Қорықпаңыз, кез келген жанның қолынан келеді.
Жаңа жылда қонақтарға қандай тағам дайындаймын деп басыңыз қатып жүр ма? Ендеше өте дәмді әрі ерекше кәуаптардың бірі – "Люля-кебаб" пісіріп көріңіз. Мына 3 мәзір үйде әзірлеуге өте қолайлы.
Тауық пен сиыр еттерінен дайындалған люля-кебаб
Қажетті өнімдер:
- 800 гр. сиыр еті
- 250-300 гр. тауықтың төс еті
- Балғын ақжелкен мен күнзе
- 3 дана пияз
- 2-3 бөлік сарымсақ
- Етке арналған дәмдеуіштер (хмели-сунели, кептірілген сарымсақ, майоран, кориандр, ұнтақталған қара бұрыш)
- Тұз.
Дайындалу тәсілі:
- Сиыр етін еттартқыштан өткіземіз немесе өткір пышақпен майдалап тураймыз.
- Ал, тауықтың төс етін блендермен майдалаймыз. Егер сиыр еті құрғақтау болса, тауық етінің сыртқы жылтыр қабатын алмай-ақ қоюға болады.
- Сиыр еті мен тауық етін бір табаққа салып, барлық дәмдеуіштерді қосу керек. Дәмдеуіштердің барлығын қосқанда 1 ас қасықтай шығуы тиіс. Тұз бен майдалап туралған аскөкті қосуды ұмытпаймыз.
- Пиязды да майдалап тураймыз.
- Есте сақтаңыз, пиязды міндетті түрде майдалап турау қажет. Егер езіліп кетсе не керісінше ірі туралған болса, ол барлық қоспаларды шампурда біріктіріп ұстап тұра алмайды.
- Егер дәмдеуіштердің арасына кептірілген сарымсақты қоспаған болсаңыз, 1-2 тіс балғын сарымсақты езіп қосуға болады.
- Барлығын жақсылап араластырып, ұрғылай бастаймыз. Ол үшін еттің біраз бөлігін уысымызға салып, қайта тастаймыз. Әбден араласқан фаршты асханалық пленкамен орап, 3 сағаттай тоңазытқышқа салып қоямыз.
- Осы уақыт өткеннен кейін, фаршты алып, 6 бөлікке бөлеміз де, сопақша кәуаптар жасаймыз. Сөйтіп әрқайсысын шампурға қадаймыз. Жан-жағын тегістеп, қысып, әдемі люля-кебаб жасаймыз. Дайын шампурларды кәуап пісіруге арналған мангалға қойып, пісіре бастаймыз. Бірақ та әрбір жарты минут сайын кәуапты айналдырып отыру керек. Әйтпесе еттері босап, түсіп кетуі мүмкін. Сонда 15-20 минутта Люля-Кебабымыз да дайын болады.
Табада піскен люля-кебаб
Қажетті өнімдер:
- 1 кг тартылған қой еті
- 2-3 дана пияз
- 200 гр. қойдың құйрығы
- Дәмдеуіштер: зире, кориандр, қара бұрыш
- Дәміне қарай тұз
- Жарты ас қасық өсімдік майы
Дайындалу тәсілі:
- Фаршты табаққа салып, қолмен араластырамыз.
- Қойдың құйрығын майдалап тураймыз. Пиязды да дәл солай майдалап турау қажет. Блендермен майдалауға да болады. Барлығын фарш салынған табаққа саламыз.
- Сосын дәмдеуіштерді салып, барлығын жақсылап араластырасыз. Кориандрдан 1 ас қасық, зире мен қара бұрыштан жарты ас қасықтан салуға болады. Тұздауды да ұмытпаңыз. Енді фаршты әбден араластырып, ұрғылап, 10 минуттай уақытты арнайсыз. Бұл кезеңге барыңызды салыңыз. Осылайша дайындалған фаршты кемінде 3 сағат міндетті түрде тоңазытқышқа салып қою керек. Түні бойы қалдыруға да болады.
- Осылайша тұрған етті тоңазытқыштан алып, тағы да мыжғылаймыз. Содан соң фарштан кәуаптар жасап, оны шпажкадан өткізесіз. Шпажка мен фарштың арасына саңылау қалмауы керек.
- Табаны отқа қойып, май құйып қыздырып, кәуаптарды саламыз. Кәуаптың төрт жағын ауната отырып 5 минуттан пісіресіз. Содан соң отты барынша жай қойып, кәуаптың әрбір шетін 10 минуттан пісіресіз. Дайын болған люля-кебабты аскөктермен, көкөністермен дастарханға ұсынуға болады.
Мультипеште дайындалған люля-кебаб
Қажетті өнімдер:
- 0,5 кг ет
- Тұз, дәмдеуіштер
- 1 дана ірі пияз
- 4 тіс сарымсақ
- Әсемдеуге:
- 1 дана пияз
- Аскөк
- Көкөністер
- Кетчуп немесе кәуапқа арналған басқа тұздық.
Дайындалу тәсілі:
- Етті жуып, кептіресіз. Сосын майдалап турайсыз. Пияз бен сарымсақты да дәл солай майдалап турау қажет. Сосын еттартқыштан өткізесіз.
- Дәміне қарай тұз, дәмдеуіштерді салып, барлығын жақсылап араластырасыз. Егер қаласаңыз, майдалап туралған аскөкті қосуға да болады.
- Дәм деуіштің дайын түрін сатып алуға да, қолда барларды араластырып, жасауға да болады. Ол үшін қызыл, қара бұрышты, зире мен насыбагүлді, кориандр мен хмели-сунели дәмдеуіштерін араластырып, 1-1,5 ас қасықтай қосасыз.
- Фаршты барынша ұрғылап, мыжғылап араластырасыз. Үстелге ұрғылап, 10-15 минут осылай мжасаған да дұрыс.
- Сосын фаршты асханалық пленкамен орап, тоңазытқышқа салып қою керек.
- 3-4 сағаттан соң фаршты алып, сопақша котлеттер жасаймыз. Сөйтіп шпажкадан өткізіп, барынша жабыстырамыз.
- Егер мәльтипешіңізде «Мультиповар» батырмасы болса, сол функция бойынша пісіруге болады. Ондай батырма болмаған жағдайда жай ғана «Қуыру» батырмасын пайдалансаңыз болады. Пештің температурасы 120 градусқа дейін көтерілгені дұрыс. Кәуапты пешке салып, әрбір шетін 5 минуттан пісіріп, айналдырып отырасыз. Мультипеш қазанына азырақ май құюды ұмытпаңыз.
- Дайын люля-кебабты туралған пиязбен, аскөктермен немесе көкөністермен ұсынуға болады. Кәуапқа арналған тұздықты жасасаңыз да өз еркіңіз.
Астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
Тағы да оқыңыз:
«АЛҒАШҚЫ ҚАР» торты - қыста дастарханыңыздың көркін ашады
Жұмыртқадан дайындалатын ең оңай 3 таңғы ас