...Кейін сол қыз өзінің теңін тауып, тұрмысқа шықты...
Қазақ халық ежелден мал-жанның амандығын бірінші кезекке қойып, «дені саудың жаны сау» дегенді алға тартады. Індет айналып өтсін, адамзат аман болсын деген тілектеміз, әрине.
Алайда, «өмір бар жерде өлім бар» дегендей, қазақтың қазалы жағдайға байланысты ұстанған наным-сенімі, тағы бір салты «қаралы үй», «қара жамылу», «қазан төңкеру» дегеннің мәнісін тереңінен қозғасақ, астарында ұрпақты тәрбиелеу жолы да, сақтандыру шарасы да бар.
Мысалы, қазақтың ұстанымында қыз-келіншектер шашын жаймайды, қара жаулық салмайды. Олай етсе, «жамандық шақырма» деп тыйып тастайтын болған. Ал, қазір ескіліктің жұрнағы деп қарайтындар да баршылық.
Ата-бабамыздың дала заңының данышпаны болғандығын әр қазақ мойындайды. Ата-бабамыздың ұстанған діні ислам екені де белгілі. Дәстүріміз де дінге қайшы емес. Бірақ, кертартпа «мұсылмандардың» «беташар жасауға, келіннің иіліп сәлем салуына болмайды, ол - ширк» деген пікірлерімен қоса, тұтастай қара киініп, басына қара жаулық салған келіншектерді көргенде ауылдағы әжемнің әңгімесі есіме түседі.
Алыстау болса да бізге туыстық жақындығы бар ағайын кісінің қызы дінді берік ұстанып, хиджап киіп, орамал оранды. Алғашқы кезде ауыл адамдарына бұл ерсі көрінгені рас. «Бет-аузын түгел тұмшалап алғаны несі? Ұзын етегі дұрыс екен, тұрмыс құрмаған қыз баланың жаулық салғаны ерсі емес пе?» деген сөздерге ата-анасы да шамданып қалатын.
Кейін сол қыз өзінің теңін тауып, тұрмысқа шықты. Балалы болды. Енді ешкім де кеткен қыздың артынан қазбалап, сыртынан өсектемейтін болды. Бірнеше жыл бойы отбасымен бірге шетелде тұрып келген ол балалары үшеу болып, тұңғышы мектепке барған жылы төркіндеп келді.
Әжем бұл жаңалықты естіп: «Қызым, әпкең төркіндеп келіпті. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем бере барады деген бар. Жылдап көрмеген қызымыз ғой, барып сәлемдесіп қайтайық», - деген соң да аталас туысымыздың үйіне аттандық.
Шұрқырасып көрісіп, біраз арғы-бергі жаңалықтарды қаузаған соң, жүгіріп ойнап жүрген балаларын да сөзге тартқан әжем «Кімнің баласысың? Руың кім?» деп сұраған. Сонда кіп-кішкентай бала: «Барлығымыз мұсылманбыз, әже. Руды айтудың да, білудің де қажеті жоқ. Маған әкем солай деп айтқан», - деді.
Содан әжем қонақ болып келген әпкеме де, жездеме де ақылын айтып, мұның дұрыс еместігін, қазақтың руға бөлінгендегі мақсаты жік-жікке бөлініп, бөлектену емес, керісінше, қазақтың қан тазалығын сақтау, келешек ұрпақтың денсаулығын ойлау екендігін түсіндірді. Білмеймін, үлкен кісі болған соң сөзін бөлмей тыңдады ма, әлде өздеріне қорытынды шығарды ма, ол жағын білмедім, екеуі де үнсіз қалды.
Әжем әңгімесін одан әрі жалғап, әпкеміздің басына тартып отырған қап-қара жаулығы мен тым кең пішілген қара көйлегін де сынға алды.
Жүріп-тұруға, қимыл-қозғалысқа кәдімгідей кедергісін келтіретін бұл киімді шөлейт жерді мекендеген, жер климатына байланысты лайықталған киім деп есептейтінін, ал бізге мұның қажеті жоқ екендігін айтқан әжем, қазақтың қызы, келіні, анасы, әжесі қандай киім кигендігін түгендеп берді.
"Тап осындай үлгіден басқа киім кие алмаймын десең, тек қана түсін өзгертші, қалқам! Тек қана қара жаулық салмашы басыңа. Ол жаман ырым. Кісісі қайтқан әйел ғана қара жамылып, жоқтау айтқан. Қазіргі қыздардың шашын жайып жүргенін қалай қаламасам, жаулықтың да қарасын жамылғанды көрсем, тіксініп қаламын» деген еді.
Менің әжем шежіре кісі еді ғой. Жүрген жерінде мынау сенің балаң, мынау менің балам демей, барлығына бірдей қарайтын. Теріс істері болса, жөнге салудан жалықпайтын. Ең кіші жеңгем жаңадан босаға аттап, келіндік міндетін атқарып жүргенде үй шаруасындағы олқы тұстарына кешіріммен қарап, ақылын айтып отырды.
Далада ыдыс-аяқ жуып жүрген жеңгемнің жуылған қазанды төңкеріп қойғанын көргенде: «Тәйт, айдың-күннің аманында қазанды төңкергенді сенен көрдім. Баламысың деген. Төңкерме қазанды!», - деді зілді дауыспен.
Жеңгем де ақталуға тырысып, «суы сырғып, кеуіп тұрсын деп...» дей беріп еді: «Құрғақ шүберекпен сүрт, сонда кебеді. Қазан онсыз да оттан түспейді ғой, несін кептіресің оның?» деп ұрсып алғанымен, артынан ақылын айтып, "біле жүргендерің өздеріңе жақсы" деп мәнісін түсіндіріп беруші еді.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деуші еді, қарттарымыз білгендерімен бөлісіп, салт-дәстүріміз бен ырым-тыйымдарды ұдайы айтып отырса, санасына сақтамайтын ұрпақ жоқ шығар.
Г. Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Неге МҮШЕЛ ЖАСТА ҮЙЛЕНУГЕ, маңызды бір істі бастауға БОЛМАЙДЫ?