​ТЫРНАҚ КЕМІРУ жаман әдет қана емес, жаман ырым

0
5 859

Бұл әдет жағымсыз. Әсіресе, балаларда жиі кездеседі.


​ТЫРНАҚ КЕМІРУ жаман әдет қана емес, жаман ырым

фото: msn.com

Әрбір адамда ұнамды және ұнамсыз қасиеттер болады. Қасиет дегеннен гөрі әдет десек дұрыс болатын шығар. Өйткені, қасиеттің жаман түрі болмайды екен. «Қасиет» деген сөздің өзі адамның жақсы болмысы, адамға пайда келтіретін тұсы.

Сондықтан, жаман әдеттерден арылып, жақсы қасиеттерімізді арттырудың жолында еңбектенгеніміз дұрыс-ақ әрбіріміздің.

Бұл әдет жағымсыз. Әсіресе, балаларда жиі кездеседі. Мектеп жасындағы балалардың көпшілігінде осы әдет байқалады. тіпті, ересек адамдарда да кездесіп қалады. Бала күнгі қалыптасқан әдеттен арыла алмау ма, әлде денсаулықтағы ақаулықтың бір белгісі ме бұны да дөп басып ешкім айта алмаса керек.

Кейін «есі кіргенде өздігінен қояды» деп бұл нәрсеге мән бермей, немқұрайлы қарауға болмайды. Яғни, жасы кіші балалардың көпшілігінде кездесетін тырнағын тісімен тістеп алып тастау жайлы дініміз, дәстүріміз не дейді? Осы жайлы тарқатайық.


Ертеде бір кедей болыпты. Ол қанша еңбек етіп, тер төксе де, еңбегі зая кете беріпті. Анда-санда бір тойса, шала байып қалады екен. Бір күні Мәдина шаhарында Мұхаммед (с.ғ.с.) деген Тәңірдің елшісі барын естиді, оған барып жолығуға бел байлайды. Ұзақ жол жүріп, пайғамбарға келеді.
-Уа, Тәңірдің елшісі, мен байлыққа жарымай-ақ қойдым, қанша тер төксем де, еңбегім зая кетеді, соның себебі неде? -деп сұрайды.

Жігіттің бір жаман әдеті бар екен, ол өскен тырнағын тісімен алып тастайды екен. Пайғамбардың алдында тұрғанда да сол әдетін қайталапты. Пайғамбар (с.ғ.с )жігіттің мазасыз халін көріпті де, оның басынан сипап:
-Тырнақ тістегеніңді қой, бұл - жаман әдет. Әділ Құдай сенің адал еңбегіңді жемейді. Адал кәсіптің құты мен берекесі отбасыңа дарығысы келеді, бірақ мына жағымсыз әдетің оны үркітіп жібереді екен, - депті.
Жігіт кедейшілік себебінің сырын білген кезде таңғалады, жаман әдетінен дереу тыйылады. Көп ұзамай ісі де алға басып, дәулетті адам болған екен.


Осы аңызды мен бала кезімде естімеген екенмін. Мүмкін бұл аңызды білетін адам болмаған шығар айналамда.

Бірақ, өмір бойы мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеген, зейнет жасындағы әпкеміздің өз немересіне осы әдетін байқаған соң айтып берген аңызы ойландырып қойғаны бар. Тырнағы сәл өссе, тырнағына қайшы тигізбей, тісімен тістелеп, тырнағын алып отыратын балаларды байқасам, өзім де айта жүретін болдым.

фото: healthhearty.com

Сонда маған таң қала қараған бір құрбы келіншектің айтқан әңгімесіне мен де таң қалдым.

«Менің жасым қазір қырық алтыда. Тырнағымды өмірімде қайшымен алып көрмегенмін. Бала күнімде анам әрдайым «тырнағыңды тістеме! Ол жаман әдет» деп тыйып тастап отыратын еді. Содан кейін өзі қайшымен алып беріп жүрді тырнағымды. Кейін есейгенде де анам тырнағымды алып бермейді ғой. менің жанымда үнемі қадағалап жүруге де уақыты бола бермейтін. Содан кейін қайтадан сол өскен тырнағымды тістелеп, алып тастайтынмын. Бұл жағымсыз әдет екенін өзім де іштей түсінемін, әрине. Көрер көзге де ерсі екенін білемін. Дегенмен, жұрт көзінен тасада осылай алып тастаймын ғой.

Кейін бойжеткен соң, тырнағымды әрлетіп, сұлулық салондарына барып та көрдім. Мұндағы ең басты мақсатым, тырнағымның әдемі болып, күтім көруі емес, осы бір қаныма сіңіп кеткен әдеттен арыламын ба деген ой болатын.

Әсері болмады. Дәрігерге де бардым, жаныма тиді шынымды айтсам осы құбылыс. Жаныма жақын деген адамдарға мендегі дерт пе, әлде басқа ма деп кеңес сұрағанымда олардың берген кеңесі ғой дәрігерге бар деген. Ол кісілер «сенде невроз болуы мүмкін» деп шошытып қойған соң, дәрігерге қаралдым. Ал дәрігер денсаулығыңда ешқандай ақау жоқ, сенде барлығы дұрыс деп шығарып салды. Әрине, денсаулығымда кінәрат болмағаны үшін қуандым. Бірақ осы әдеттен арылуым үшін мүмкін, осындай ой салатын әңгіме, аңыз естуім керек болған шығар...» деген еді.

Жан-дүниесіне қатты әсер еткен болар, содан кейінгі жолыққанымда «Сенің сөзің әсер етті ғой, тырнағымды аузыма жақындата бергенде сол аңыз есіме түседі де қолымды тартып аламын. Қазір Аллаға шүкір, сол жаман әдетімнен тыйылдым. Негізі адамның өзіне байланысты екен» деген болатын. Егер сізде де немесе айналаңыздағы адамдардың бірінде осындай әдет бар болса, септігіңізді тигізіңіз. Бұл жай ғана ырым емес, өміріңізге тікелей қатысы бар ырым.

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Шайды ҚАЙЫРЫП ҚҰЮдың мәні неде?


Құдалардың алдынан АРҚАН ТОСУ қайдан шыққан?