Қазақ шежіресі бойынша төртінші ұрпақты ШӨБЕРЕ дейді...
«Жақсы сөз жарым ырыс, жақсы тілек бүтін ырыс» дегендей, әдемі қарттыққа жеткен қарияларға тілек тілегенде «Немере-шөберенің қызығын көріңіз, жүз жасаңыз!» деп жатамыз.
Осындай қуанышқа жеткен де, жетпеген де бар. Немеренің қызығын көру өз алдына, ал шөбере алақанынан су ішу немесе май жалау кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ.
Қазақ үшін өмірдің бір қызығы-шөберенің алақанынан май жалау. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру-әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш. Соның ішінде шөбере деп аталатын төртінші ұрпақты көру көп нәрсені аңғартады. Бұл кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы-шөбере қолынан су ішкен адам бұл дүниеде бақытты, о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады дейді дін шариғатының білімпаздары. Былайша айтқанда елдің айтып жүрген «Шөберенің алақанынан май жалаған, шөпшектің қолынан су ішкен адам жұмаққа барады».
Мен тұңғышымды босанып, бала күтімімен үйде отырғанда анам келіп кетті. Әжемнің ұзақ жолға денсаулығы жарамайтын болғандықтан, сәлемдеме айтып, қызымды қолға ұстауға келетіндей шираған кезінде ауылға алып келуін де ұмытпай айтып жіберіпті.
Әжемнің тұңғыш шөбересі ғой, асыға күтіп отырғанын, «шөберемнің қолынан май жалайтын күнге жеттім-ау» деп қуанғанын анам айтып келген.
«Неге осы май жалуға сонша асығады екен? Әжем де қартайған сайын бала секілді болып қалған ғой» дедім мен де. Сөйтсем оның мәнісін ұқпаған екенмін.
Көз алдыма әжемнің менің қызымның алақанына май салып, оны жалап отырған бейнесі елестеді де күліп жібердім. Бұрын-соңды осындай сөзді естігенім болмаса, көзіммен көрмеген екенмін. Жәй ғана ырымын жасайтын шығар, айтылуы ғана солай шығар деп те ойлағанмын. Сөйтсем, бұл ырымды сөзбен емес, іспен орындайтынына көз жеткіздім.
Қызымды қырқынан шығарып, алып жүруге болатын кезде ауылға бардым. Өзім де әбден сағынған болатынмын, төркініме қызымды босанғалы бері емес, жүктіліктің соңғы айларында да бармаған болатынмын.
Бара жатырмыз деп үйге хабар бергеннен соң, олар жақсылап дайындалыпты. Дастарханды жайнатып, мені емес әжем нағашыларына алғаш рет қыдырып келе жатқан шөбересін қатты күткені көрініп тұрды.
Шәй ішіп, хал-жағдайымызды сұрасып, сағынышымызды басқан соң әжем бірден анама «Сақтап жүрген сары майым қайда менің? Алып келіңдер, ұмытып кетпей тұрғанда шөберемнің алақанынан май жалайын» деп асығыстық танытты.
Сонда ғана білдім, өз көзіммен көрдім бұл қызық салтты. Таң қалдым. Бір жағынан сүйсініп те тұрмын. Өте керемет көрініс, жүрегімді толқытып жіберді.
Әжемнің соншалықты неге асыққанын түсіндім, біз сол кеткеннен кейін әжем де көп ұзаған жоқ. Қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Екі ай ауырды да өмірден өтті.
Артынан Құран бағыштап, жәннаттық болуын нәсіп етсін деп тілеп жүреміз әрдайым.
Қалай болған күнде де төртінші, бесінші ұрпақтың көру көп жасау белгісі ғана емес, ұзақ ғұмыр кешудегі сапарының мазмұнды жолдары екені анық.
Баршаңызға «шөбереңіздің алақанынан май жалауды» нәсіп етсін Алла-Тағалам!
НҰР Әлем,
Тағы оқыңыз:
ҚАРА ШАҢЫРАҚ несімен КИЕЛІ?
ҰЛ БАЛАНЫ қонақ отырған жерге АУНАТЫП алу керек