​«БҮЙРЕК» бауырмал болуға жетелейтін САЛТ

0
3 982

Бұл бауырластықтың ең керемет көрінісі.


​«БҮЙРЕК» бауырмал болуға жетелейтін САЛТ

Қазақта салт та көп, дәстүр де көп. Алайда, оның барлығын орындап жүрміз деп айта алмаспыз. Ұмыт бола жаздаған салт-дәстүрлеріміз де бар.


Соның бірі бүйрек салты. Негізінен жас балалардың көңілін көтеріп, мерейін өсіріп, ағайынға жақындататын халықтық тәрбиенің бір түрі.


«Бүйрек» салты соғым сойғанда орындалатын салт. Соғым сойған кезде үлкенге, алыста жүргендерге сыбаға жіберу, соғым басына шақыру ежелгі жақсы дәстүрлердің бірі. Үлкендермен қатар мұндай кезде жас балалар да ұмытылмайды.


іне соғым сойған жақын, таныс, көрші адамдар бір-бірінің жас балаларына арнап әдейі «бүйрек» жібереді.

Яғни, балаларға лайықтап жүрек, бүйрек араластырып шағын сыбаға жолдайды.

Бұл да балалардың көңілі мен мерейін өсіреді.

Жақында ауылға бардық. Қара шаңырақта қандай іс-шара болса да барлығымыз жиналамыз. Сол кезде арнайы соғымбасына барғанбыз.

Соғымды бөліп болған соң, көршінің балаларына деп арнайы өкпе-бауыр, жүрек, бүйрек және еттен де қосып сыбаға апарып берді.

Қазақта мұндайды «бүйрек» дейді деп енем сөзін бастады.

«Бір-біріне жанашыр, туыс, жақын адамдардың қандай да бір кезең келгенде «бір бүйрегі бұрып тұр» деген теңеу сөзін естіген боларсың? Бүйрек салты да соған ұқсайды. Балаларға жанашырлықты, бауырмалдылықты үйретеді.

Ал, бүлік шығарғысы келіп, ұрыс іздеп отырған адамға «бүйректен сирақ шығарма» деп тыйым салып, жекіп отырған.

Біз үлкендер қазақты осындай тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрлерін насихаттап, өзіміз де дамытуға атсалыссақ, келешек ұрпақтың кемел болашағын жасауға үлкен үлесімізді қосқанымыз болмақ.

Мен апа-әжелерімнен үйренгенімді қыздарыма, келіндеріме үйретіп жатырмын. Ал менен үйренгендеріңді сендер өз қыздарың мен келіндеріңе айтарсыңдар. Солай-солай ата-бабамыздың ұстанған дәстүрлері бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.


Ал сендер «не ол бүйрек деген?» деп сұрайсыңдар. Мен сендерге түсіндіріп бердім. Енді сендер де осы салтты жалғастырып жүріңдер. Бұл ең керемет тәрбие білсе білсеңдер» деп енем өзінің бар білетінімен бөлісті.


Шынында да соғым соймайтын қазақ болмайды. Ал соғымға қатысты қазақтың салты да өте көп. Міне соның бірі осы «бүйрек» салты.

Нұр ӘЛЕМ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Күйеу бала қай кезде ЖАНАЗАға, ҚАБІРге БАРМАЙДЫ


Түшкіргенде неге «АҚҚАС» деп айтылады?