​Тұңғыш баланы ата-әжеге беруге болмайды екен

0
17 740

Тұңғыш перзентті ата-әжеге беру дұрыс шешім деп ойлайсыз ба? Оның соңы өкінішке алып бармай ма? Сіз не дейсіз?


​Тұңғыш баланы ата-әжеге беруге болмайды екен

урет: zhasorken.kz

Неге дейсіз бе? Себебін Шымкент қаласының тұрғыны Асқар ағаның өзі айтып берсін. Бұл көрші кісімен әңгіме арасында туындаған тақырып болды.

Таңертең ерте тұрып абыр-сабырмен балаларды мектепке апару үшін апыл-ғұпыл үйден шығамыз. Қыстың таңы өздеріңіз білесіздер кештеу атады. Сағат 7-30 кезі дала тас қараңғы болатыны анық. Бүгін де әдеттегідей ерте тұрып, жолға шыққанбыз. Қиылыста көршіміз Асқар аға (ред. аты-жөні өзгертілген) кенже қызымен такси тоқтатып тұр екен. Мектепке дейін сиысармыз деп көлікке мінгізіп алдық. Амандық-саулықтан соң қайда шыққанын сұрадым. Білуімше, қызы түстен кейін оқитын еді. «Жеңгем екеуіңіз де таңнан кешке дейін жұмыста болсаңыздар, қыздарыңызды ата-әжесіне бермейсіздер ме? Түске дейін жұмыста отырып шаршайтын шығар. Сіздің ата-анаңыз мектептің жанында тұратын сияқты еді ғой» дедім.

иллютрациялық фото: singaporemotherhood.com

Миығынан күліп алды да, «ата-анам жіберген қателікті мен қайталамаймын, өз өмірімдегі қиыншылықты ұл-қыздарымның көргенін қаламаймын», деп әңгімесін әріден бастады.

- Мен дүниеге келгенде ата-анам студент болған екен. Тіпті, аузыма ана сүті бармай-ақ ата-әжемнің бауырына тастап өздері Алматыға кеткен. Ешкінің, сиырдың сүтімен өстім. Әкемнің іні-қарындастарын өзімнің бауырым деп білдім. Ал әке-шешеме аға-жеңгем секілді қатынаста болдым. Олар да маған салқындау-тын. Анам келгенде еркелетіп, еміреніп бауырына баспайтын. Ал әкем мүлде маңайына жолатпайтын. Ата-анамның тарапынан ондай қамқорлықты көрмеген соң мен де оларға жат болып өстім. 3 жылдан соң інім дүниеге келді. Олар әлі де қалада, ал мен ауылда. Інімде бар киім, ойыншық, маған арман-тұғын. Өз балалары болсам да өгейдің күнін кештім.

6-сыныпқа барғанда кенеттен атам қайтыс болды, артынан көп ұзамай әжем қайтыс болды. Сөйтіп қарашаңырақтағы ағамның қолында қалдым. Былайша айтқанда, ағамның барып кел, шауып келімін, жеңгемнің бала күтушісімін. Ер жетіп, бойымды түзеп, қыз-қырқынға қырындайтын шаққа келгенде, өмірімнен мән кетті. «Асек», «атасының қоңыр қозысы» «апасының құлыншағы», «тай бала», «ерке бала» деген аттарды есіту арман болды. Олардың өз балалары өскен сайын мен салмақ бола бастадым. Ашып айтпаса да анық байқалатын.

Күндердің күнінде ағам әкемге хабарласып, мені өз қолдарына алуын айтты, тәрбиеме тиісті, әйтеуір сиыстырмайтын жеткізді. Әкем де еш сөзге келместен мектеп бітіргенше шыдай тұруларын өтінді. Сөйтіп 10-сыныпты қала мектебінің партасында жалғастырдым. Әкемнің тұрмысы ауылдағыға қаарғанда әлде-қайда жақсы. Бірақ маған бәрі де жат секілді. Қалауымша ас үйден қалағанымды ішіп-жей алмаймын, рұқсатсыз тоңазытқышты аша алмаймын, қажетімді тағы да сұрай алмаймын. Ең сорақысы, әкемнің мойнына асылып, анамның бауырына кіре алмаймын. Өзімнен кіші бауырларым әкемнің мойнына мініп, анамның етегіне оратылып жатқанын көргенде қызыға қараймын. Ішімді алай-дүлей қызғаныш кернейді, өзегімді өкініш өртейді. Бірақ, амалым жоқ. Анам да маған ұлына емес, бейне бір қайнысына қарағандай қарайды. Үйдің үлкені деп таңдауды бірінші маған жасатпайды. Есейген кезде көлікті де бірінші інім мінді. Мұның бәрі де көңілге тиеді екен. Университет бітіре салысымен үйлендірді. Оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Қызметті де, келіншекті де Шымкенттен тауып, осында қоныстанып қалдық. Өзімнен кейінгі екі інім де Астанада оқыды, ал қарындасым шетелде оқуын жалғастырды.

Тұңғышым дүниеге келгенде ата-анам елге жақындайық деп осында көшіп келді. Бізді қолына алғысы келгенімен, мен ыңғай танытпадым. Бағынышты болғым келмегендіктен емес, балаларымның екі жаққа қарап жалтақтауын қаламадым. Қазірдің өзінде бірге барып, бірге қайтамын.

Түске дейін ата-әжесінде қалдырғанша, жанымда жұмыста болғанын қалаймын. Өйткені менің тәтті өмірім дәм-тұзым таусылғанша емес, ата-әжем дүниеден өткен кезде таусылды.

Егер, менен ең бірінші қандай арман айтасың, кімге қандай өсиет қалдырасың десе, еш ойланбай тұңғыштарыңды ата-әжесіне бермеңдерші, деп жалынушы едім. Өйткені баланың өмірін қиындатып қоямыз, -деп әңгімесін аяқтады Асқар ағам.

Ал, Сіз ше, қадірлі оқырман! Тұңғыш перзентті ата-әжеге беруге қалай қарайсыз? Асқар ағаның айтқандарымен келісесіз бе, осындай оқиға сіздің де басыңыздан өтті ме? Келіңіз, сырласайық, құпиямызды бөлісейік. Мүмкін осы тақырыпта сіздің де айтарыңыз бар шығар.


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


«Ашамайға мінгізу» салты туралы білесіз бе?


Бесікті неге нағашылары әкеледі?


Өкіл ата-ананың міндетін білесіз бе?