​ИНЕнің ЖІБІН ұзын етіп сабақтаса, ҰЗАҚқа тұрмысқа шығады

0
5 875

"Не болар екен?" деп әдейі ұзын етіп сабақтайтынмын...


​ИНЕнің ЖІБІН ұзын етіп сабақтаса, ҰЗАҚқа тұрмысқа шығады

Бұл ырымға сену-сенбеу өз еркіңізде, әрине. Мен де осы ырымға күле қараушы едім, бірақ нағашы апам жиі айтып отырушы еді «иненің жібін ұзын қылып сабақтама» деп. Өйткені ол кісі он саусағынан өнері тамған шебер кісі болатын.

Ауылда кімнің қызы ұзатылып, кімнің ұлы үйленгелі жатса да апамның көмегіне жүгінетін. Апам да сенім артып келген кісінің меселін қайтармай, қолы қалт еткенде көрпе тігіп отыратын еді. Өзі де көрпені жаңалап отырғанда жақсы көретін. Жаны қалап жасайтын жұмысы болған соң шығар, ешқашан «шаршадым, жалықтым» деп шағымын айтқан емес.

Мен нағашы әжемнің жанында өстім. Өйткені нағашы әжемнің ермек етер немересінің үлкені мен және жалғыз нағашым болған еді, ол кісі әскерде жүргенде қаза болып, содан бұл отбасына өте ауыр жағдай болды.

Мен ол кезде есімді біліп қалғанмын, анама да өте қиын болды. Нағашы атам ертеректе қайтыс болған екен, мен ол кісіні көрмегенмін. Анам мен жалғыз бауыры екеуін нағашы әжем жалғыз өзі жетілдіріп, енді қызықтарын көремін бе дегенде ұлынан айырылып қиын жағдайда қалды.

Сонда бір ауыл арыда тұратын нағашы апама анам мені күн сайын жұмсап жіберетін. Өйткені ол жалғыз. Сонда мен беснші сыыптың оқушысы едім. Демалыс күндері анам келіп үй шаруасына көмектесіп кететін, ал мен екі күнде бір рет келіп, нағашы апамның қасына қонып, көңілін аулап кететінмін.

Кейін сабақ уақыты басталып, мен мұнда жиі келе алмай қалдым. Анам да жиі келе алмайды, менен де басқа бауырларым бар, әкемнің де жағдайын жасау керек дегендей.

Кейін әкем мен анам ақылдасып, мені сол нағашыларымның ауылындағы мектепке орналастырды.

Нағашы апамның үйіне көшіп келдім. Аптасына бір рет туған әке-шешемнің үйіне баратынмын. Осылай екі ауылдың арасын жол етіп, көшесін таптадым.

Нағашы апам қайғысын бір сәт ұмытып, көңілін сергіткісі келе ме екен, оны-мұны құрастырып, үйдегі мата қиындыларынан құрақ құрайтын. Кейде маған әп-әдемі етіп белдемше тігіп беретін. Мектепке де апам тігіп берді деп мақтанып киіп баратынмын.

(фото: ашық дереккөзден алынды)

Кейін мен де апамның тігін тігетініне қызығып, жанында отыратынмын. Менің де тігіс тігіп үйренуге деген ынтамды байқаған апам қолымнан келетін істерді сеніп тапсыратын.


Көбінесе апам «көзім жетпей жатыр» деп көрпе көктейтін ине-жіпті беруші еді. Иненің көзінен жіпті өткізіп бер деп.

Сонда мен барынша ұзыыын етіп сабақтайтынмын ине-жіпті. Апам сонда «қысқалау қылып сабақта. Бір жағынан, тіккенге де ыңғайлы болады, екіншіден, ине-жіпті өте ұзын қылып сабақтасаң, алысқа тұрмысқа шығасын деген ырым бар» дейтін.

Шынымен осы ырым орындалар ма екен деген ой қызық көрінді. Сонымен, мен әрдайым ине сабақтағанда, жібін ұзын қылатынмын. Апам қанша айтса да «көрейікші, шынымен алысқа тұрмысқа шығар ма екенмін» деген ой болатын.

Содан бойжетіп, тұрмысқа шығатын уақыт та келді. Бұл жәй ғана сәйкестік те шығар бәлкім, әлде ырым қырын кетпеді ме, мен шынында да алыс жерге тұрмысқа шықтым.


Өзім оңтүстіктің қызымын, сонау солтүстіктен бір-ақ шықтым.

Тағдыр ғой, бәлкім пешеме жазылғаны солтүстік өңіріне келін болу шығар...

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Асық жинасаңыз, ҰЛды боласыз


Үйге ҚОНАҚ КЕЛГЕНДЕ мұны ІСТЕМЕҢІЗ!