Бұл салттың «көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады.
Алғаш осындай салттың бар екенін білгенімде аздап таңырқағаным рас. «Айырылу» деген сөздің өзі жақсы емес қой, дегенмен, «айырылысар көже» деген салттың орындалуы жақсылықтың нышаны екен.
Яғни, бұл ежелден келе жатқан» деп ауыз толтырып айтпағанымызбен, көршісін құдайындай сыйлаған, «алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деп ата-бабаларымыз көрші ақысын жақсы білген.
Сондықтан, қандай жағдай болса да, қуанышта да, қайғыда да көршінің ең алдымен ортақтасуы, қол жәрдемі мен сөз жәрдемін беруі етене жақындықты, алыстағы ағайыннан бұрын көмекке келетінін аңғартса керек.
Көрші қонғанда, яғни, жаңадан көршіңіз көшіп келгенде «ерулік» беру дәстүрін білесіздер. Бұл көршімен жақын танысудың алғашқы ырымы, белгісі. Ерулік көршілердің одан әрі жақыннан араласып, сыйласып кетуінің беташары іспетті.
Жаңадан қоныстанған көршіні байырғы сол жердің тұрғындары, яғни, көршілері кезек-кезек үйіне шақырып, қонақ етіп, жақыннан танысатын болса, «айырылысар көже» қыстай немесе жаздай бірге отырған, сыйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады.
Бұл салттың «көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Салттың атауы «айырылысар көже» аталғанымен, олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді.
Бұдан олардың бірін-бірі сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айрылысар көже» - адалдық әрі әдемі дәстүр.
Мұны өзімнің бұрынғы көршілерімнен естіп-білген, өзім куә болған қазақтың салтының бірі болатын. Қазір де бір-біріміздің қуанышымыздан, жиын-той, құдайы астарымыздан қалмаймыз. Бір-бірімізді қонаққа шақырып, ағайындай болып араласамыз.
Біздің басымызды қосып тұратын сол кездегі «айырылысар көже» деп аталатын игі дәстүрдің де ықпалы тисе керек. Өйткені, ол жерде қимастық көңілмен, жақсы тілектер айтылып, бауырдай болып қалған көршілерімне бұдан былайғы кезде де бұрынғыдай етене араласып тұруды тілейтін жақсы ниеттер айтылады.
Шынымды айтсам, бұрынғы тұрған жерімнен көшу, қоныс аудару ойымда болмаған. Тек қана жолдасымның жұмыс бабына орай, балаларымыздың болашағы үшін де қоныс аударамыз деп шештік. Сонда да үйренісіп қалған ортамыздан бөлініп, басқа ортаға сіңіп кету біздің отбасы мүшелерінің ешқайсысына да оңай болмасын сезетінбіз.
Мұндай сезімдерімізді әрине, көршілерімізбен басымыз қосылған сайын әңгімелейтінбіз. Мен өзім де көршілерімді жинап, жаңа қонысқа көшердің алдында құран оқытып, кішігірм дастархан жайып, ас бердік. Ертеңіне көршілерім бірінен соң бірі үйлеріне «айырылысар көжеге» шақырып, жолымыздың ашық болуын, жиі-жиі қонақ болып келіп тұруымызды өтінді. Біз де жаңа қонысымызға үйренісіп, жайланып алғаннан кейін міндетті түрде қоныс тойын жасайтынымды, оларды ұмытпай шақыратынымды айтып кеттім.
Міне, содан бері арамызда байырғы сыйластық, әдемі қарым-қатынас, сыйластық, бір-бірін көрмесе сағынысып көрісетін ағайын мен бауырлардай байланыс қалды.
Ешқашан сол байланысымыз үзілмесе екен деймін. Бұл өмірде мейлінше сыйласып, бір-біріміздің қадірімізді біліп жүргенге не жетсін?!
НҰР Әлем,
Тағы да оқыңыз: