Түшкіргенде не айтып жүрсіз?
Адам түшкіргенде оны естіп отырған жанындағы адам оған амандық тілейді. Амандық тілеуді де әркім әртүрлі айтып жатқанын да көреміз.
Қазір көбінесе түшкірген адамға қарата айтылған «Сау бол!» деген тілекті көп естиміз. Бұл негізі орыс тілінен тікелей аударма ретінде қолданылатын сөз. «Сау бол» деген сөз орыстардан енген «Будьте здоровым» деген сөз дейді мамандар.
Ал «Аққас» деп түшкіргенде айтылатын тілек сөзді мен көбінесе кішкентай балаларға айтылып жататынын еститінмін және үлкендерге бұлай айтылмайды деп ойлаушы едім. Оның мағынасын білгенімде жақсы тілек екенін білдім. «Денің сау болсын, ауырма, аман бол!» деген мағынаны білдіреді. Дəл мағынасы «Қасың ағарып қартайғанша денің сау болсын, жамандық көрме, қайғы-мұңсыз өмір сүр» дегенге саяды.
Ал, аракідік қариялардың түшкірген жанға «Жәрекім Алла, бер Тәңір» деген тілек сөздерін де байқаймыз, бұл «Алла жар болсын, тілегіңді тәңір берсін» дегенді аңғартады.
«Ақтұш, ақтүйенің сүтін іш», - деп айту да денсаулық тілеген нышанда айтылады. Мұның барлығы да бізге жақсы таныс.
Мұсылман адам түшкірген кезде «әлхамдулиллаһ» дегенді міндетті түрде айту керек дейміз. Осыны неліктен айтамыз? Әрине, Аллаға шүкіршілік айту өміріміздің әрбір сәтінде жүзеге асуы тиіс. Кейбір адамдардың пайымдауынша, түшкіргенде жүрек қысқа уақытқа тоқтайды. Сол әрі қарай тірі қалғанымыз үшін, «әлхамдулиллаһ» деп айтамыз деген түсінік те бар. Бірақ мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын да ғалымдар зерттеп, медицина да жоққа шығарды. Яғни, «түшкірген сәтте жүрек тоқтайды» деген болжам шындыққа жанаспайды. Аталмыш тұжырым орта ғасырдан бастау алады.
«Шынында Алла түшкірікті жақсы көреді. Есінеуді ұнатпайды. Түшкірген адам Аллаға мақтау айтсын (әлхамдулиллаһ десін). Онысын естіген барлық мұсылманға «ярхамукәллаһ» деп жауап қайыру міндет (ақысы). Ал, есінеу болса, ол -шайтаннан. Қайсы біріңіз есінегісі келсе, қолдан келгенше оны болдырмауға тырыссын. Өйткені, есінеген кездеріңде Шайтан оның ішінде күліп тұрады»[2], - делінген хадисте.
Әйткенмен, түшкірген уақытта кейбір әдеп нормаларын сақтауды ұмытпаған жақсы. Мысалы, мұсылман адам түшкірген кезде дауысы тым қатты шығып кетпеуін қадағалауы тиіс. Және мүмкіндігінше орамалмен немесе қолмен ауызды жапқаны абзал. Сондай-ақ, дастарқан басында түшкірігі келген мұсылман жаюлы тұрған асқа қарай түшкірмеуі ләзім.
Мұның барлығын біз бала күнімізден апа-әжелерімізден естіп өстік қой, «аузыңды ашып есінеме, қолыңмен көлегейле!» деген тыйымға неліктен деп сұрақ қйосақ, «шыбын кіріп кетеді» деп күлетін еді ғой.
Оның да себебі осы екен, Аллаға ұнамсыз іс болғандықтан кішкентайымыздан үйретті. Түшкірсек, «Аққас, табаныңмен боқ бас!», «Ақтұш, ақ түйенің сүтін іш!» дегенді айтатын үлкендер. Кейін біз де үлкендерден көргенімізді қайталадық. Бірақ оның мағынасын білгеннен кейін, тек балаларға ғана емес, жалпыға бірдей айтуға болатынын, оның ізгі ниеттен туған тілек екенін түсіндім.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз: