Құдалықта НЕГЕ әйелдердің арқасынан АҚ МАТА айналдырады?

0
13 994

Бір қызығы, бұл салт тек қана әйелдер арасында орындалады.


Құдалықта НЕГЕ әйелдердің арқасынан АҚ МАТА айналдырады?

фото: kazakcnr.com

Қазақтың кез келген тойы ырыммен басталып, салт-дәстүрлерімен жалғасып, наным-сеніммен аяқталады. Әсіресе құдалықта әйелдер қауымы ұзыннан ұзақ ақ матаны жапа-тармағай арқасынан өткізіп алады да, шырт-шырт еткізіп жыртып, әулеттің қыз-келіншектеріне үлестіреді. Ал жиынның ортасында отырғандардың арасынан «маған жетпеді», «құдалыққа келе алмай қалған абысынға бер», «ошақ басындағы келіндерге де жеткіз» деп жан-жақтан шуылдайды. Соншалықты талас тудыратын ақ матаның қызметі мен қасиетінің не екенін білуге деген құмарлығым оянды.


фото:vivakz.kz

Бұл мата – қазан-ошақ жыртысы деп айтылады екен. Аталған дәстүрді кей өңірлерде «отқа жыртар» деп те атайды. Мұны құдалыққа келетін жаңа құдағи әкеледі. Ал матаның ақ түсті болғаны енді ғана шаңырақ көтеріп отырған жас жұбайлардың жолы ақ, жаңа құдалардың қарым-қатынасы нық болуы әрі әруақтарға жасалатын құрмет үшін таңдалады. Негізінде жыртыстың түрлері көп. Тап осы қазан-ошақ жыртысы туралы ғаламтордан іздеп, мына пікірді көзім шалды. Оны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклортану бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Гүлжанат Абиханова жариялаған екен.


Оның айтуына қарағанда «Отқа жыртар» ұзындығы 10-15 метрді құрайтын ақ матамен жасалатын салт екен. Бұл екі жақ­тың құдаласуы кезінде атқарылады дейді ол.


- Күйеу жігіттің анасы құдағиына, яғни қыз жаққа алып барған жасау-жабдықтарын, тарту-таралғысын көрсету кезінде жасалады. Сол әулеттегі көпшілікке сыйлы, балалы-шағалы абысындар екі үйдің құдағилары болашақта бір-бірімен тату-тәтті болсын, құшақтары ажырамасын деген ниетпен «отқа жыртарға» матап тастайды. Ал оның «отқа жыртар» деп аталуының мәнісі – бөліске салынып жыртылуында. Матаның жыртысы қонақтарға, көпшілікке таратылады. Құдалық рәсіміндегі таратылған әшекей, тәтті-дәмділер де сол жыртысқа оралып, салынады, - дейді фольклортанушы.


Матаның ақ түсті болуы аруақтарға арналған сый-құрметтің белгісі. Олардың көре алмаған күндерін, жасамаған жастарын балаларға берсін деген бата қайырысумен аяқталады екен.


- Ақ матаның ұзындығына қойылатын шек жоқ. Ол құдағидың жағдайына, пейіліне байланысты. Көп жағдайда ол 5-6 метрден, кейбіреулерде 10 метрге дейін дайындалады. Ең қызығы, мата қаншалықты ұзын болса да, айналдыра орайды. Матаға оралған аналар бір-бірімен құшақтасып, бет сүйістіріп, сый-сияпаттарын жасасады. Алтын сырға, сақиналармен алмасады. Бір айта кетерлігі, бұл рәсім тек әйелдердің қатысуымен орындалады, деп жалғастырады.

Құдалық ертеректе «ұрын бару», «үкі тағу», «қалың мал беру» сынды салттар арқылы орындалса, бүгінгі таңда бұлардың кейбіреуі орындала бермейді. Мәселен, «ұрын бару», «үкі тағу» заман ағымына байланысты ма екен, ұмыт қалып бара жатыр. Қазір құдаласу рәсімдерінің жайын саралаған кезде, бүгіндегі тойдың барынша ықшамдалып келе жатқанын байқаймыз. Соңғы жылдары «сырға салу» немесе «үкі тағу» мен ұзату тойы бір күнде қатарынан атқарылып, сол күні қалыңдықты алып қайту рәсімі орындалатын болып жүр. Бұл уақытты үнемдеп, алыс-жақыннан келетін ағайындардың уақыт тапшылығын да ескергендіктен заманға сай жасалған өзгеріс болса керек, деп аяқтаған жазбасын.


Шынында да, бүгінде жасалып жатқан салт-дәстүрді білсе те тереңіне бойламайтын жастарға қажет дерек екен. Алдағы уақытта болатын құдалықтарда ақ матаны айналдырып, мәре-сәре болып жатқан құдағиларды көрсек, себебін түсініп отыратын болдық.


Жазып алған – Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?

Қазақтың КЕЛІНІ екі жағдайда СӘЛЕМ салмайды