Шымкенттік КОНДИТЕР торт пісіріп-ақ 500 МЫҢ теңгеден астам табыс табады (сұхбат)

0
6 287

"Кондитер болғысы келетін қыз-келіншектерге асханада ұйықтауды үйрене беру керек".


Шымкенттік КОНДИТЕР торт пісіріп-ақ 500 МЫҢ теңгеден астам табыс табады (сұхбат)

Жарқынбекова Гүлбану қазіргі таңда «Торттар ханшайымы» атанып жүр. Оның жасаған тәттілері өте әдемі әрі дәмді екеніне күмәніміз жоқ. Себебі қарапайым халықтың көзі қырағы ғой. Жақсыны да, жаманды да бірінші болып танитын халық. Гүлбануды да халық «Торттар ханшайымына» айналдырып, бүгінгі таңда сүйікті кондитерлер қатарына қосып отыр.

Шымкент қаласының тұрғыны, жас кондитер «Шоу ТОРТ-2021» тортының авторы Жарқынбекова Гүлбану Ғаниқызы (инстаграм парақшасы @banu_zharkinbekova) «Дастархан» айдарында қонақта.


- Жақында ғана ең үлкен торт жасап, инстаграмда жұлдыз болдыңыз? «Шоу-тортты» жасауға қанша күн уақытыңыз кетті?

- Мен бұл тортты жасауды 4 жыл армандадым. Басында соншалықты үлкен тортты жасауға жүрексініп, қорқақтайтынмын. Бірақ мастер-кластарға қатысып, білімімді шыңдап, қорқынышымды жеңгеннен кейін, тәуекелге бел байладым. Ең алғаш ағам мен жеңгемнің тойына салмағы 50 кг, биікті 3,5 метрлік торт пісірдім. Тортты көргендер әрине таңданысын жасыра алмады. Бұл тортты дайындауға 3 күндей уақыт кетті. Тойға дейін ұйықтамай, аяғымнан тік тұрып осындай керемет тортты дайындап шықтым.

- 3 күн уақытыңызды жұмсап пісірген торттың шығыны қанша болды?

- Торттың жалпы құны 350 мың теңге тұрады. Ал, кеткен шығын ұсақ-түйек заттарды қоспағанда 200 мыңның үстінде деп айтуға болады. Шығын шықпай, кіріс кірмейтіні белгілі. Бірақ та бұл жерде қаншама ұйқысыз түндерді айтпағанда, бар алған білімім мен табандылығымның, еңбекқорлығымның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздім.


- 18 жасыңызда «Жыл блогері» атаныпсыз. Барлығы қалай басталды?

- Иә, 18 жасымда «Ең үздік мерекелік торттар» номинациясы бойынша «Жыл блогері» атандым. Сол кездегі бақытты сәтімді дәл қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанышымда шек болмады. Менің инстаграм парақшамда сол сәттегі видеолар бар. Мұны көрген және басынан өткізген жан ғана менің сезімімді түсінеді деп ойлаймын.

Бәрі де менің қызығушылығымнан басталды. 15 жасымнан бастап торт пісіруге қызыға бастадым. Ата-анамның қарсылығына, тіпті, өзімнің денсаулығымның сыр бергеніне де қарамастан мен кондитерлікті оқи бастадым. Ең алғашқы сабақты ақтөбелік @samal_cakes-тен алған болатынмын. Осы мастер-класқа қатысқаннан кейін тапсырыстар қабылдап, табысым мен берекем арта берді.

- Қазіргі таңда жас болсаңыз да бас болып отырған жағдайыңыз бар. Кондитер ретінде айтыңызшы кез келген әйел кондитер бола ала ма?

- Адам деген Аллаһ тағаланың ең керемет жаратылысы ғой. Соның ішінде әйел затының бойына түрлі қасиеттерді берген екен. Сол себепті де барлық әйелде жұмысына деген үлкен махаббат болса алынбайтын қамал жоқ.


- Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме?

- Иә, әрине есімде. Ең алғаш 5 мың теңгеге тапсырыс қабылдаған болатынмын. 2018 жылы бұл қарапайым халық үшін өте қымбат торт саналатын. Ата-анам да «5 мың теңгеге кім тортқа тапсырыс береді? Қай ақымақ ол осынша ақшаға торт жейтін?» деп таңданыстарын жасыра алмады. Бірақ та кондитерлікті жақсылап меңгергеннен кейін, дипломы бар кондитер болған күннен бастап 20 мыңдық, 50-60 мыңдық торттарға тапсырыс қабылдадым. Аллаға шүкір, қазіргі таңда тұрақты клиенттерім бар. Айына 500 мыңнан жоғары табыс табамын. Кішігірім жеке кондитерлік үйім де бар. Мұның барлығы маған оңайлықпен келген жоқ. Барлығы да еңбектің, ата-анам мен бауырларымның қолдауының арқасында деп ойлаймын. Кезінде торт пісіруге қажетті құралдарды 20 теңгеден 1 ай бойы жинап, алған заттарым бар. Сол заттардың бәрі мен үшін өте ыстық әрі бағалы.


- Қазіргі таңда қанша торт түрін жасай аласыз?

- 50-ден аса торт түрін пісіре аламын. Бұдан бөлек кез келген тәттіні, ұнап қалған торттарды жасап көруге қорықпаймын.


- Сіз жасаған торттардың клиенттерге ұнамай қалған кезі болды ма? Мұндай ситуациядан қалай шығасыз?

- Ондай жағдай барлық кондитердің басынан өтеді деп ойлаймын. Менің клиенттерімнің арасында да ұнатпай қалғандары болды. Алайда, солжаман пікір айтқан клиенттің өзі екінші рет тапсырыс берген кездері де жоқ емес. Осындайда «жаңылмайтын жақ болмайды» деуден басқа амалың жоқ. Дегенмен, клиентке тортым ұнамаған жағдайда мәдениетті түрде кешірім сұрап, ілтипатпен шығарып саламыз. Жалпы, клиенттерім «довольный» десем артық айтқаным емес. Әрқашанда ақ баталарын беріп, рахметтерін жаудырып жатады.


- Ал, мына тортты қалай жасадыңыз? Кімнің идеясынан туындаған?

- Мен әрқашанда жаңашылдыққа, әдемілікке құмартамын. Бұл торт көзге ота жасайтын дәрігеріне арналып жасалған. Ол кісі көздің пішініне ұқсайтын торт жасап берсеңіз деп ұсыныс білдірді. Сосын клиентпен ақылдаса отырып, ізденудің арқасында осындай тортты жасап шығардық. Клиентім де өте риза болып, алғысын білдіргені әлі күнге дейін есімде.


- Кондитер боламын дейтін қыз-келіншектердің бойында қандай қасиеттер болу керек?

- Ең бірінші ұйқыны ұмыту керек. Себебі басында көптеген ұйқысыз түндерді басыңыздан өткізесіз. Білім алу, бір нәрсені үйреніп өз бойыңа сіңіру оңай дүние емес. Сол себепті де кондитер болғысы келген жан асханада ұйықтауға үйрене берсін (күліп), яғни, ұйқыны ұмытады. Екіншіден, өте-өте сабырлы адам болуы керек. Сабырлылық пен шыдамдылық сізді биіктерге жетелейді.


- Сізді қандай тілек шабыттандырады?

- Маған сенім білдіріп, ақ тілектерін арнайтын қымбатты, аса бағалы оқырмандарым мен тапсырыс берушілерден «Әлемге танымал кондитер болыңыз» деген лебізді естігенде ерекше қуанамын. Бұдан бөлек, айтылып жатқан тілектер өте көп. Барлығына ризамын!


- Гүлбану, әсерлі әңгімеңізге алғысымыз шексіз! Биіктерге самғай беріңіз!

Сұхбаттасқан – Құрманкүл Өмірзаққызы.

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Етті ОСЫЛАЙ сақтаса 2-3 ай бойы БҰЗЫЛМАЙДЫ


Пирогтың ДӘМДІ болуы ішіндегі САЛМАСЫНА байланысты