​ОТҚАСАЛАР кәдесі келіннің әулетке ТЕЗ ҮЙРЕНУІНЕ көмектеседі

0
3 133

"ОТҚАСАЛАР" кәдесі туралы білесіз бе?


​ОТҚАСАЛАР кәдесі келіннің әулетке ТЕЗ ҮЙРЕНУІНЕ көмектеседі

фото: stan.kz

Мұндай салт-дәстүрдің, кәде жолы бар екенін үлкендер жағы жақсы біледі. Қазақ халқы өзі қонақжай халық болғандықтан, сый-құрмет көрсетудің де жолын жақсы біледі. Шаңырақтың қуанышында, той болғанда, құдалық рәсімдерінде ерекше кәделер жасалынады. Солардың арасында жиі айтыла бермейтін, ұмыт болып бара жатқан қаншама салт-дәстүрлер бар.


Солардың бірі - «Отқасалар» деп аталатын арнайы кәде. Яғни, кәде дегеніміз бұл сыйлық, арадағы сыйластық пен ынтымақтастықты, бір-біріне деген көңілді білдіреді.

Құдалық жоралғыларының ішінде арнайы жасалынатын кәделерді тізбектеп айтудың өзі артық, өйткені қазақ барда құдалық бар. Ал құдалықтың жөн-жоралғысын атадан балаға жалғасып келе жатқан мұра десек те болады.

Енді екі жақ құдаласып, дүркіреп той өткеннен соң жас келінді ағайын-туысымен таныстыру басталады. Алдымен жас келіннің қолынан шәй ішіп, жас келінді өз орталарына бейімдеу басталады. Оған да жақын-жуық әйелдердің арнайы сыйлығы болады.

Ата-бабамыздан қалған «отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап» деген сөздер де осындай думанның көпке дейін жалғасатындығының дәлелі болса керек. Келін түскеннен кейін ол үйреншікті жерінен, туған үйінен алыстап, мүлде басқа ортаға, танымайтын адамдардың арасына келгенде жабырқайтыны, көңілі құбылмалы, қобалжулы болатыны рас. Сондайда әсіресе жас келіннің енесінің қолдауы аса қажет. Келін ененің топырағынан жаралады дегендей, жас келін енесінің жанында жүріп, оның тәрбиесін алып, тәртібіне көніп, уақыт өте келе бір-біріне ұқсай бастайтын болғандықтан айтылатын шығар.

Мен де келін болып ақ босағаны аттаған кезде қатты қобалжыдым, басқа әлемге еніп кеткендей, өз өзімді біраз жоғалтып алдым десем де болады.

Сонда менің жанымда енем болып, үнемі маған көмектесіп, біраз үйренісіп кеткенше білместіктеріме түсіністікпен қарап жүрді. Келін болып түскеннен кейін бір апта өтер-өтпестен, ағайындардың үйі қонаққа шақыра бастады. Келіннің келген жеріне көзі үйреніп, ағайындарын жақынырақ тани түссін деген мақсатта «отқа шақыру» салты жасалынады. Ал арнайы қонақ етіп шақырып, дастархан жайып күтіп отырған үйге құр қол бару да ұят. Жаңа түскен келінін ертіп шақырған үйге енесі немесе абысыны барады. Сол кезде арнайы отқа шақырған үйге келіннің алып баратын кәдесін-отқасалар дейді.


көрнекілік фото: stan.kz

Отқасалар кәдесі ретінде келін бір көйлектік бұлмен (ерте кезде бір шаршы ақ мата болған) қоса өз жасауынан көңілі қалаған бір затын алып барады. Осы тұрғыда келіннің өз қолымен тіккен кестелі бұйымын немесе қайын жұртынан әкелген затын сыйға тартуы сол елдің ортасына тез сіңіп, өзара ынтымақ берекесінің артуына септігін тигізеді деп есептелген. Мұндағы мақсат алыс-берісті нығайту.

Енем екеуміз осылай келген әулетіме қатыс бар ағайын-туыстың үйіне қонаққа барып, отқа шақырту алып, отқасаларымызды апарып жүрдік.

Менің көңіліме ұнағаны сый-сияпат адамдардың көңілдерін көтеріп, бір-біріне деген құрметті, мейірімділікті, жанашырлық пен сыйластықты арттыра түседі екен.

Жас келіннің сол елге тастай батып, судай сіңуін жылдамдата түсетін салттар көп болса, келіндер тез үйренісіп кетер еді.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ЖЕТІ немесе ТОҒЫЗ үйден жинап әкелетін МЕРТІК АСты не үшін жегізеді


«ЖОЛАЯҚ», «ЖОЛАШАР», әлде «АЙТҰЯҚ» па?