​Сыбаға мен сарқыттың айырмашылығы бар

0
8 141

Анамның сөзін жерге тастамай ертеңіне-ақ ет асып, дастарқан жайдым. Көптен бері басымыз қосыла алмай жүрген абысындармен шер тарқатысып, ағайындар өзара жақсы бастамалар көтерді. Күнде көрісуге уақыт таппайтын көршілер де біраз шүйіркелесті. Шынында да сыбаға беруде адамдардың қарым-қатынасын арттырып, жақындастыратын жақсы қасиет бар екенін байқадым.


​Сыбаға мен сарқыттың айырмашылығы бар

Жақында ғана ағам соғым сойып, бес ағайындымыз өзара бөлісіп алдық. Сөйтіп қара шаңырақта ет асып, қонақ шақырдық. Көрші-қолаң, ағайын-тума, құда-құдағи, дос-жаран тегіс келіп, соғымнан ауыз тиді. Ет желініп, сорпа ішілген соң қонақтардың арасындағы егде тартқан Алпамыс атамыз әруақтарға арнап құран бағыштады да, «сыбаға үлестіргендеріңе үлкен рахмет» деп ата-анама алғысын білдірді.

Сөйтіп сыбағаның не екенін, кімдерге не үшін берілетінін қонақасыға келген жастарға кеңінен айтып берді. Бүгінгі заманда сыбаға беру дәстүрінің өзгергенін, тіпті, кей жерлерде ұмыт бола бастағанын да сөз етті. Сыбаға беру көрегенділіктің белгісі екенін, өнеге боларлық іс екенін айтты.

Атамыздың айтуынша, жалпы сыйластықтың көрінісі болып табылатын сыбаға беру қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Әсіресе соғым кезінде сыбаға беру дәстүрі жиі орындалады. Соғым иесі ауыл-аймаққа, жақын-жұрағатына соғымнан тиесілі сыбаға береді. Сыбаға беру дәстүрі қазан асылып, тамақ берумен орындалады. Үйге келген елдің қарияларына, алыстан келген құдаларға, жасы мен жолы үлкен кісілерге бас, жамбас, жая сынды мүшелер тартылса, ал құдағиларға жамбас, күйеулерге төс салынады. Ал асқа келе алмағандарға арнайы сыбағасын беріп жібереді. Әркім өзіне тиесілі сыбағасын алған соң алғысын білдіріп, қажетінше сый-сияпат көрсетеді.

Сыбаға туралы азды-көпті мәлімет алған соң, етімізді арқалап елімізге қайтуға дайындалдық. Бізді шығарып салып жүрген анам «сыбағаның қасиетін ұқтыңдар, енді осы дәстүрді өз отандарыңа барып жалғастырыңдар» деп тапсырды. Сонда мен: «Құдаларыңыз онсыз да өз сыбағаларын жеді ғой. Сол жетпей ме?», - дегенімде анам оның жөні бөлекекендігін айтты. «Ата-енең келсе, біздегі сыбағасын алды, ал сен де өз алдыңа үйсің. Сондықтан да соғымды алып барған соң жақсылап ет асып ата-енеңді, қайын аға, қайын інілеріңді, абысын-ажындарың мен көршілеріңді шақырып, дәм татқыз. Бұл көргенділіктің, сыйластықтың, құрмет көрсетудің көркем үлгісі саналады. Ал келе алмаған қонақтарыңа мүмкіндік болса, ет беріп, дастарқаныңдағы тәттілерден салып бер. Олар да соғымнан ауыз тиіп, өз сыбағаларын алсын» деп қатаң түрде дайындады.

Анамның сөзін жерге тастамай ертеңіне-ақ ет асып, дастарқан жайдым. Көптен бері басымыз қосыла алмай жүрген абысындармен шер тарқатысып, ағайындар өзара жақсы бастамалар көтерді. Күнде көрісуге уақыт таппайтын көршілер де біраз шүйіркелесті. Шынында да сыбаға беруде адамдардың қарым-қатынасын арттырып, жақындастыратын жақсы қасиет бар екенін байқадым.

Қонақасыға келген бір көршім сарқыт жайында әңгіме қозғап қалды. Бүгінде той-томалақта, құдайыда қалта таратып, «сарқыт алып кетіңіздер» дейтіндер көбейді. Жалпы сарқыт пен сыбағаның қандай айырмашылығы бар деп көпшілікке сұрақ қойды. Бәріміз де білгеніміз бен естігенімізді жарыса айттық.

Жалпы, сыбаға арнайы дайындалған сыйлық. Ол мейлі ет болсын, басқа да тағам болсын, оны әркімнің жолына, құрметіне, орнына қарай беріледі. Ал сарқыт жайылған дастарқаннан берілетін тағамдар мен тәттілер. Кейбіреулер қазандағы тамақтан да үйіндегі жүкті немесе емізулі келіндеріне, асқа келе алмаған отағасына арнайы сарқыт алады. Ал кішкентай балалары мен немерелеріне тәттілерден сарқыт ретінде қалтасына салады.

Энциклопедияны қарап шықсаңыз, сыбағаның бірнеше түрін тізіп, әрқайсысына анықтама берілген. Мәселен, сыбағаның болжаусыз түрі тосыннан келген, яғни бүгінгі тілмен айтқанда ескертусіз келген қонақтарға арналған. Ол кезде үй иесі еттің жақсы жерін қазанға салып асады. Сөйтіп қадірлі қонағы несібесіне қарай өз сыбағасын алады. Ал арнайы дайындалған сыбағаны алыстан келетін құдаларға сақтайды. Қаладан ауылға аунап-қунап қайтуға барғандардың да өзіне тиесілі сыбағалары болады. Сонымен қатар күйеулерге, төркіндеп келген қыздарға, кішкентай бүлдіршіндерге де арнайы сыбаға үлестіріледі.

Сыбаға беру дәстүрі сөз болғанда ойымызға ең алдымен ет оралатыны анық. Ал бүгінгі таңда сыбағаға еттен бөлек, құрт, май, жеміс-жидектер мен көкөністер, тәттілер мен бағалы заттар берілуде. Оған қоса, алтын-күміс алқалар мен киім-кешектерді де сыбаға ретінде ұсынып жатқандарды көріп жүрміз.

Ләззат Ахметова