​Үйге ҚОНАҚ КЕЛГЕНДЕ мұны ІСТЕМЕҢІЗ!

0
6 482

"Қонақ қойдан жуас" дейді қазақ...


​Үйге ҚОНАҚ КЕЛГЕНДЕ  мұны ІСТЕМЕҢІЗ!

Қазақ дегенде ауыз толтырып, біз батыр халықтың ұрпағымыз, ата-бабаларымыз осындай болған, ұлан-ғайыр жерді келешек ұрпағының үлесі ретінде қалдырып кеткен деп мақтанғанда да алдымызға жан салмайтын халықпыз.

Сонымен қатар, қазақ халқы дегенде жат елдіктердің де айтары және өзіміз де ішінара айтып жүреміз, «біз қонақжай халықпыз» деп.

Біздің халықтың ерекшелігі де сонда, басқа ұлттармен салыстырғанда қонақты төбесіне көтеріп сыйлайды және ол міндетті түрде жақын адам емес, жолаушылап өтіп бара жатқан, арып-ашып жол үстінде жүрген адамды да жақсылық жасап, үйіне кіргізіп дәм татқызып, әлдені, тынығып алуына жағдай жасаған. Ауыл шетіне іліксе болды, кез келген үйге кіріп, «құдайы қонақпын» деп есігін қағатын адамды төріне шығаратын дәстүр қазір мүлдем жоқ десе де болады.

Бұл дәстүр әрине керемет, бірақ заманның және адамның да өзгеріп, бұрынғыдай еместігін барлығы да түсініп жеткен.

«Қазақ осы, аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы- ағыл-тегіл, көл-көсір» деп қазақтың дархан мінезін, даладай кеңдігін паш еткен Қадыр Мырза Әлі ақыннан асырып ешкім де айта алмайтын шығар.

Қазақ осы- ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.

Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады- деп қолындағы барын қонағына беретін жомарттығын да тілге тиек етеді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Енді мұндай қолы ашық, жомарт жандар аз емес, дегенмен, қонақ келсе қабағы түсіп, амалсыз қарсы алып, қатқыл шығарып салатындарды да жоқ дей алмаймыз. Ел ішінде әртүрлі адам бар, әр адамның мінез-құлқы әртүрлі.

Мінез-құлықты қабылдауға болатын шығар, бірақ қонақ қашанда үй иесінің ыстық көңілін, жылы қабағын күтеді.

Үйге келген қонаққа деген сыйластығың ас та төк мол дастарханмен ғана өлшенбейді, жайдары көңілмен қарсы алып, бабын тауып шығарып салсаң ең үлкен сыйластық сол болмақ.

Ал қонақ келгенде оған сыйластық танытпағандығыңыздың белгісін білетін шығарсыз?!

Қонағын сыйламаған адам қонақ келгенде үйін сыпырады немесе баласын ұрады. Сондай-ақ, ыдыс-аяғын салдырлатып, қонаққа пісіріп беретін асын да ашумен жасайды. Одан кейін қонақ бұл үйде өзін жайсыз сезінбей қайтсін?!

Сондықтан, қонақты құдайыңдай күтіп, риза етіп жіберуге тырысу керек. Риза болған қонақ та үй иесіне шын ниетімен жақсылық тілейді, береке тілейді.

Үлкен кісілер ақ батасын беріп, дұға етеді.

Сондықтан адам бір-біріне ғана емес, мына өмірге де қонақ екенін ескеріп, ешқашан көңілге қаяу түсіріп, бет көріспейтіндей жағдайға жетпеуі керек.

Егер сіздің де үйіңізге келген қонаққа құрметсіздік танытатын болсаңыз, өзіңіз де құрметсіз боласыз.

Қазіргі кезде тағы бір ескеретін жағдай қонақ бұрынғыдай шақыртусыз, ескертусіз келмейді. Бір сағат бұрын болса да, «Үйдесіз бе? Үйіңізге кіріп-шығайын деп едім» деп рұқсат сұрайды.

Өйткені «келгенше қонақ, келгеннен соң үй иесі ұялады» дегендей, үй иесі де қонақтың алдында ұялып қалмайтындай жағдай жасай алады.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жас келін өзінің "Беташарында" ПАЛАУ ЖЕМЕЙДІ

"Саусақты сықырлатпа, таңдайыңды тақылдатпа" - НЕГЕ?