Банка жабу науқаны әлі де жалғасуда. Салат жабудың жөні бөлек. Ал, қызанақ пен қиярды маринадтау соншалықты оңай шаруа емес. Көбіміз бұл көкөністерді бүтіндей жауып аламыз. Ал, бүгін біз қияр мен қызанақты турап, жеуге ыңғайлы қалыпта жабатын боламыз.
Тек қана қызанақтан дәмді етіп маринад жасаңыз
Қажетті өнімдер:
- 1 кг қызанақ
- 8 тіс сарымсақ
- Дәміне қарай насыбайгүл
- 20 дана ірі қара бұрыш
- 1 л су
- 1,5 ас қасық тұз
- 2 ас қасық қант
- 0,75 шай қасық лимон қышқылы
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен қызанақтарды тазалап жуып алыңыз. Әрбір қызанақты ортасынан бір бөліп, сосын тағы да сол жартысын екіге немесе үшке бөлу керек.
- Насыбайгүлді жуып, сарымсақтың қабығын аршыңыз.
- Енді банкаларды стерилдеп, ірі қара бұрыштың бірнеше түйірін саламыз. Сарымсақтан да салыңыз.
- Содан соң туралған қызанақ пен насыбайгүлді салып, кейіннен қайтадан банканы толтыра қызанақты салу керек. Оның бетінехош иісті насыбайгүлдің 1-2 сабағын салуға болады.
- Кастрөлге су құйып қайнатып, қызанақ салынған банкаға құямыз. Қақпағын жауып, осылай 10 минутқа қалдырамыз. Кейіннен банкалардағы суды қайтадан кастрөлге құйып, бір қайнатып жібересіз де банкаға құясыз.
- 10 минут өткен соң суды кастрөлге құйып, қайнатамыз. Осы суға қант, тұз, лимон қышқылын саламыз. Су қайнаған соң, 1-2 минут оттан алмайсыз. Тұздықтың дәмін көріп, қай дәмдеуіш аз болса соны қосып жіберіңіз. Содан соң дайын маринадты банкаларға толтыра құйып шығасыз.
- Банкалардың қақпағын бұрап жауып, төңкеріңіз де, сыртынан жылы орап қойыңыз. Дәл осылай жабылған қызанақтың дәмі өте керемет болады!
Маринадталған қияр мен ащы бұрыш
Қажетті өнімдер:
- 1 кг қияр
- Сарымсақ, ащы бұрыш
- 1 л су
- 2 ас қасық тұз
- 3 ас қасық қант
- 4 ас қасық сірке суы
Дайындалу тәсілі:
- Алдымен қиярды салқын суға салып қою керек. Сосын судан алып, екі басын кесіп тастайсыз. Сарымсақтың қабығын аршып, жуып қойыңыз.
- Банкілерді де тазалап жуып, зарарсыздандырасыз. Қақпақтарды қайнату керек. Қызыл бұрышты турап, әрбір банкаға салыңыз. Аскөкті де бөліп-бөліп шамалап салуға болады. Бірнеше тіс сарымсақ пен ірі қара бұрышты да саласыз.
- Енді қиярды дөңгелектеп турау ғана қалды. Қалыңдығы 1-1,5 см болса жеткілікті.
- Сөйтіп туралған қиярды банкаға салып, бір сілкіп жіберіңіз. Артынша қайнап тұрған суды құйып, қақапағын жауып 10-15 минутқа қалдырыңыз. Осы уақыт өткеннен кейін банкалардағы суды кастрөлге құйып алып, қапйнатасыз да, қайтадан банкаларға құясыз.
- 10 минут тұрғаннан кейін суды кастрөлге төңкеріп, қант пен тұз салыңыз. Қалауыңызша қыша мен кориандр қоссаңыз болады. Соңында сірке суын құйып, 5 минуттай қайнатыңыз да, банкаларға құйып шығыңыз.
- Енді банкалардың қақпағын мықтап бұрап, төңкеріп қоя беріңіз. Қыстық салаттарды, маринадталған қияр мен қызанақты салқын жерде сақтаған дұрыс.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: