АТАСЫ мен ӘЖЕСІ ме? Әлде ӘКЕСІ ме?
фото: boombastis.com
Дүниеге сәби келуі – кез келген отбасының басты қуанышы. Ана құрсағына бала бітісімен-ақ әкесі мен анасы, ата-әжесі, тіпті бүкіл әулет сәбидің аман-есен дүниеге келуін асыға күтеді. Ұл не қыз екенін білген күні-ақ әдемі есім іздей бастайды. Айналасынан естіген есімді қойын дәптерге түртіп жүретін ата-әжелер де бар.
Менің түсінігімде немеренің есімін қою – ата-әженің бұлжымайтын міндеті сияқты болатын. Бірақ өзімнің тұрмысқа шыққан жерімдегі заңдылық мүлде басқа. Бірінші Алланың қалауымен, екінші елдің тілегімен тұрмысқа шыққаннан кейінгі жылы құрсақ көтердім. Бұл жаңалыққа жолдасымнан бастап, бүкіл әулет қуанды. Содан тұңғышымның аман-есен дүниеге келуін тілеп, жүктіліктің әсерінен бірде күліп, бірде жылап күндерді өткіздім. Ай-күнім жақындаған кезде сәбиіме қандай есім береді екен деген ой мазалады. Әрине заманауи, құлаққа жағымды есім қойғанын қалайсың ғой. Содан күйеуіміз екеуміз ата-енемнен қандай есім ойлап жүргенін сұрадық. Егер бірнеше нұсқалары болса, таңдау жасайық деген ой еді біздікі. Бұл сұрағымызға қайынатам таңданып:
иллюстрациялық фото- Бала сендердікі. Ұлдың есімін өздерің қойыңдар. Негізінде шариғат бойынша баланың есімін әкесі қою керек. Әке бала үшін Алланың алдында бірнеше мәселемен сұралады. Соның бірі – есім қою дегенді естіген едім. Өзімнің әкем де немерелерінің ешқайсысына есім қоймаған. Бәрін өзіме міндеттеген. Мен де ата ізімен сол дәстүрді жалғастырамын. Бірақ орысша, түрікше есімдеріңе қарсымын. Сондай-ақ, мән-мағынасы жоқ есім таңдаудан да сақтаныңдар, - деді.
Мұны естіген соң ұлымызға әдемі есім іздеп кәдімгідей абдырап қалдық. Бір жағынан үлкендердің жолын кескендей қысылғанымыз да бар. Мұны сезген қайынатам:
- Шырақтарым, бізден қысылмаңдар! Балаға мағыналы, айтуға жеңіл ат ойластырыңдар. Есімнің ішінде де сәби көтере алмайтын ауырлары болады. Бұрынырақта бала күнімде «Сәби есімін көтере алмапты. Сөйтіп есімін ауыстырыпты. Әйтпесе ауырлықты көтере алмай ауырып қалады» дегенді де естігенмін.
Сонымен қатар, қайынаға, қайынапа, абысын, енелердің атын қойғыларың келсе, бір ауыз алдынан өтіп, рұқсатын алыңдар. Бұл да тәрбиенің нышаны болады, деді.
фото: syrboyi.kzШынында да, сәбидің есімін қою – айтарлықтай жүк екен. Өйткені «Пәленше сәбилі болды» деп сүйінші хабарды жеткізгендерге «Құтты болсын! Бауы берік болсын! Есімін кім қойыпты? Бұл есімді кім таңдапты?» деген сұрақтар бірінші кезекте қойылады. Сонымен қатар, баланың тілі шыққан кезде де «менің есімімді кім қойған?» деп міндетті түрде сұрайды. Сондықтан да мәнсіз-мағынасыз, ыңғайсыз, ұнамсыз есімдерді таңдаудан сақ болайық, ағайын!
Ал сіздің үйдің салты қандай? Сәби есімін қою кімге жүктеледі?