​Бүгінде «Біз шаншар» салтымен ОТАУ ҚҰРУҒА бола ма?

0
4 439

Мұндай жауапты қызметте мүлт кетпей, дұрыс шешім шығара білген қазақ халқы неткен көреген десеңші?!


​Бүгінде «Біз шаншар» салтымен ОТАУ ҚҰРУҒА бола ма?

фото: interesnoe.me

Қазақтың тамыры салт-дәстүрмен көгерген десек артық айтқандық болмас. Сол салттарымыз бүгінде ұмытылмаса да, өңі өзгеріп, бағыты бөлектенген. Соның бірі – «БІЗ ШАНШАР» дәстүрі.


Аталған дәстүрді жаңғыртып жүрген аймақтар жоқ деп айта алмаймыз. Тіпті, жапырағын жайған бәйтерек секілді осы дәстүрдің сарқыншағымен ұрпағын жалғастырып келе жатқан әулеттер де бар. Көненің көзін көрген қарияларымыз бүгінге дейін осы дәстүрден жебе жасап, ұлын үйлендіріп, қызын қияға қондырып келеді. «Біз шаншарды» кей аймақтарда жаушы, құда түсуші, айттырушы деп те атайды.


Ұлын тек-текпен, қызын тыйыммен өсірген менің әжем «біз шаншар» салтымен тұрмыс құрғанын айтады.

фото: dasturkb.kz

«Біздің жас кезімізде қыз-жігіт болып қол ұстасып, қыдыру деген болмайтын. Ол саған ғана емес, сенің отбасыңа ғана емес, бүкіл әулетке, аймаққа сын болған. Сол кездегі құрбыларымның бәрі дерлік біз шаншар арқылы ақ босаға аттаған. Жігіттер де бұл салттан аттауды жөн көрмеген.

"Біз шаншар" дегеніңіз – қызы бар үйге жасалатын үлкен құрмет. Назданып, бойын түзеп келе жатқан қызы бар шаңыраққа тосыннан қонақ келеді де, осы рәсімді жасайды. Қазақ халқы босағасынан аттаған кез келген кісіге танысын-танымасын ерекше көңіл бөліп, сый көрсеткен. Арнайы мал сойып, қазан асқан. Қонақ өзінің несібесіне бұйырған асын жеп, қымыз, шайын ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Өзінің елін-жерін таныстырып, әулетінен хабардар етеді. Жақыннан танысып, жайланып жайғасады. Қонақ жай отырмай үйдегі бойжеткеннің ізін бағып отырады. Оның көрегенділігі, сыпайылығы тосыннан келген қонақтың ұзақ бөгелуіне себеп болады. Мұны үй иесі де жақсылықтың нышаны ретінде жылы қабылдайды. Көңілі жайланған қонақтар кетерінде отырған орнына немесе кілемге біз шаншып кетеді.

Бұл "таныстығымызды туыстыққа ұластырайық, құдай қосқан мың жылдық құда болайық" деген үнсіз ұсыныс. Бүкіл әулеттің абыройын арқалаған қонақтың лебізін үй иесі қабыл алып, құдалыққа кірісетін болған, дейді әжем.


Әжемді қайынатасының ағасы таңдаған екен.

фото: dosug.borli.kz

«18 жасқа толған кезім еді. Әке-шешем мен інілерім шабыққа кеткен. Мен кешкі астың қамымен отын-суымды әзірлеп жүрген едім. Шарбақтың арғы жағындағы 3 кісі әкемді сұрап, үйге қарай беттеді. Сәкіде отырған атам қонақтарды үйге бастап кірді. Ал мен дастархан жазып, тандырдан жаңа ғана суырылған ыстық наным мен сары майымды әкеліп, шай қамына кірістім. Қазанға ет салып, нан да илеп қойдым. Осы кезде анам да егістен келіп, ас қамына кірісті. Күн ұясына батар шақта дастарханға ас әкелдік. Ет желініп, шай ішілді.

Қараңғылық қоюлана бастаса да қонақтардың қайтатын түрі жоқ. Әңгімелерінің түп-төркініне бойлай алмасам да қызықты әрі маңызды тақырыптың қозғалып жатқанын іштей сеземін. Анам да ләм-мим демей өз шаруасымен әлек. Бір кезде қонақтар қайтуға жиналды. Шыны керек, атам олармен қимай қоштасты. Ал біздер дастарқанды жинап, төсек салудың қамына кірістік. Сол кезде әкем төрге шығып, қабырғада ілулі тұрған кілемге шаншылған бізді алып, анама ұстатты. Үлкендердің көңілі көтеріліп, бірін-бірі ыммен түсіністі. Осыдан бірнеше күн өтпей-ақ менің ұзатылатыным сөз болды. Сөйтіп, шақыртусыз келген қонақтарыма келін болып, сәлемімді салып, тәтті шайымды құйып келдім", деді күліп.


Иә, үйдің үлкендері біз шаншуға келген қонақтардың сөз саптауынан, отырыс-тұрысынан қандай әулет екенін, тектілігі мен төрелігін тани білген. Ал салмақты істің бастаушысы бола білген қонақтардың да жүгі жеңіл емес. Бір көргеннен әулетін жалғастырушы келінді тану қиынның қиыны. Десек те, мұндай жауапты қызметте мүлт кетпей, дұрыс шешім шығара білген қазақ халқы неткен көрегенді десеңші?! Ал, жігіттер «Шешесіне қарап қызын ал» дегенді қалқан етсеңіздер, жар таңдауда жаңылыспайтыныңыз анық.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: