Сүзбе ақуызға бай пайдалы тағамдардың бірі. Оны балалар да, ересектер де сүйіп жейді. Ал, сүзбе қосып дайындалған күлшелердің зиянды болуы мүмкін емес.
Сүзбе бен қаймақтан өте жұмсақ бөлішке
Қажетті қоспалар:
- 2 дана тауық жұмыртқасы
- 3 ас қасық қант
- Шым-шым тұз
- 10 гр. ванильді қант
- 15 гр. қамыр қопсытқыш
- 2 ас қасық сүт
- 250 гр. ұн
- 250 гр. жұмсақ сүзбе
Дайындалу тәсілі:
- Табаққа сүзбе, жұмыртқа, қант, ванильді қант пен тұз салып, венчикпен барлығын араластырамыз. Ұнды електен өткізіп, қамыр қопсытқышпен араластырып, жұмсақ қамыр илеу керек.
- Табаға пергамент қағазын салып, май жағамыз. Қолымызды сулап, дайын қамырдан дөңгелек бөлішкелер жасап, табаға қойып шығамыз.
- 180 градусқа қыздырылған пеште бөлішкелер 15 минутта дайын болады.
- Піскен бөлішкелерді табадан алып, бетіне сүт жағып, қант немесе қант ұнтағын себелеуге болады.
Сүзбе салынған нан
Қажетті қоспалар:
- 500 гр. сүзбе
- 400 гр. ұн
- 230 мл су
- 100 гр. аскөк
- 1 дана жұмыртқа
- Өсімдік майы.
Дайындалу тәсілі:
- Ұнды електен өткізіп, табаққа салыңыз. Содан соң ұнның ортасынан шұңғыл жасап, осы шұңғылшаға жылы су мен 2 ас қасық өсімдік майын құйыңыз. Тұз қосып, жұмсақ қамыр илейсіз. Сосын пакетке орап, 30 минуттай қойып қоясыз.
- Осы уақыт аралығында ішіне салатын салмасын дайындай берсеңіз болады. ОЛ үшін сүзбе, жұмыртқа, майдалап туралған аскөкті араластырыңыз.
- Қамырды бірнеше бөлікке бөліп, жұқалап жаю керек. Содан соң ортасына сүзбені жайып салып, жан-жағын ортасына әкеп біріктіріп, нан сияқты дөңгелек қалыпқа келтіресіз.
- Табаға май құйып, жұқа нанды 4 минуттай пісіресіз. Екінші бетін аударып, қызарғанша отта ұстайсыз.
Сүзбе қосылған дәмді кекс
Қажетті қоспалар:
- 200 гр. сүзбе
- 2 ас қасық қаймақ
- 2 дана жұмыртқа
- 2 ас қасық сары май
- 1 стақан ұн
- 1 стақан қант
- 0,5 шай қасық ас содасы
Дайындалу тәсілі:
- Сары майды ерітіп алып, ас содасын және басқа да қоспаларды қосамыз. Осы қамырдан үлкен бір кекс жасауға немесе кішірек кекстің қалыптарына салып, пісірсеңіз де болады. Ол жағын әркімнің қалауы біледі.
- Аталмыш кекске мейіз қосып қоссаңыз да дәмі кіре түседі.
Сүзбе қосылған томпақ күлшелер
Қажетті қоспалар:
- 250 гр. сүзбе
- 3 дана жұмыртқа
- 8 ас қасық ұн
- 3 ас қасық қант
- 0,5 шай қасық ас содасы
- Тұз, ванильді қант.
Дайындалу тәсілі:
- Осы қоспалардың барлығын қосып, араластыр, жұмсақ қамыр илеу керек. Сонда томпақ күлшелердің қамыры да дайын болады.
- Табаға көбірек май құйып, қыздырасыз. Содан соң қамырдан грек жаңғағының көлеміндей етіп үзіп алып, күлшелер жасап шығасыз да, майға қуырып ала бересіз.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Сіз үшін НАУРЫЗ КӨЖЕ пісіріп береді