Жоралғы жасау сыйлықпен ғана шектелмеуі керек.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз- күллі шығыс халқының «Жаңа Жыл» мерекесі. Көктемгі жаңару қарсаңында Орта Азия халықтары Наурызды ерекше тойлайды. Тарих қойнауына үңіліп қарасақ, бес мың жылдан бері жалғасып келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні адамдар ерекше көңіл-күйге бөленіп, мейрамға дайындалады және әр ұлттың өз менталитетіне сай мерекелейді.
Қазақ халқында жыл басы кіргеннен қызу дайындыққа кірісіп, тазалыққа аса мән береді. Ескі жылдан қалған сүр етті, дәнді-дақылдарды қосып, ерекше мерекелік тағам- «Наурыз көже» дайындайды. Бір-бірімен кездесіп, арқа-жарқа болып, мейрамның шырайын келтіре түседі. Қазақтың «отыз күн-ойын, қырық күн-тойын» тойлайтыны да дәл осы мереке қарсаңында белең алады.
фото: elarna.netЖыл сайын «Көрісу күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Тарихқа тағзым күні», «Жоралғы күні» секілді наурыз мейрамының айшықты күндері атап өтіледі. Сонымен қатар, әр үйдің тойлау дәстүрі де өз алдына мереке.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, наурыздың 23-і «Жоралғы күні» деп бекітілді. Бұл мәлімет «Ашық НҚА» порталында 2021 жылдың 9- ақпанында жариялаған.
«Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру. Тұжырымдаманың қабылдануы мерекенің мазмұнын байыта түседі» дейді жобаны әзірлеушілер.
Бұл қазақ халқының бай дәстүрі айшықталатын, ежелден келе жатқан салт-жоралғылардың озығы сұрыпталатын сәт. Сондықтан «Жоралғы күні» деп аталады. Достық пен мейірбандық, адамгершілік секілді ұлы қасиетті дәріптейтін дәстүрдің бірі де бірегейі.
Жоралғы күні кез-келген адам өзінің ет жақындарына арнайы сыйлықтар тарту етіп, қуантуға асыққаны жөн. Ұлық мерекеде сый-сияпатқа бөленген жан бұл әсерін ұмыта қоймас. Сыйлық алған адам да алдағы Ұлыс күнін асыға күтіп, сізге амандық тілейтін болады. Келер жылға амандықпен қауышатын сәт туғанда сізге де қуаныш сыйлауға талпынады. Қазақ өзгенің көңілін табу арқылы өзіне қуаныш сыйлайтын халық. Айналаңызға қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйласаңыз баға жетпес бақыт екенін түсінесіз.
Өзім де жыл сайын осы күнді, осы мерекені асыға күтемін. Балаларым да, отағасы да, ата-енем де менің бұл күні міндетті түрде кішігірім болса да көңілге шуақ сыйлайтын сыйлықтар беретінімді біледі. Өздері де осыған әдеттеніп алған. Жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында бір-бірімізге сыйлық жасап, қуантамыз. Жылы сөздерімізді арнап, отбасымыз бір керемет шаттыққа бөленеді.
фото: illustrators.ruМіндетті түрде наурыз көжемді пісіріп, туған-туыстарды қонаққа шақырамын. Өзім де отбасыммен бірге олардың үйіне қонаққа барамын.
Наурыз мейрамы біз үшін нағыз демалыс. Өткен жылғы өкпе-реніштің, келеңсіздіктердің, қиындықтың барлығын артта қалдырып, жаңалыққа, қуанышқа қадам басатын кез деп есептеймін өзім.
Сондықтан, жыл басы-Наурызда біз отбасымызбен думандатып тойлайтын айтулы мереке. Күллі қазақ жұрты үшін бұл мереке тіршіліктің бастауы-жаңару, жандану кезеңі болар.
Баршаңызға мереке құтты болсын! Шаңырақтарыңыз ырысқа толсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз:
БОҚШАны бойжеткен қыз емес, ҚАРТАЙҒАН ӘЙЕЛ жинайды