Орамалдың түйінін байлау да, шешу де көп мағына береді екен.
Қазақта киелі, баталы деген ұғымдарға сай келетін дүниелер өте көп. Қазақ үшін қастерлі болған бұйымдарды өз орнымен қолдана білсек, міндетті түрде келе жатқан қауіптің бетін қайтарып, жолымыздағы кедергілерді алып тастаған болар едік.
Өйткені, қазақтың қайсы ырым-тыйым, наным-сенімін алып қарасақ та ақиқаттан алыс емес екендігін көреміз. Дін мен дәстүрден ажыраған ұлттың болашағы жоқ. Сондықтан ата-бабамыздан қалған мұраны келешек ұрпаққа аманат етіп тапсыра білсек, дәріптей алсақ, ұл ретіндегі кемел келешек күтіп тұрғанына күмәніміз болмауы тиіс.
«Ақ жаулықты абыз ана», «Ақ жаулық кірлемесін» деп орамалды қастерлеген, қазақ анасы мен орамалы деген ұғымды екіге бөлуге болмайтын егіз ұғым қалыптастырған аналарымыздың ізін жалғап, ар мен абыройды ақ жаулыққа байланыстырсақ ешқашан ұтылмаймыз.
Орамалдың төрт бұрышы бар яғни төрт түлігің сай болып, төрт құбылаң тең болсын деген жақсы ниетпен жасы үлкен апалар, аналар таққан. «Шолтитып жас келіндерге ұқсамай, орамалдың да қомақты, көлемді болғаны дұрыс» дейтін көпті көрген, көңілге түйгені мол аналардың орамалдың да тартылу ретіне қарай белгілі бір мәнге ие болатындығын меңзейді. Мысалы, көпшілігіміз мән бермейтін орамал тағу әдісіне қарай әйелдің қоғамдағы орны мен дәрежесін анықтай аламыз. Жас келіншектер, тұңғышын босанған аналар мен немере сүйген әжелердің жаулық тағу әдістері мен байламдары да әртүрлі болған.
Орамалдың түстері де роль атқарады. Мысалы қызыл түс тұрмысқа шықпаған қыз балаларға тиесілі болса, кейбір жерлерде жаңа түскен жас келіннің балалы болғанға дейінгі аралықта тағуға болатын түсі. Ал сары түс сары уайымның белгісі деп мұндай орамалды тақпауға тырысады. Қара түс қайғылы жанның белгісі. «Қара жамылды, жесір атанды» деп әйелге қатысты айтылады. Неліктен? Осы жаулық тақырыбына байланысты бұл да. Күйеуі қайтып, жалғыз қалған жесір әйел күйеуінің қазасына қайғырып, бір жыл бойы қара орамалды басынан тастамай, аза тұтқан. Бір жыл өтіп, асы берілген соң, ауылдың жасы үлкен, ардақты аналары келіп қаралы әйелдің басындағы қара орамалды шешіп, орнына «ендігі жерде қайғы болмасын, уайым-қасіретің жоқ болсын. Балаларың аман болсын, солардың қуанышын көр» деген ырыммен аза тұтуы аяқталған жесір келіншектің басына ақ орамалды ырымдап байлайды. Ал орамалды үш бұрышты етіп тартып, бір бұрышын оң иығынан асыра алдына түсіріп қойған әйелдің басы жалғыз дегенді білдірген. Яғни отағасы жоқ, жалғыз басты аналар таққан. Мұны да қазір ескермей жүрміз.
фото: stom.tilimen.org
Ал, тұрмыста жолы болмай, күйеуімен айырылысып қайтып келген әйелдің артында баласы жоқ болса, яғни бала сүймегендіктен ажырасқан әйел орамалдың сол жақ ұшын түйіп байлап қоятын болған.
Қазіргі кезде мүлдем ескермейтін дүние бар. Ол жас босанған ананың жаулықсыз бала емізуі. Бұл мүлдем дұрыс емес. Әйел басы ашық болып бала емізбеген, өйткені «бұлай емізген бала тез ауырып, ішкен асы бойына тарамайды» деп секемденген. «Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз, Құнанбайды дәретсіз емізбеген» дегендей, тектіліктің тарауы да осы тазалыққа байланысты. Ал, ақ орамал тазалықтың бастауы.
Қазір орамалды неше түрлі сәнді етіп тағып жүретін келіншектер көп. Бірақ олардың да ескере жүретін жағдайлары бар. Мысалы, сән үшін орамалды бұлай байлау «керісінше, алдын артына қаратып, түйінін алдына қою» да үрдіске енген. Орамалдың ұшын айналдырып келіп маңдайға түйіп байлауға болмайды.
Өйткені қазақтың ырымында «алдыңды түйме, артыңа тақ» деген сөзі ешқандай түйіннің, байлаудың алдыңғы жақта болмаған. «Жауымыз желкемізде қалсын», маңдайымызда тұрмасын деген ниет.
Орамалды бастан шешкенде өте мұқият шешіп қағып-сілкіп жоғары іліп қою керек және шешкенде қолымызды артқа көтеріп тұрып байланған түйінін шешіп тастау керек алдымен. Орамалды бастан сыпырып тұрып шешу, яғни түйінін шешпей жұлып алу ол да жаман әдет. Басына қиын іс түсіп, «енді не істеймін?» деген шарасыз күйге түскен, күйзелген әйел ғана басынан орамалды сиырып шешкен дейді.
Аналарымыз өзінің көптен таққан тері сіңген, иісі сіңген орамалын алыс сапарға немесе жорыққа, соғысқа, әскерге кеткен баласына берген. Өйткені «Орамалымды иіскеп сағынышын бассын, әрдайым екеумізді байланыстырып тұрған осы қасиетті орамал ұлымды аман-есен өз шаңырағына алып келсін, елге оралсын» деген ниетпен орамалын берген.
Орамалға байланысты тағы да бір ырым бар, көп балалы, оларға жақсы тәлім-тәрбиесін берген абзал аналарымыз тері сіңген орамалын балалы болмай, бала көтере алмай жүрген әйелге «менің жолымды берсін, мен секілді көп балалы ана бол!» деп батасын беріп, өзі қолданған орамалын байлаған.
«Орамал тон болмайды, жол болады» деген сөздің астарында орамалдың жолы үлкен екенін меңзейді. Егер бір-бірімен ренжіскен, араз болған ағайынның арасына ақылгөй аналарымыз кешірім сұрап барғанда басындағы орамалын ортаға тастаған. Екі арада жақсы жол сыйластық қарым қатынас жол болсын деген тағы бір ырым бұл.
«Бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық, үшінші байлық он саулық» деп денсаулықтан кейінгі ең үлкен байлық екендігін анық айтып кеткен ата-бабамыз.
Айта берсек, қазақтың орамалға байланысты сөздері өте көп. Орамалдың қасиетін ұқтыратын да талай мысалдар бар.
Дайындаған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Тағы да оқыңыз:
«ТІЛАШАР» - баланың оқуға деген құмарлығын арттыратын дәстүр