​Теріс БАТА алғандар қалай КЕШІРІЛЕДІ?

0
11 034

Міне, осыдан соң жүрегіңдегі жара жазылып, ісің оңға басады.


​Теріс БАТА алғандар қалай КЕШІРІЛЕДІ?

иллюстрациялық фото: liferealman.com

Бата беру – қазаққа ғана тән үрдіс емес. Оны жаратушының бар екеніне сенетін, Алладан үміті бар мұсылман халқы түгел біледі десек қате болмас. Бірақ әр елде бата беруді әрқалай айтатын болар. Дастарханымыз қандай жағдайда жайылса да астан соң міндетті түрде бата беріледі.


"Бата беруші Алладан бар жақсыны сұрап, жанындағыларға ізгі тілектерін айтады. Бата жайылған дастарханға, жол жүріп бара жатқан жолаушыға, оқуға түсетін талапкерге, әскерге аттанатын болашақ сарбазға, тіпті, балабақшаға, мектепке баратын бүлдіршіндерге де беріледі. Бата алған адамның ісі оңға басады деп сенген халықпыз. Мен үшін бата – жақсылықтың жаршысы іспетті болатын. Бұл ойым пойыздағы мына әңгімеден соң күрт өзгерді.

иллюстрациялық фото: musulmak.ru

4 кісілік купенің төменгі қабатынан орын алып, Қарағанды қаласына жолға шықтым. Купеге келсем жасы үлкен ерлі-зайыптылар отыр екен. Байқауымша Сарыағаштан мінсе керек. Өйткені заттарын жайғастырып алған. Менің тосылып қалғанымды байқаған әйел кісі: «Келе ғой, төменгі орын сенікі ме? Бос болған соң жайғасып отыр едім» деді. Менен жасы әлде-қайда үлкен болған соң «Иә, менің орным» деп айтуға ыңғайсыздандым. Қимасам да: «Осында жайғаса беріңіз. Мен жоғарғы қабатқа көтерілемін» дедім. Артымша жасы 70-тен асқан қария кісі кірді. Заттарын немересі көтеріп келіп, атасына төменгі орынды беруімізді өтініп, орналастырып кетті.


Әлгі апай маған қарап «бұйырмады» деп күлді. Әрине осындай қарияларға орын бермесек кім болғанымыз?!


Көпке кідірмей пойызымыз да жылжи бастады. Тар бөлмедегі төртеуміз танысып үлгердік. Атаның есімі Наурызбай екен. Асылбек аға мен Күләш жеңге де өздерін таныстырып өтті. Наурызбай ақсақал Шымкенттің тумасы. Ал Асылбек аға Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан екен. Күләш жеңгей Қарағандының қызы болып шықты. Жақсылап танысып алған соң, дастарханды жайдық. Араларындағы ең жасы мен болған соң "барып кел, шауып келді" мойныма алдым. Үлкен кісілер емес пе? Кішкентай ғана шәйнекті көтеріп, термостың жанына сан рет барған шығармын.


Түрлі тақырыпта әңгімелер қозғалды. Әсіресе, атаның бала тәрбиесі туралы әңгімелері мені баурап алды. Асылбек ағаның да оңды пікірлері, өткір сөздері атаның көкейіне қонса керек, бұл ағаның жақсы азамат екенін айтып қалды. Бірақ аға мұндай мадаққа лайық еместігін, өзінің жаман адам екенін жасырмады. Аңтарылып қалған бізге басынан өткен оқиғасын айтып берді.


Асылбек аға мектеп бітірген соң арманының жетегімен Шымкентке келген екен. Бірақ қолдың қысқалығы, отбасының жағдайы ағаның арманына балта шауыпты. Әкеден 2 ұл, 3 қыз екен. Бұлар бала кезден әкесі ащы сумен достасқан көрінеді. Балалардың тәрбиесі, әл-ауқаты, киім-кешегі бәрі-бәрі тек анасының мойнына жүктелген екен. Үйдің үлкені болған соң арманын шетке ысырып нәпақа табудың қамына кірісіпті. Ерте көктемнен егіске барып сыпыртқы мен семішке егіпті. Күзде өнімін жинап Ақмола, Қарағанды қалаларына сатуға шығады екен. Осылай жүріп інісін, қарындасын оқытыпты.

Сауданың тілін меңгерген соң егінді қойып, алыпсатарлыққа өтіпті. Көркем жігіт базардың көркін келтіріп жүргенде Күләш жеңгеймен танысыпты. Тағдыр болу керек бір көргеннен ғашық болып, үйленуге шешім қабылдаған. Бұл кезде інісі ЖОО бітіріп, қалаға жұмысқа орналасыпты. Сүйіктісінің қолынан ұстап, ауылға жетелеп келген кезде Асылбектің әкесі баласының сезіміне су сеуіп, махаббатын аяқасты еткенге ұқсайды. Екеуінің үйленулеріне қарсы болып, шу шығарыпты. Басу айтқандарды сөгіп, тіпті анасына да қолы тиген екен. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Күләш жеңгей көз жасына ерік беріп, өз еліне қайтыпты. Ал Асылбек сезімнің отымен алысып 6 айды әрең өткізген.


«Ол кезде қазіргідей телефон қайда? Күләштің дауысын есту мұң болатын. Түнді ұйқысыз, күнді күлкісіз өткіздім. Менің жағдайым анама, бауырларыма ауыр тиген болу керек. Інім: «Аға, бақытыңызды табыңыз. Біз үшін бір арманыңызды тұншықтырдыңыз. Екінші ретте үнсіз қалсам азаматтығыма сын. Үйді маған тапсырыңыз. Сіздің бақытты болғаныңызды қалаймын» деп жігерлендірді. Анам да қарсы болмады. Бәрінің келісімімен аттанғалы тұрған жолымды әкем кес-кестеді. Ағайын-туманың сөзіне түкіріп, теріс батасын берді. Жиналғандардың қолқалауымен артыма қарамай, Қарағандыға жол тарттым. Содан сүйгеніме қосылып, шаңырақ көтердім. Дүбірлетіп той да жасамадық. Құдалық та болмады. Жетім жандардай үнсіз үйленіп алдық.


Мен кеткен соң әкем қырғын жасапты. Бәрін үйден қуып, біраз трагедия болған, деп өткенін есіне алды Асылбек аға.


Көңіл-күйі құлазып тұр. Біраз өзіне келгенше сұрақ та қоймадық, ойымызды да білдірмедік. Байқаймын, тамағына өксік кеп тірелді...


«Содан міне, 40 жыл өтті. Әкем кешірмеген күйі дүниеден озды. Анам да, бауырларым да жат болып қалды. Арасында қанша рет келіп кешірім сұрадым. Немерелерін көрсе жібитін шығар деген үмітім де ақталмады. Намысыма тиетін қанша сөздер айтса да көтердім. Әкем емес пе? Бірақ өзегімді өртеген өкінішті, жылдар алдын салынған жараны жаза алар емеспін. Әкенің қаһары, Алланың қаһары емес пе?, деді тұншығып.


Мына әңгіме бізді есеңгіретіп қойды. Көпті көрген Наурызбай ата ағаның желкесін қысып: «Жасыма, батыл бол, теріс бата алдым деп өзіңді жеме. Байқаймын балаларыңа өнегелі әкесің, айналаңа үлгілі азаматсың. Басыңды бағалап, құрметтейтін жарың бар. Іздеп тұратын бауырларың бар», деп жұбатты.

иллюстрациялық фото: reality-yoga.ru

...Иә, қазақ халқы теріс бата алудан қатты сақтанған. Қарғыс арқаламай, алғыс алуға асыққан. Көп жағдайда теріс батаның қағыс кететіні бар. Негізінде теріс бата – ата-тегіне зиын келтіріп, қанын былғағандарға беріледі. Сен махаббатың үшін күрестің. Бұл айып емес қой, шырағым. Сол кездегі іс-әрекетің ақымақтық болар. Бірақ «сүйгенің үшін күресу – үлкен жеңіс» деп білемін. Сенен бәрі бүтіндей баз кешіп кеткен жоқ қой. Бауырларыңмен қатынасың түзу. Егер жеңілдегің келсе әйелің мен балаларыңды ауылға апарып, әкеңнің көзін көргендерді, құда-жекжаттарды, туыс-бауырларды түгел жинап, ас бер. Бұрында қазақта теріс бата алғандар қателігін түсінген соң «жалбарыну» деген рәсім жасаған. Міне, осы кезде жүрегіңдегі жара жазылып, ісің оңға басады. Әкеңнің де әруағы риза болады» деді.


Бұны құп көрген Асылбек аға мен Күләш жеңге әлі де үміттің бар екеніне сенді.


Көңілсіздеу біткен әңгіменің соңы БАТА деген қасиетті ұғымның адам өмірін күл-талқанын шығарар екінші жағы да бар екенін алғаш білуіммен аяқталды.

"Теріс бата" қай жерде, неге, кімге беріледі? Осынау сұрағымның тұщымды жауабын берер жанды таппай жүрмін... "


Жазып алған - Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Қазақтың қандай КЕЛІНІ қыз ҰЗАТА алмайды?



Бір уақытта босанған келіндерге қандай салт жасалады?