​Қонаққа «ШАПАН ЖАБУ» сынды БҰЗБАЙДЫ, сыйды АРТТЫРАДЫ

0
5 630

Сіз «Шапан жабу» дәстүрін қаншалықты дәріптеп жүрсіз?


​Қонаққа «ШАПАН ЖАБУ» сынды БҰЗБАЙДЫ, сыйды АРТТЫРАДЫ

иллюстрациялық фото: fotose.com

Алланың қалауымен мамыр айының 9-жұлдызында асқар тауымыз әкеміз 63 жасқа келеді. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген отбасылық мерекемізді ерекше атап өтуді ойластырып отырмыз. Осы қуанышқа орай әкеміздің достарын, бауырларын, құдаларын, әскерде болған достарын, группаластарын бір сөзбен айтқанда ет жақындарының басын қосып, дүбірлі той өткіземіз. Ата-анамыз қатарымыздан кем етпей 7-еумізді жеткізді, өсірді, оқытты, қолымызға диплом алып берді, үйлендіріп, үйлі етті. Енді перзенттері ұйымдасып туған күндерін керемет етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Басында тосынсый жасаймыз деп де ойластық. Анамыз мұның бекер болатынын, әкеміздің рұқсатынсыз көршіге тұз бермейтінін айтып бізді райымыздан қайтарды. Сонымен бір ретін тауып әкемізге қуанышты жаңалығымызды жеткіздік. Аллаға шүкір ол кісінің тарапынан қарсылық болмады.


фото: asiarussia.ru

Бір айтқаны: «Аналарың екеуміздің шаңырақ көтергенімізді де қосыңдар. Аналарың ренжіп қалмасын. Сосын туылған күнімді ауызашар ретінде өз шаңырағымда жасайсыңдар. Ас та төк дастарханның да қажеті шамалы. Қуанышымда да, қайғымда да қасымнан табылған жақындарымды ғана шақырамыз. Қалған қаражатты жетімдер үйіне, көп балалы отбасыларға үлестіріңдер. Алланың берген ырысын ысырап етпей, белгілі мақсатқа жұмсаңдар. Садақа беріп сауап жинаңдар» деді. Үлкендердің рұқсатын алған соң дайындықты бастап жібердік.


Бүгін таңертең Елордада тұратын үлкен ағам келді. Тойда бір-ақ келеді деген құтты қонағымыз айтпай келіп бәрімізді қуантып тастады. Айтуына қарағанда еңбек демалысын әдейі оразаға орайластырып алған көрінеді. Тіпті, биыл әкеммен бірге ораза ұстауды да ниет етіп отыр екен. Шәй үстінде ағам әкеме темір тұлпар сыйлайтынын жеткізді. Мұны естіген біздер балаша қуандық. Әсіресе, қарашаңырақтағы кіші ағамның қуанышында шек жоқ. Өйткені әкемді ары-бері алып жүретін осы кісі. Әп-сәтте-ақ маздасының джипке айналатынынан үміттенген ол алақайлап сала берді.


Әкемнің «Ниетіңе рахмет, бала (әкем мен анам тұңғыштарын балам деп меншіктей алмайды. Өйткені үлкен ағам ата-әжеміздің бауырында өскен. Бұл дәстүрді біздікілер өте қатаң ұстанады). Ол көлігің қанша тұрады?» деді. Ағам 10 миллионды жоспарлап отырғанын жасырмады.


«Мүмкін одан да арзан болатын шығар. Сауда біледі. Бара көреміз ғой», деді. Ал әкем сабырлы үнмен:


«Маған жасаған жақсылығың Алладан қайтсын. Келін екеуің өсіріп отырған ұл-қыздарыңның рахатын көріңдер. Осы жасқа дейін жүргізбеген көлікті, бұдан кейін де жүргізбеймін. Баратын жеріме үйдегі көлік те жарап тұр. Ниеттеніп жинаған қаржыңды пайдалы іске жарат. Егер маған сыйлық жасап, құрметке бөлегің келсе, үйге келетін қонақтардың бәріне сапалы әрі киюге жайлы, әрбірінің размеріне сай етіп шапан сатып әкеліңдер. Сәлдесі болса тіпті жақсы. Менің қуанышыма өзімнің қатарластарым келеді. Бәрі де шапанның қадір-қасиетін біледі. Егер одан да артып жатса, өздерің де білесіңдер біздің аудан жаңадан құрылған. Әлі көшелерге тас төселіп, асфальт салынбады. Таңертең балалардың балшыққа батып, суға малынып мектепке кетіп бара жатқанын көремін. Қарап аяп кетемін. Қалған ақшаға тас түсіріп, жол салыңдар. Сонда алдымен Алланың, сосын әкеңнің разылығын, елдің алғысын аласың. Үлкендер де, кішілер де бақытқа бөленеді» деді.

фото: old.el.kz


Әкемізді мұқият тыңдаған біздер ой үстінде отырмыз. Үнсіздікті «Жарайды әке, сіздің айтқаныңыз болсын!» деген ағамның сөзі бұзды.


Сонда үлкен әпкем әкеме қарап, келетін қонақтардың бәріне сый алуды ойластырып қойғанын, тіпті әйелдерге үлестіретін ыдыс-аяққа тапсырыс беріп қойғанын айтты.


«Мына заманда шапан бергеніміз ұят қой. Мейлі, ер кісілерге қаракүзеннен тымақ кигізейік. Бірақ шапан дегеніңізбен келісе алмаймын» деді. Сонда әкем анама бір қарап, әпкеме бір қарап алды да әңгімесін бастады.


«Иә, сендердің көзқарастарың бойынша шапан көненің көзі. Оның орны сандықтың түбі. Солай ма? Бірақ қазақ халқы шаңырағына ат басын бұрған кез келген қонаққа шапан жауып, ат мінгізген. Шапанның қасиеті өте зор. Бағзының билерін, болыстарын, бай-бақуаттыларын шапандарынан тануға болатын. Қазірде де көздің жауын алып, талайды тамсандыратын шапандарымыз бар. Кәнекей, сондай шапаным болса үстімнен шешпей киіп жүруші едім. Шапан – сыйыңды арттырады, мәртебеңді көтереді, бастысы өзіңе өте жайлы әрі жылы киім болады. Заманауи үлгіде тігілген түрлерін іздестіріңдер. Болмаса тапсырыс беріп, тіккізіңдер. Әйелдерге оюлы қамзол кигізіп, иықтарына ақ орамал жабыңдар. Міне, осы біздерге ең керемет сыйлық» деді әкем.


Кейбір деректер шапан жауып құрмет көрсету пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында да болғандығын айтады. Бұл біздерге жеткен аңыз ба әлде, ойдан тоқылған оқиға ма кім білсін, әйтеуір Миғраждан қайтқан пайғамбарға Ұлық Алланың бұйрығымен періштелер зүміреттен жасалған шапан жапқан деседі. Ер үмбетінің қорғаны деп басына сәлде орапты-мыс. Осындай сый көрген пайғамбарға әйелдің қорғаны болатын орамалды да қоса берген көрінеді. Міне, ел аузынан жеткен осындай әңгімелердің өзі біздерге үлгі, өнеге болмақ.

Біз әкеміздің айтқанын екі етпей, шапан мен камзолға тапсырыс беріп, мамыр айының 9-шы жұлдызына ауызашар белгіледік. Жаратушы иеміз бәріміздің ниетімізді қабыл етіп, ата-ананың

ризашылығынан кенде етпесін! Ұстаған оразамыз қабыл болсын!

Жазып алған - Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


ШАШ ЖАЮ қандай КЕСАПАТҚА ұрындыратынын білесіз бе?

"Қызойнақ" қандай дәстүр?