​Қазіргі ХИТ тағам: Тәтті капкейктер

0
7 332

Капкейк пісіріп көрдіңіз бе? Тәттілерді ұнататындар капкейктің дәмін көрсе, оның тіл үйірер дәмін еш ұмытпасы анық.


​Қазіргі ХИТ тағам: Тәтті капкейктер

Капкейк – американша кекс түрі. Тіпті, оның «ертегідегідей торт» деген атауы да бар. Капкейктерді жасау соншалықты қиын емес. Егер тәттіге құмар жан болсаңыз, үй жағдайында өзіңіз де пісіре аласыз. Ендеше капкейк дайындауды үйреніп алайық.


Шоколад қосылған капкейк

Қажетті өнімдер: Қамырына:

  • 100 гр. сары май
  • 60 гр. шоколад
  • 140 гр. қант
  • 2 дана жұмыртқа
  • 130 гр. ұн
  • 50 гр. какао ұнтағы
  • 100 гр. қаймақ
  • 1 шай қасық қамырқопсытқыш
  • Крем үшін:
  • 50 гр. кілегейлі ірімшік (сливочный сыр)
  • 80 гр. сары май
  • 80 гр. қант ұнтағы
  • 80 гр. шоколад

Дайындалу тәсілі:

  1. Шоколадты бірнеше бөлікке бөліп, оған сары майды саламыз да, отқа қойып ерітеміз. Микротолқынды пешке салып ерітуге де болады. Осылайша еріген шоколад пен сары майды суытамыз.
  2. Осы араласпаға қант қосып, жақсылап араластыру керек. Жұмыртқаны қосып, тағы да араластырамыз. Сосын қаймақ пен какао, қамырқопсытқышпен араласқан ұнды саламыз. Ұнды електен өткізуді ұмытпаймыз. Барлығын жақсылап араластырсаңыз, қою қамыр пайда болады.
  3. Дайын қамырды формаларға құйып, 180 градусқа қыздырылған пеште 30 минуттай пісіру керек. Сосын кекстерді суытып, бетін креммен әсемдейміз.
  4. Кремді дайындау үшінсары май, кілегейлі ірімшік, қант ұнтағы мен шоколадты пайдаланамыз. Ең алдымен шоколадты ерітеміз. Сары май мен кілегейлі ірімшікті миксермен араластыру керек. Қант ұнтағын қосып, содан соң ғана шоколадты құямыз.Араласқан, дайын кремдікекстің бетіне құямыз. Сонда өте әдемі капкейктер де дайын болады.


Салма салынған капкейктер


Қажетті өнімдер:

  • 3 дана жұмыртқа
  • 170 гр. қант
  • 170 гр. ұн
  • 120 гр. сүт
  • 60 гр. сары май
  • Ас содасы мен 1 гр. ванилин
  • Крем үшін:
  • 500 гр. кілегей
  • 5 ас қасық қант ұнтағы қажет.

Дайындалу тәсілі:

  • Ең алдымен ұнды електен екі-үш қайтара өткізіп, ас содасымен, бір шым-шым ванилинмен араластырамыз. Осылайша ұнды електен өткізсеңіз капкейктер өте жақсы көтеріліп пісетін болады.
  • Табаққа жұмыртқа мен қантты салып, миксермен араластырамыз. Барынша көпіршітіп, араласпаның екі есе көтерілгенінше араластыру керек.
  • Басқа табаққа сүтті құйып, сары майды саламыз. Отқа қойып, қайнатамыз. 2-3 минут қайнаған соң оттан аламыз.
  • Осылайша көміршітілген жұмыртқа араласпасына ұн мен сүт араласпаларын кезектестіре отырып аз-аздан қосамыз. Сосын венчикпен жақсылап араластырамыз.
  • Дайын болған қамырды арнайы кекске арналған формаларға құямыз. Пешті 180 градусқа қыздырып, капкейктерді 25 минут бойы пеште пісіреміз.
  • Сарғайып піскен капкейктерді пештен алып суытамыз. Содан соң кекстердің ортасынан азырақ қамырын алып тастап, оның орнына қойылтылған сүт немесе жеміс-жидектен жасалған джем салуға болады.
  • Енді капкейктерге арналған кремді дайындайық. Ол үшін кілегей мен қант ұнтағын миксермен араластыру керек. Кремге айналған араласпаны арнайы кондитерлік пакетпен кекстердің бетіне құйып шығамыз. Осылайша дайын болған капкейктерді тоңазытқышқа салып, бірнеше сағаттан кейін дастарханға ұсына беруге болады.


Балаларға арналған капкейктер

Қажетті өнімдер:

  • Қамыр үшін: 200 гр. ұн
  • 150 гр. қант
  • 120 мл сүт
  • 1шым-шым сүт
  • 100 гр. сары май
  • 2 дана жұмыртқа
  • 1 шай қасық қамырқопсытқыш
  • Дәміне қарай ванилин қосылады.
  • Мастика үшін: миксермен көпіршітілген кілегейлі ірімшік.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қант пен майды бір қалыпты массаға айналғанша миксермен араластырамыз.
  2. Сосын жұмыртқаны, ванилин мен тұзды қосып, тағы да миксерлеу қажет.
  3. Артынша сүтті құйып, барлығын бірқалыпқа келгенше араластыру керек.
  4. Ұнды електен өткізіп, қамырқопсытқышпен араластырамыз.
  5. Електен өткен ұнды басқа қоспалармен араластырып, дайын қамырды формаларға құйып шығамыз. Осылайша дайындалған кекстерді енді қыздырылған пешке салып пісіру ғана қалды. 30 минуттан соң кекстер де дайын болады.
  6. Капкейктің бетін матикамен әрлеп, дастарханға ұсынамыз. Астарыңыз дәмді болсын!


«Қызыл барқыт» капкейктері


Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. ұн
  • 10 гр. какао ұнтағы
  • 150 гр. қант
  • 5 гр. қамырқопсытқыш
  • 90 гр. өсімдік майы
  • 150 гр. кефир
  • 2-3 дана жұмыртқа
  • 1 шай қасық қамыр бояғыш
  • Крем үшін:
  • 90 гр. сары май
  • 225 гр. сүзбелі ірімшік (творожный сыр)
  • 75 гр. қант ұнтағы
  • 10 гр. ванильді қант.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен табаққа құрғақ қоспаларды араластырып аламыз. Ұн, қант, какао және қамырқопсытқышты араластырамыз.
  2. Бөлек табаққа сұйық қоспалар, яғни, жұмыртқа, өсімдік майы мен кефирді саламыз. Осы араласпаға қамыр бояғышты салып, тағы бір араластырып жіберу керек. Миксермен араластыру керектігін естеріңізге саламыз.
  3. Енді құрғақ және сұйық қоспаларды араластырамыз. Қасықпен араластырсаңыз да жетіп жатыр. Миксерді қолданудың қажеті жоқ.
  4. Содан соң дайын қамырды кекске арналған формаларға құйып, пеште пісіріп ала береміз. 20 минутта капкейктер де дайын болады. Капкейктер піскенше кремін дайындап алайық.
  5. Сары майды тоңазытқыштан алдын ала шығарып, жұмсартып аламыз. Сары майды қант ұнтағымен, ванильді қантпен араластырып, жақсылап миксерлейміз.
  6. Сосын сүзбелі ірімшікті қосып, біркелкі массаға айналғанша араластырамыз.
  7. Ал, пісіп шыққан капкейктерді суытып, креммен әсемдейміз.

Дайындаған: Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


«ЦЕЗАРЬ» салатының тағы да ЕРЕКШЕ ҮШ ТҮРІ бар


МАЙОНЕЗ қосылмаған салаттар ЖАҢА ЖЫЛДА дастарханыңызды жайнатады


Сүзбеге не қосып жеуге болатынын білесіз бе?