​Босаға аттаған қос келінді бір есіктен бірге кіргізуге болмай ма?

0
10 439

Ел арасында тіптен «екі келіннің бетін бірге ашпайды, екі тойды бірге жасамайды» деп тыйым салатындар да бар.


​Босаға аттаған қос келінді бір есіктен бірге кіргізуге болмай ма?

иллюстрациялық фото: guide.alibaba.com

Осыдан біраз уақыт бұрын шаңырағымызда үлкен қуаныш болған еді. Тете өскен екі інім «үйленемін» деген жақсы хабарды бір уақытта жеткізді. Қыздың келісімімен алып қашу салтының жолын жасап әкелетіндерін айтты. «Ақыры, екеуіңнің де шешімдерің нақты екен, онда бір күнге белгілейік, беташарды да бірге жасайық, тойды ары қарай көре жатармыз» деді жылт еткен жақсы хабарға төбесі көке жеткендей қуанған ата-анамыз. Біз үшін оның еш сөкеттігі жоқ еді. Біздің жақта, оңтүстікте келін түсірген күннің ертеңіне құдалар жақтан келген қуғыншылардың келісімінен соң беташар өткізеді. Ал, тойға асығыс жоқ, той иесі өзіне де, өзгеге де ыңғайлы уақытқа белгілейді.

Сонымен не керек, ойда ештеңе жоқ, улап-шулап жүріп келін түсіріп, беташарын өткізіп алдық. Артынан осы қуанышымды елмен бөлісейін деп беташар суреттерін желіге жариялай қойып едім... Масқара, суретім топтарға таралып, танымал болып кетті. Сөз бен пікірталастың астында қалды.

иллюстрациялық фото: stan.kz

Әлеуметтiк желiлерде терезеден кірген келін суреттері мен бейнежазбалар жиі болмаса да жарияланып тұратынын бұрыннан білетінмін. Бұл әсіресе, республикамыздың батыс өңірінен көбірек бой көрсетеді. Кей аймақтарда осындай салт барын білгенмен, астарына терең үңілмеппін. Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатына кранмен көтерілген келін... Терезеден секіріп түскен келін... Екі келіннің бір оқтауға байланған екі жаулығы... Әдетте, мұндай көріністер пайдаланушылардың төбелерiнен жай түскендей әсерде қалдырады. Әйткенмен, олардың арасында осы ырымды қолдайтын, тіпті, қолданатындары да табылып жатады. Енді солар менің жариялаған суретіме, осы беташарды жасаған бізге, ата-анамызға анталап тіл тигізіп шыға келді.

«Бір күнде екі келін түссе, бірін есіктен, екіншісін терезеден кіргізеді. Ырым бойынша осылай еткенде отбасында ынтымақ пен татулық сақталып, той-думан көп болады. Ал, олай етпесе, бақ екіге бөлінеді, екі жас отбасы да немесе олардың бірі бақытсыз болады» деген сенімдерін алға тартты көпшілігі. Екі келіннің бір күнде келуінің әуресі мұнымен бітпейді екен. Ел арасында тіптен «екі келіннің бетін бірге ашпайды, екі тойды бірге жасамайды» деп тыйым салатындар да бар болып шықты. «Қатар келіп, есіктен енгелі тұрған қос-қос қуаныштан неге мұнша қорқады?» деген сұрақ туды көкейімде. Менің түсінігімде кейінгі айтылған салт кері болып көрінді.

Қазір қандай сұрақ болса да жауабын ғаламтордан іздейтін заман болды ғой. Мен де біраз шарладым ғаламдық желіні. Бақсам, ұлтымыздың салт-дәстүрін көзінің қарашығы санайтын, жөнді мен жосықсыз салтты саралай білетін үлкен тұлғаларымыздың көпшілігі келінді терезеден кіргізуді жалған сенім, жасанды жоралғы санайды екен. Солардың бірі — белгілі журналист Үмітхан Алтаева.

Осы тақырып тұрғысында және үйлену тойындағы басқа да жөн-жосықсыз салтымызға еніп кеткен сорақылықтар жайында қалам тербеген мақаласы көңілімнен шыққандықтан, сіздерге де ұсынып отырмын.

«Айтқан жерден аулақ, осыдан бiрнеше жыл бұрын жол-көлiк апатынан бiр үйдiң үш адамы бiрдей қаза тапқанда бұл шаңырақта қайтып мұндай қайғы орнамасын деген ырыммен марқұмдардың бiрiн есiктен, екеуiн тесiктен шығарғанына куә болғанбыз. Ал ендi жақсылықтың, көптен күткен қуаныштың есiктен қос-қосынан енуiнен несiне қорқады, бұл қазақ?, деп келтірген мақалада.

Шынында да өз ұясынан ұшып ақ босағасын аттағалы отырған жас келінді терезеден кіргізу соқыр сенімнің бірі.

«...Жоқ жерден салт-дәстүрiмiзге өзгерiс енгiзiп, босағадан енетiн келiндi терезеден түсiретiндей басымызға не күн туды? Жаңа түскен жас келiннiң әрбiр қимыл-қозғалысынан әдептiлiктiң, имандылықтың лебi есiп тұруы тиiс дейтiн болсақ, оның етегiн түрiп терезеден енiп жатуын қалай түсiнуге болады?, дейді журналист өз сөзінде.

Ал халқымыздың салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарымызды зерттеп, зерделеп жүрген Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының доцентi, этнотанушы Аюбай Құралұлы:

...Жас келiндердi, екi-үшеуi қатар түссе де, босағада отқа май құйғызып барып, табалдырық аттатқан. Жаңа түскен жас келiн халқымыз үшiн әдептiлiктiң эталоны саналған. Жас қыздар келiнге қарап бой түзеген, киiм киiсiнен, сөйлеген сөзiнен, үлкенге құрметiнен үлгi алған. Ендеше, бiз неге оны етегiн көтерiп, үйге терезе арқылы түсуге мәжбүр етемiз? «Жоқшылық не жегiзбейдi, баршылық не дегiзбейдi?» дегендей, соңғы кезде үйлену тойының үстiнде ұлттық менталитетiмiзге сәйкес келмейтiн нәрселерге көп жол берiлiп жатқаны қабырғаға батады. Әркiм ойына келгенiн iстеп, салт-дәстүрiмiздi өз бiлгенiнше әлемiштей берсе, оның тәрбиелiк мәнi жоғалмай ма?- дейдi ғалым.

…Иә, «Қазақ ырым етедi, ырымы қырын кетедi» демекшi, қырын кететiн iс-әрекеттерден аулақ болайықшы.»

Міне, мақаласын осындай өтінішпен аяқтаған автормен мен де қос қолдап келісемін. Ал, сіз, оқырман, ақ-қарасын, жөн-жосығын өзіңіз саралап көріңіз.


Зиягүл Заман,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


Келін түскенде орындалатын дәстүрлерді білесіз бе?


«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?