Әскерге кеткен ұлдың аман-есен оралуы үшін МЫНА ырымды жасайтынын білесіз бе?
фото: menshealth.pt
Байырғы кезде «еркек түздің адамы» болғандықтан, ата-бабаларымыздың тілеуін тілеп әжелеріміз жолын тосып үйде отырған. «Ер азығы түзде» деген нақылға сүйенген ер-азаматтар отбасының асыраушысы болған. Отбасына ас-суын тауып беруден бастап, елін қорғау, жерін қорғау үшін намысты болып, жан қиюға да әзір болған.
«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» екенін Б. Момышұлы атамыз айтқан.
Әрине, ел үшін туған ерлердің намысты болуы оның алған өнегесіне, тәрбиесіне байланысты екені де айдан анық.
Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін ер баланы білекті ғана емес, жүректі, саналы, намысты етіп тәрбиелеу әрбіріміздің міндетіміз. Отан алдындағы борышымызға адал болып, ержүрек азаматтар тәрбиелейміз деп отырған аналар қайда жүрсе де ұлының тілеуін тілейді ғой. Сондықтан, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына қабылданған әрбір жас жігітті әскерге шығарып салу да өз алдына атқарылатын бір шара болған.
«Оң болсын, балам, сапарың,
Молықсын дәмің, татарың.
Туған елің тапсырған,
Парызын өте Отанның.
Барып келіп жатыр ғой.
Өзіңдей жастар- қатарың.
Халықты сүйген тірегі,
Сом темірдей білекті,
Арыстандай жүректі,
Анаңның сүтін ақтай біл.
Ақ батаны берейін,
Бере гөр деп тілекті!» - деген тілектер айтылып, үлкендердің батасымен әскерге аттанатын жігіттер туған үйіне аман-есен оралып, дәм-тұзы жібермей, тартып тұрсын деп ырымдаған екен. Ол үшін бүтін нанды әскерге кетіп бара жатқан бозбалаға тістетіп, қалған бөлігін, ол әскерден оралғанша қастерлеп сақтаған.
Бала күндеріңізде әр үйдің төрінде бір шеті тістелген, қалтаға салып, төрге іліп қоятын нанды көрген шығарсыздар?
Мен де балалық әуестікпен «Анау не? Ол неге ол жерде тұр? Нан болса біз оны неге жемейміз?» деп үйдегілерден сұрайтынмын.
Сонда атам «Оны әскерге кеткен ағаң тістеген. Ол аман-есен азаматтық борышын өтеп, үйге келген кезде әжең сендерге талқан жасап береді» дейтін.
Мен бастауыш сыныпты аяқтаған жылы әскердегі ағам да Отан алдындағы әскери борышын өтеп, үйге келді.
Әрине, ол кезде үйде үлкен той болды. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем беруге келеді» дегенді мен осы кезде көрдім.
Үлкен кісілер сол кезде біраз әңгімелер айтқан болатын.
«Негізі елден жырақ кеткен ерлерді дәм-тұз туған жеріне тартып тұрсын деп, осылай нанның бір үзімін дәм татырып, бір бөлігін шаңырақта тілеулес болып тұрсын деп алып қалады. Мұндай наным-сенім соғыс кезінде пайда болған еді. Енді бейбітшілік заман ғой, сонда да сол кезден қалған ырымды әлі де ұлы әскерге аттанған ата-ана ұстанады» деген сөздерді естігенде бұл ырымның жақсы ниеттен туғанын байқайсыз.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз: