Сірке суын таңдағанда неге мән беру керек?

0
5 555

Сірке суын көп қолданасыз ба? Оны сатып аларда неге мән беру керектігін білесіз бе?


Сірке суын таңдағанда неге мән беру керек?

Сірке суы - көкөністер мен жемістерді консервілеу кезінде қолданылатын бактерия өлтіргіш қышқыл болып табылады. Оның үстіне сірке суы тағамға ащы дәм береді. Аталмыш қышқылдың түрі де өте көп. Оны біз үнемі асханада пісірмелерді дайындауға да қолданып жүргеніміз рас. Сондықтан да сірке суын таңдауда неге мән беру керектігін және қандай түрлері бар екендігін біліп алғанның артықтығы жоқ болар.


Синтетикалық сірке суы

Сірке суының бұл түрі түссіз болып келеді. Сатылымдағы атаулары:

  • Эссенция
  • Сірке қышқылы
  • Асханалық сірке су

Ағаш үгінділерінен жасалатын синтетикалық сірке суы бірнеше химиялық өңдеулерден өтеді. Осылайша өңделген сұйықтықты жақсылап тазартып, содан кейін ғана пайдалануға шығарады.


Спиртті сірке суы

Консервілеу кезінде сірке суының дәл осы түрі пайдаланылады. Бұл сұйықтық ашытқы мен су ерітіндісі қоспасын араластыру арқылы жүзім мен алма шараптарының қышқылдануынан пайда болады. Асханада 9 пайыздық спиртті сірке суын қолданады. Спиртті сірке суы да түссіз болып келеді. Онымен тағамдар ерекше дәмге ие болып, жұмсара түседі.


Алма сірке суы


Аталмыш қышқылды бактериялардың көмегімен алма шырынын ашыту арқылы дайындайды. Алма сірке суы көбіне кулинарияда жақсы қолданысқа ие. Бірақ консервілеу кезінде бұл сірке суына сенімділік танытатындар аз.

Синтетикалық алма сірке суы мен табиғи түрін ажырата білу керек. Табиғи сірке суының қышқылдық мөлшері – 3-5% болса, химиялықта – 9%-ды құрайды. Сондай-ақ, табиғи сір ке суы құйылған ыдыстың түбіне қоңырқай тұнба жиналатынын да естен шығармаған дұрыс.


Шарап қышқылы

Шарап қышқылы шарап секілді ақ және қызыл түсті болып шығарылады. Сірке суының бұл түрін көбіне көкөніс салаттары мен ыстық тағамдарды әзірлеу кезінде пайдаланады. Оның құрамы пайдалы заттарға бай.


Сірке суын немен алмастыруға болады?

Асқазанның ойық жарасы, асқазан мен 12 елі ішек ауруларында, панкреатит кезінде, бүйрек, бауыр ауруларында сірке суын аздап қолданған дұрыс. Не болмаса оның орнын қарақат, итбүлдірген немесе мүкжидек шырындарымен алмастыра аласыз. Тұздық дайындау үшін 1 стақан шырынды 1 литр сумен араластыру керек. Осындай тұздықпен көкөністерді маринадтауға болады. Қияр мен кәдіге қышқыл дәм беру үшін лимон қышқылын пайдаланған дұрыс. 1 литр тұздыққа 0,5 шай қасық лимон қышқылын қосқан жеткілікті.


Сірке суының сапалы түрін қалай таңдаймыз?

Мына төмендегі кеңестер сізге сірке суын дұрыс таңдауға көмектеседі:

Затбелгісін мұқият оқып шығыңыз. Егер оның құрамында консерванттар, иіс күшейткіштер мен бояулар, басқа да синтетикалық қоспалар көп болса, орнына қайта қоя салыңыз.

Сірке суының түбіне қоңырқай тұнба жиналса, күдіктенудің еш қажеті жоқ. Бұл табиғи сірке суының белгісі болып табылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей синтетикалық сірке суына мұндай тұнба шоғырланбайды.

Шыққан күніне мән беріңіз. Табиғи сірке суын шыққан күнінен бастап 4 жылға дейін пайдалануға болады. Ал, химиялық сірке суды 5 немесе одан да көп уақыт сақтай аласыз.

Сірке суын таңдағанда оның пайыздық көрсеткішіне де қарап алыңыз. Табиғи өнімде оның қышқылдылығы 5-9 пайыздан аспауы қажет.

Сірке суы шыны ыдыста өз құрамы мен түсін жоғалтпайтындықтан осындай өнімді таңдасаңыз қателеспейсіз. Ал, пластмасса бөтелкелерде қышқыл жақсы сақтала қоймайды.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Тартылған еттің өте дәмді болғанын қаласаңыз, мына 5 әдісті жасап көріңіз


"Люля-Кебаб" пісіре аласыз ба? Оп-оңай 3 тәсілі бар


«АЛҒАШҚЫ ҚАР» торты - қыста дастарханыңыздың көркін ашады