2 келі ҚЫЗАНАҚ пен алмадан КЕТЧУП дайындауға болады

0
2 798

Үйде өз қолыңмен дайындаған кетчуптың дәмі ерекше әрі дәмді болары сөзсіз.


2 келі ҚЫЗАНАҚ пен алмадан КЕТЧУП дайындауға болады

Кетчупты қалай және неден дайындайтынын білесіз бе? Әрине, оның құрамында қызанақ барын қызыл түсінен-ақ байқауға болады. Дегенмен, кетчупты үй жағдайында түрліше әдіспен дайындап, дастарханға ұсына аласыз.


Үй жағдайында дайындалған кетчуп


Қажетті өнімдер:

  • 2 кг қызанақ
  • 100 гр. қант
  • 20 дана ірі қара бұрыш
  • 10 дана кориандр
  • 40 гр. асханалық сірке су
  • 5 гр. тұз
  • Аскөк, ақжелкен және қалауыңызша дәмдеуіштер.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қызанақтардың қабығын аршып, жеміссабағын алып тастаймыз.
  2. Қызанақтың қабығын оңай аршу үшін көкөністі 15 секундтай қайнаған суға салып алыңыз. Сосын қабығын алып тастау қиынға соқпайды.
  3. Қызанақтарды орташа көлемде турап, кастрөлге салыңыз. Кастрөлді отқа қойып, 20 минут қайнату керек.
  4. Қайнатпаны блендерге салып айналдырып, сүзгіден өткізіп алыңыз.
  5. Сосын оны отқа қойып, қайнатамыз.
  6. Қызанақ тұздығын осылайша 2 сағаттай қайнатамыз. Осыдан кейін кетчупке қажетті қоспалардың бәрін салып, 10 минуттай қайнату керек.
  7. Дайын кетчупты сүзгіден өткізіп, суыған соң банкаға құйып қоюға болады. Егер кетчупты стерилденген банкаларға құятын болсаңыз, 1 жылға дейін сақтай аласыз.


Қызанақ пен сарымсақ қосылған кетчуп


Қажетті өнімдер:

  • 2 кг қызанақ
  • 30 гр. қант
  • 2 гр. тұз
  • 1 бас кішірек сарымсақ
  • Дәміне қарай ұнтақталған қара бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қабығы аршылған қызанақтарды орташа көлемде тураймыз. Табаға азырақ өсімдік не зәйтүн майын құйып, қызанақты саламыз да, шала қуырамыз.
  2. Табада қуырылған қызанақты сүзіп, блендермен араластырамыз.
  3. Сүзіп алынған қызанақ қуырмасын кастрөлге құйып, отқа қоямыз. Қайнатуды қоюланғанша жалғастырамыз.
  4. Кетчуптың дайын болуына 10-15 минуттай уақыт қалғанда қосымша дәмдеуіштерді, қоспаларды салып, қайнатамыз.
  5. Сарымсақтың қабығын аршып, арнайы құралмен еземіз де 5 минуттай қайнатамыз. Дайын кетчупты банкаларға құйып ала беруге болады.
  6. Кетчупты дайындауда ұзаққа созылатын процесс қызанақ қуырмасын қайнатуға кетеді. 2-3 сағаттай қайнаған уақытта кетчуп дайын дей берсеңіз болады.


40 минутта дайын болатын кетчуп


Қажетті өнімдер:

  • 3 кг қызанақ
  • 30 гр. тұз
  • 5 гр. кез келген кептірілген дәмдеуіш шөптер
  • 4-5 дана пияз
  • 30 гр. қант
  • 1 шым-шым чили бұрышы
  • 40 мл асханалық сірке суы
  • 60 гр. крахмал

Дайындалу тәсілі:

  1. Көкөністердің барлығын турап, блендермен немесе еттартқышпен майдалаймыз. Барлығын езілгенше айналдыру керек.
  2. Блендерден өткізілген езбеге дәмдеуіштер мен сірке суын, тұзды, қантты салып, жақсылап араластырамыз.
  3. Араласпаны кастрөлге құйып, отқа қойыңыз. Қызанақ езбесін араластыра отырып, жарты сағаттай қайнатамыз.
  4. Кетчупты оттан алып, 3 ас қасық крахмал саласыз. Барлығын жақсылап араластырып, қайтадан отқа қойып 10 минут қайнату керек.
  5. Кетчупты оттан алып суытып, банкаларға құйыңыз.
  6. Кетчуптың ащылау болғанын қаласаңыз, сарымсақты немесе чили бұрышын көбірек қосуға болады.


Алма мен қызанақтан дайындалған кетчуп


Қажетті өнімдер:

  • 1 дана пияз
  • 1 дана алма
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 1,25 гр. қызанақ
  • 1-2 шай қасық тұз
  • 5 дана қалампыр
  • 0,5 шай қасық даршын
  • 0,5 шай қасық қара бұрыш
  • 1,5 ас қасық сірке су.

Дайындалу тәсілі:

  1. Кетчупке қосатын барлық көкөністерді дайындап аламыз. Пияздың қабығын аршып, болгар бұрышын дәндерінен тазалаймыз да, ірілеп тураймыз. Қызанақ пен алмаларды да ірі көлемде турап, қабығын аршимыз.
  2. Туралған көкөністер мен алманы мультипештің қазанына салып, «бұқтыру» батырмасын басып, 2 сағатқа қоямыз.
  3. 2 сағаттан соң бұқтырылған көкөністер мен алманы блендерге салып езбе жасаймыз. Енді кетчупке қалампыр, даршын және ұнтақталған қара бұрышты салып араластыру керек.
  4. Араласпаны қайтадан мультипеш қазанына құйып, «бұқтыру» батырмасын басамыз. «Қуыру» батырмасына қойып дайындауға да болады. Дәміне қарай тұз, қант, сірке суын қосып, 20 минуттай бұқтырамыз. Дәмін көріп, қажетінше тұз, қант қоссаңыз болады.
  5. Ыстық кетчупты банкаларға құйып, қыс мезгіліне сақтасаңыз да, дайын кетчуп бұзылмайды. Банкаларға құйылған кетчуптың қақпағын бұраған соң төңкеріп қою керек.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Кәді мен баялды қосылған ең дәмді пісірме


Мына 7 көкөністі қыс мезгіліне міндетті түрде сақтап қойыңыз


Асқабақтан ТӘТТІ де ДӘМДІ десерт ПІСІРУГЕ болады