​Қолға су құюдың 7 ӘДЕБІ бар. Ол ҚАНДАЙ?

0
1 015

Қазақтың дәстүрінде үйге келген сыйлы қонақтың қолына су құю дәстүрі бар.


​Қолға су құюдың 7 ӘДЕБІ бар. Ол ҚАНДАЙ?

фото: YouTube

Қазақтың дәстүрінде үйге келген сыйлы қонақтың қолына су құю дәстүрі бар.

Қолға су құю әдебін ата-анамыз үйретті және бұл туралы Имам Ғазалидің еңбектерінде кездеседі. Мұны әрбір қазақ, әрбір мұсылман баласы білуі тиіс. Өйткені, жас баланың қолына құман беріп, үйге келген сыйлы қонақтың қолына су құйғызу арқылы бата алады және қонақты сыйлау әдебін де жастайынан бойына сіңіріп өседі.

Әсіресе, ауылдық жерлерде, үйге кісі көп жиналғанда бұл дәстүр әлі де орындалады.

Себебі, қазақ халқында да үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүрі бар.

Дәстүр бойынша, қолға су құюдың тәртібі бойынша бір қолға құман, бір қолға шылапшын, мойынға сүлгі асып, қолға су құясың. Өзіміз де бала күнімізде мұндайды талай көрдік. Қыз бала болғандықтан, мұны орындау бізге бұйырмайтын, көбінесе жеткіншек ер балалар атқаратын шаруа болатын. Сонда қолға су құюдың әдебін білмейтін жас балаға үлкендер қалай дұрыс жасау керектігін үйретіп отыратын. Аға-інілеріміз талай мәрте қолға су құйған кезде әкеміз «Су етектен, бата төрден» деген, «оң жақтан бастап құй», «бір қолыңмен шүмегін ұстап тұр», «сарылдатпа, үзіп-үзіп үш рет құй», «төртіншісін қонақ сұраса ғана құй» деп үнемі бақылап тұратын. Бұл да балаға берілетін тәрбие көзі.

Қариялар: «Қатарыңның алды бол!», «Молда бол!», «Үлкен жігіт бол!», «Көп жаса!»,– деп алғыс айтып, батасын беріп жататын.

Алғыс арқалаған бала өскенде жаман болмайды. «Қарғыс алма, алғыс ал!» деп баласының құлағына құйып өсіретін әрбір ата-ана осыған мән беруі керек.

фото:bilimdiler.kz

Бір күні атақты Харун Рашид Әбу Муғауия деген соқыр ғалымды қонаққа шақырып, оның қолына өзі су құяды. Қолын жуып болған соң оған:

– Уа, Әбу Муғауия, қолыңа кім су құйғанын білесің бе? – дейді.

– Жоқ.

– Суды мүміндердің әміршісі құйды, – деген кезде Әбу Муғауия:

– Уа, мүміндердің әміршісі, сен білімді құрметтеп, оны ұлықтадың. Білімді құрметтеп, ұлықтағаныңдай Алла Тағала да сені құрметке бөлеп, ұлық етсін, – деп батасын берген екен. Ислам ғұламалары бір мезетте бір шылапшынға бірнеше кісінің қол жуғанында тұрған ештеңе жоқ дейді. Бұл кішіпейілділікке жақын, әрі ұзақ күтіп қалуды болдырмайтын әрекет. Егер бөлек-бөлек жуса әрқайсысының суын жеке-жеке төгудің қажеті жоқ. Су соңынан бір-ақ төгіледі. Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дәрет суларыңды біріктіріңдер. Алла да сендердің араларыңды біріктіреді» деген хадисінің мағынасы осылай істеу керектігін білдіреді деген ғалымдардың көзқарасы бар. Қолға су құюшының тіке тұрғанын кейбір ислам ғалымдары жақтырмай, отырып құйғанын жөн көрген. Себебі бұл кішіпейілділікке біртабан жақын дейді. Енді біреулер отырып құйғанды теріс көреді.

Бірде бір кісінің қолына қызметші отырып су құяды. Сонда әлгі кісі түрегеп кетеді. Оған «неге тұрдың?» дегенде: «Екеумізден біріміз түрегеп тұруымыз керек қой» депті. Негізінде түрегеп тұрып құйған дұрысырақ. Себебі құюшыға да, жуушыға да ыңғайлы. Әрі құюшының кішіпейілділігін көрсетеді. Егер қызмет көрсетушінің тұрып құюға ниеті болса, оның солай қызмет жасауына мүмкіншілік беруге болады. Әдет осылай қалыптасқандықтан бұл тәкаппарлыққа балайтындай нәрсе емес.

Ал қолға су құюдың 7 әдебіне мыналар кіреді:

*шылапшынға түкірмеу,

*үлкеннен бастау,

*егер құрметпен кезек берсе қабыл алу,

*оң жаққа қарай айналдыру,

*суды қайта-қайта төкпей үстіне жуа беру,

*су құюшының түрегеп тұруы,

*аузындағы суды төсекке және жанындағы кісілердің үстіне шашыратпай еппен қолымен төгу.

Үй иесі қонағының қолына өзі су құйған жөн. Имам Шафиғи алғаш қонаққа келгенде Имам Мәлик оның қолына су құйып: «Менің бұл ісіме таңданбай-ақ қой. Қонаққа қызмет ету – парыз» деген.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:

«Жүргенге жөргем ілінеді» - «ЖӨРГЕМ» деген не?


КИІМді адам үстінде киіп тұрғанда ТІКПЕЙДІ