БОСАҒАНЫ неге КЕРУГЕ болмайды?

0
15 479

Босағаның екі жақтауы- ер мен әйел деп саналады екен


БОСАҒАНЫ неге КЕРУГЕ болмайды?

Күнделікті өмірде жиі ұшырасып тұратын ырым-тыйымдардың көпшілігі ұсақ-түйек секілді көрінер.

Бірақ сол болмашы көрінген ұстанымның да астарында үлкен мән-мағына жатыр. Мәселен, балалар кейде есікті екі қолымен керіп «ойнайды». Міне, балаларға осы кезден бастап, босағаны кермеу қажеттігін түсіндіріп, санасына сіңіре беру керек.


Жау шапқанда табалдырықта тұрып, босағаны керетін болған. Үйге келген адам да табалдырықта тұрып бұйымтайын айтпаған. Есіктің екі жағында тұрмай, «не ары шығып, не бері кіріп айтатын сөзіңді айт» деген тыйымдарын да естіп өстік үлкен кісілерден.

Мұның мәнісін білмесек те, үлкендер тыйым салып, «болмайды» деген соң, ары қарай қазбалап сұрамай, солардың айтқан тілін алатынбыз.

Біз де бала болдық, ауылда өстік. Ол кезде ауылдың адамдары аңқылдаған ақкөңіл, жайдары мінезді еді ғой. Есігіне құлып салмайтын. Қаншама мал асырайтын болса да қорасын бекітпейтін.

Сонда адалдық, сенімнің күші жоғары болып тұр ғой. Бала күнгі оқиғаларды, ауылды еске алуымның да өзіндік мәнісі болып тұр бұл жерде.

Көршіміздің үйіне де шақырусыз бас сұқпайтын, қонақ болып, дастарханынан дәм татуға да уақыттың тапшылығын айтып сылтаурататын күйдеміз ғой жасыратыны жоқ. Бұл көпшілігімізге таныс жағдай.


Бірде көршіміз баласын бір затқа жұмсап жіберіпті біздің үйге. Есік қағылған соң мен де баламды жұмсадым «кім келгенін қарашы» деп. Шақырылған қонағым болмаған соң, суды әлде электр жарығын тексерушілер болар деген өзімнің ішкі ойым да бар. Ас бөлмесінен шыға алмай жатқан соң баламды жұмсауын жұмсасам да, артынан өзім жүгірдім. Өйткені арада біршама уақыт өтті. Есік ашылған күйі тұр, балалардың әңгімесі де естіліп жатыр күбірлеген дауыстары. «Баланы жұмса, бірақ артынан өзің бар» деген сөзге сүйендім.

Бергі жағынан балам есіктен басын ғана қылтитып, арғы жағынан көршінің ұлы «үтік бере тұрыңдаршы, үтігіміз күйіп кетіп еді» деп келген шаруасын айтып тұр. Баланың балалығы қай жерде болса да бірге жүреді. Екеуі түйдей құрдас, бірге ойнап, бірге сабақ оқып жүрген балалар ғой.

Өзара әңгімесі де таусылмай, оның үстіне бірі есіктің сыртында, бірі ішкі жағында тұрып, тіпті қолдарымен босағаны тіреп тұрғанын да байқап қалдым.

Бала болса да оларға бұның дұрыс еместігін, келген шаруаны үйге кіріп айтатынын ең бастысы, босағаны керіп, табалдырықты басып тұруға болмайтынын түсіндіруге тырыстым.


Біз бала күнімізде «болмайды» десе, «неге?» деп сұрамайтынбыз. Сұраған күнде де тиянақты, егжей-тегжейлі жауапты бермейтін, «жаман болады» деп қысқа қайыратын. Біз де қазбаламайтынбыз.

Ал менің балаларым «неге болмайды? Неліктен босағаны керуге болмайды? Бұл жәй ғана сенім емес пе?» деп өзімді тығырыққа тірейді.

көрнекілік үшін сурет: almatycrafts.kz


Сонда шынында да мен мұның мағынасын толық білмейді екем, білуге тырыстым. Әлеуметтік желіден тапқаным «Есіктің екі жақтауын босаға дейді, ортасында тұрып, сол екі жақтаудан ұстаған жаман ырым болып саналады, сондықтан босағаны керме, яғни екі жақтауды ұстап тұрма. Құшақтама, сол сияқты екі тізені құшақтап отыруға болмайды, сондықтан екі тізеңді құшақтама,- дейді.Оны екі тізеңді құшақтап жалғыз қалып қоясың деп түсіндіреді.


«Босағаны керме», бұл – қазақ ұғымында әйел мен ер адам үйдің қос босағасы секілді, оны керу – екеуінің арасын суыту, ажырату деп білген. Сондай-ақ бұрындары жаманат хабар алып келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін болған. Тағы бір ерекшелігі, мұндай хабар әкелген адам үйге кірмей, тізе бүкпей кетеді.


Барынша балаларға түсінікті тілмен айтып берген едім. Олар да ұйып тыңдап отырды. Демек, салт-дәстүрлерімізді, ырым-тыйымдарымызды ұлықтап, дәріптеп жүрудің жетіспей жатқандығының көрінісі емес пе бұл?!

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ