Жазғы шинаның шулы дауысы НЕЛІКТЕН қатты шығады?

0
5 055

Қазір барлық жүргізуші «летний» шина салып үлгерген шығар.


Жазғы шинаның шулы дауысы НЕЛІКТЕН қатты шығады?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кез-келген автокөлік жүргізушісі қыс немесе жаз мезгілі аяқталғасын, көлік доңғалағының маусымдық шинасын ауыстырады. Ал, соның ішіндегі жазғы шинамен жүргенде доңғалақ тұсынан шығатын шулы дыбыс күшейеді. Сондықтан, жазғы резеңке қысқы шинаға қарағанда неліктен қатты дыбыс шығарады деген сұраққа жауап іздеп көрейік.


Біз осы мақалада тек қана жазғы шинаның шулы дыбысы жайлы сөз қозғаймыз. Өйткені, кей жүргізушілер жазғы резеңкені салғаннан кейін өзгеше дыбыстар естіп, жағдайға алаңдай бастайды.


Алдымен біз әртүрлі маусымға арналған шина түрлерінің қандай айырмашылығы бар екенін түсініп алайық:

Біріншіден – оларды өндіруде қолданылатын резеңке қоспасының құрамы да әртүрлі болады. Өйткені олар әр мезгілде әртүрлі қызмет атқаруы тиіс. Мысалы, жаздық шина кез-келген ыстыққа шыдап, тозу процесіне максималды түрде төзімді болуы қажет. Ал, қысқы шиналар өндірісінде әлдеқайда жұмсақ резеңке қолданылады. Себебі, аяз кезінде резеңке кей материалдар сияқты қатып қалмай, қарлы-мұзды жолмен жақсы жанасуы керек.


Екінші айырмашылық – жолмен жүру режиміне байланысты. Мәселен, жазғы шиналардың протекторлары таяздау болса, қысқы резеңкелердікі қар мен мұз бақан көшемен жақсы жанасу үшін терең болып құйылады.


Енді екі түрлі мезгілге арналған шиналардың айырмашылықтарын түсініп болсақ, жазғы шиналардың шулы дыбысы неге қаттырақ болатыны жайлы айтайық:

Бізде жол салғанда қабатын толтыру үшін көп мөлшерде қиыршық тасты қолдануға рұқсат етіледі. Бұл асфальт жабынына қарағанда шинаға әлдеқайда өзгеше әсер етеді. Яғни, қиыршық тастар қозғалыс кезінде материалы қатты жазғы резеңкенің протекторына тиіп, қаттырақ дауыс шығарады. Ал, қиыршық тас әлдеқайда жұмсақ қысқы резеңке протекторына тисе, бұлай қатты шуылдамайды. Бұл – бір.


Жазғы шиналардан шығатын шудың екінші көзі – шинаның айналуы кезінде пайда болатын ауаның микро-түтіктері. Яғни жазғы шиналар жолда жылдам қозғалған кезде кең және үздіксіз протектор блоктарына енген ауа тез шығып кете алмай қалады. Ал, көптеген ойықтары мен бағыттары бар қысқы шиналардың протекторы ауаны барлық бағытта еш қиындықсыз өткізіп, шулы дыбыстың шығуына жол берілмейді. Сондай-ақ, кейбір өндірушілер жазғы шиналардың осындай шунан құтылу үшін протекторға арнайы бүйірлік ойықтар қосады.

Жазғы шиналардан шығатын шулы дыбыстың тағы бір себебі – үрленген желдің қысымы. Кей жүргізушілер дәл осы доңғалақ «желінің» қысымына мән бермейді де, не көп, не аз болып қалады. Алайда, ол қысымның да белгіленген межесі бар. Сондықтан ауа қысымын мамандарға тексертіп немесе өзіңіз біліп алып, әрдайым бақылауда ұстаған жөн. Доңғалаққа үрленген ауа қысымның 0,1-0,2 шкалаға төмендеуі шиналардың жолмен жанасуын жұмсартып, ыңғайлы әрі шусыз ететінін ұмытпаңыз. Бірақ, көлігіңізге ауыр жүк артатын болсаңыз шинадағы қысымды төмендетуге қатаң тыйым салынады.


Сондай-ақ, жазғы шинадан шығатын шуға себеп – шинаның өзі болуы мүмкін. Егер арзан шина салсаңыз, оның сапасы да төмен, құрамы да әлсіз болады деген сөз. Ал ондай шинадан шулы дыбыс шығуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, кейбір өндірушілер шинаның қаттылығын және оның жолдағы қауіпсіздігін арттыру үшін шиналардың жақтауын арнайы күшейтеді екен. Әлбетте, бұл тауардың қауіпсіздігін күшейтеді. Бірақ, мұндай резеңкелерден шу қатты шығатын көрінеді.

Сондықтан, жазғы шина таңдайтын кезде барынша сапалысын таңдауға тырысыңыз. Бірақ, қандай жағдай болмасын, жазғы шиналардан шулы дыбыс шығатыны заңдылық. Дегенмен, мұндай шудан құтыламын деп, құрамы жұмсақ қыстық шина салған дұрыс емес. Өйткені, суық мезгілге арналған резеңке ыстық ауа райында тез тозып кетеді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жазда ШАРШАҢҚЫ күйде көлік басқаруға БОЛМАЙДЫ


Көлік жүргізушісін ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА кесетін елдер де бар!