциклдер өндірісі жарыс суперкарларын ұнатушылар немесе жолсыз жерде жұмыс істеуге мәжбүр құтқарушылар арқылы пайда табады деп үміттеніп отыр.

«Біз оны бірінші кезекте жаңа технологияларға қызығушылық танытатын адамдар пайдаланғанын қалаймыз. Тағы бір мақсат – оның табиғи апаттар кезінде жету қиын жерлерге жылдам апару қызметін атқарғанын қалаймыз», - дейді компанияның бас директоры Дайсуке Катано.


Аталған өндіріске Kyocera және Mitsubishi Electric сынды беделді де бай компаниялар инвестиция құйған. Өндіріс қуаттылығы жылына 200-ге жуық мотоцикл өндіруге жеткілікті.


Айта кетсек, ұшатын мотоциклге тапсырыс қабылдау өткен жылдың қазан айында басталып кеткен. Бірақ оны иелеріне жеткізу тек 2022 жылдың бірінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр.

деректер xturismo.com порталынан алынған


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Екі рөлі бар УАЗ-ды НЕ ҮШІН шығарғанын білесіз бе?


Көліктің "фары" НЕГЕ ТЕРЛЕЙДІ? Бұл ӨТЕ ҚАУІПТІ!