​Жаздық РАТАТУЙ тағамын түрлі әдіспен дайындап көріңіз

0
5 564

Рататуй - француз асханасынан шыққан өте әдемі әрі жеңіл тағамдардың бірі. Оның құрамына барлық көкөністерді қосуға болады.


​Жаздық РАТАТУЙ тағамын түрлі әдіспен дайындап көріңіз

Раратуй - "rata" - тағам және "touiller" - араластыру деген сөздерден құралған. Яғни, көкөністерді араластыру арқылы жасалады. Көбіне бұл тағамды жаз мезгілінде дайындайды. Себебі осы уақытта Рататуй тағамына қажетті барлық көкөністер пісіп шығады.


Картоп пен қырыққабат қосылған РАТАТУЙ

Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. қырыққабат
  • 2 дана картоп
  • 2 дана пияз
  • 1 дана сәбіз
  • 300 гр. саңырауқұлақ
  • 2 дана болгар бұрышы
  • ½ банкі консервіленген көкбұршақ
  • 1 шай қасық томат
  • 1 ас қасық томат
  • Лавр жапырағы, аскөк.


Дайындалу тәсілі:

  1. Табаға түбін толықтай жауып тұратындай етіп өсімдік майын құямыз. Сосын текшелеп туралған пияз бен сәбізді салып қуырамыз.
  2. Қырыққабатты 2х2 см көлемінде турап, оны да табаға саламыз. Егер қырыққабат сулы болмаса оны табаға салмас бұрын қолмен мыжғылап жіберуге болады. Табаның қақпағын жауып, жай отта көкөністерді бұқтырамыз.
  3. Картоптың қабығын аршып, төртбұрышты етіп тураймыз. Болгар бұрышын да дәл солай турау керек. Саңырауқұлақты ірілеп турасаңыз болады.
  4. Қырыққабат жартылай дайын болғанда картопты, болгар бұрышы мен саңырауқұлақты, лавр жапырағын табаға саламыз.
  5. Дәміне қарай тұз, бұрыш қосып, суы аздау болса су құямыз. Сосын консервіленген көкбұршақты салып жіберіңіз.
  6. Осылайша барлығын салып бұқтырып, жұмсарғанша қақпағын ашпаймыз.
  7. Енді бір кесеге 1 шай қасық томат пен 1 ас қасық қаймақ салып араластырып, табаға саламыз. Егер көкөністерден шыққан су тартылып, азая бастаса қайнаған судан тағы да құйып жіберсеңіз болады.
  8. Тағамымызды бір қозғап қоямыз да, 1 ас қасық ұн мен 50 мл суды араластырып, табаға құямыз. Сонда ұн барлық көкөністерді біріктіретін болады. Мұны жасау міндетті емес, қаламасаңыз, ұн қосылған суды құймасаңыз да болады. Соңында майдалап туралған аскөкті бетіне саламыз.


Кәді мен баялды қосылған өте әдемі РАТАТУЙ

Қажетті өнімдер:

  • Тұздыққа: 500 гр. қызанақ
  • 200 гр. пияз
  • 2 ас қасық зәйтүн майы
  • 3 дана болгар бұрышы
  • Тағамға:
  • 700 гр. кәді
  • 400 гр. баялды
  • 500 гр. қызанақ
  • Дәмдеуіштер:
  • 5 ас қасық зәйтүн майы
  • 1 шай қасық тұз
  • 1 шай қасық прованс шөптері

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен пиязды ірілеп турап аламыз. Сосын табаға зәйтүн майын құйып, пиязды қуырамыз.
  2. 500 гр. қызанақты ыстық суға салып алып, қабығын аршимыз. Содан соң майдалап турап, табаға саламыз.
  3. Болгар бұрышын да майдалап турап, қуырмаға қосамыз. Көкөністерді жұмсарғанша қуыру керек.
  4. Кәділер мен баялдыны, қызанақтарды дөңгелек қалыпта турап дайындап аламыз.
  5. Зәйтүн майы мен тұз, прованс шөптерін араластырып, езілген сарымсақты қосамыз.
  6. Енді формаға қуырманы құйып, оның бетіне баялды, кәді және қызанақтарды араластыра отырып, орналастырып шығамыз. Ал, бетіне зәйтүн майы қосылған араласпаны құйып шығамыз. Тұз себелеуді ұмытпаймыз. Рататуй тағамының бетін фольгамен жауып, 180 градусқа қыздырылған пеште 40 минут бойы пісіреміз.


Жұмыртқа қосылған РАТАТУЙ

Қажетті өнімдер:

  • 6 дана жұмыртқа
  • 2 дана кәді
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 1 дана балдыркөк
  • 4 дана қызанақ
  • 2 дана пияз
  • 1 дана лавр жапырағы
  • 1 тал розмарин
  • 1 тал жебіршөп
  • 6 ас қасық зәйтүн майы
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Кәдіні орташа қалыпта турап, балдыркөкті де дәл солай тураймыз. Болгар бұрышын ортасынан бөліп, дәндерінен тазартып, төртбұрыштап тураймыз. Пиязды майдалап турау қажет.
  2. Үлкендеу табаға 4 ас қасық зәйтүн майын құйып, қыздырамыз. Пиязды салып қуырып, лавр жапырағын, розмарин мен жебіршөпті, тұз, бұрышты қосу керек. 1-2 минуттай қуырып, содан соң балдыркөк пен болгар бұрышын, кәдіні салып, жақсылап араластырыңыз. Қақпағын жауып, 4-5 минут бұқтырасыз.
  3. Осыдан соң бұқтырманы ыдысқа аударып, ішінен лавр жапырағы мен жебіршөпті, розмаринді алып тастаймыз. Табаны қайтадан отқа қоямыз. 2 ас қасық зәйтүн майын құйып, қызанақты салу керек. Тұз, бұрыш себелеп, қызанақты біраз отта ұстаймыз.
  4. Сосын қуырылған қызанаққа алдын ала қуырылған көкөністерді қайтып саламыз. Барлығын жақсылап араластырып, 2 минуттай бұқтырған жеткілікті. Бетіне 6 жұмыртқаны жарып салып, толықтай жұмыртқамен жабамыз. Жұмыртқа піскен уақытта, рататуй тағамын дастарханға ұсына беруге болады.

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Мохито сусынын үй жағдайында қалай дайындайды?


ӨРІК ПЕН ШИЕ тосабын 5 МИНУТТА дайындайтын тәсіл бар


Хачапуриді сүтпен де, айранмен де дайындауға болады