​ҰЗАТЫЛАТЫН ҚЫЗ сіңлісіне ОРАМАЛ СЫЙЛАУЫ тиіс пе?

0
6 941

Бұл той басқаша әсерімен есте қалды.


​ҰЗАТЫЛАТЫН ҚЫЗ сіңлісіне ОРАМАЛ СЫЙЛАУЫ тиіс пе?

фото: pinterest.ru

ҚЫЗ – шаңырақтың шаттығы, өмірдің шырағы, үйдің құты. Кей ұлдардың шамасы жетпейтін жүкті арқалайды. Бір мезетте батылдығын да, нәзіктігін де көрсете алатын қасиетке ие. Қазақ халқы қыздың дәрежесін «Қыз – өрісің…» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген.


«Қызы бар әкелердің екі жүрегі бар шығар» дейді менің жолдасым. Иә, сөзінің жаны бар. Аялап, әлпештеп өсіресің. Қатулы қабақтан, өктем сөздерден, күннің көзінен қорғайсың. Қызды әсем гүлге теңеймін өзім. Жайқалып өскен кезде өз қолыңмен жұлып алып, өзгеге тапсырасың. Қандай қиын десеңші?! Дей тұрғанмен қызы бар аналарға қызығамын. Қашан қарасаң жүздері нұр шашып, төрт құбыласы тең жүреді. Алланың қалауымен менің де құрсағыма қыз бітсе екен деп тілеймін. Сондайда жолдасым:

фото: livedemo00.template-help.com

«Жаным, мені олай қорқытпашы. Маған қызды өсіру қиын емес. Оны қалай өзгеге қиямын. Сен тіпті түбектегі гүліңді бергің келмейді ғой. Алақанымда аялап өсірген асылымды қалай бөтенге аманаттаймын» , деп қиналады.


Жолдасымның жүрегі тым нәзік пе, әлде әкелердің бәрі де қызға келгенде жұмсақ па, білмеймін. Ұзату тойына барған кезде аналарға қарағанда көзінің жасын білдіртпей сүртіп тұрған әкелердің қарасы көбірек кездеседі.


Жақында осындай көріністің куәсі болдық. Тойдан қайтқан соң біраз уақытқа дейін тамағымыздан ас өтпей, жабырқаулы күйде жүремін. Бірақ бұл той басқаша әсерімен есте қалды. Салт-дәстүрді санасына сіңіріп өскен, өзі де асабалық қызметпен несібесін тауып жүрген нағашы ағам қызын ұзатты. Ол тойға ерекше сценариймен дайындалған екен.


Келген қонақтар дастарханға жайғасқан соң әулет ақсақалы тойға бата берді. Сосын төргі есіктен ұзатылатын қызымыз Аруна құрбыларымен бірге кіріп, жанды дауыспен «СЫҢСУ» айтты. Әр шумағынан ата-әжесімен, ата-анасымен, бауырларымен, жеңгелерімен қоштасып жатқанын аңғаруға болады. Қоштасу әні аяқталғанша орнымыздан тік тұрып, көз жасымызға ерік бердік. Ал ортаны айналған қыздар топтасып сыртқа шығып кетті.


Сыңсу – ұзату тойының сәні. Бүгінде бұл салтты орындап жатқан қыздар кемде-кем. Сыңсу айту арқылы ел-жұртымен, ағайын-туысқанмен қоштасады.

иллюстрациялық фото: nurly.koksu.gov.kz

Бір кезде екі жеңгесі қолтығынан демеп, ортаға әкелді. Басындағы үкісі үлбіреген бөркі, иығындағы ақ орамалы қызымызға ерекше сән беріп тұр. Жанарын жасырған Арунаға деген қимастық сезім одан әрмен өршеленді. Жүргізушілердің сөзіне қарағанда бұл тойдың екінші бөлімі. Арунамызды қосағына табыстап, төрге оздырды. Ары қарай өздеріңізге де мәлім. Той тілек айтып, би билеумен жалғасты.


Той аяқталуға жақындағанда күйеу жігіт шетке сырылып ортаға тағы да Арунаны қолтықтаған екі жеңге шықты. Сосын Арунаның қарсы алдына өзінен кейінгі сіңлісі келді. Олар бірін-бірі құшақтап, ұзақ тұрды. Бұл көрініс те той қонақтарының үнсіз ойға берілуіне себеп болды. Осы кезде Аруна иығындағы АҚ ОРАМАЛДЫ алып сіңлісінің иығына жапты. Үстел басында отырған жасы егделеу апай мұның «Шарғы» дәстүрі екенін айтып қалды. У-шуда оның мәнісін сұраудың реті болмады.


Естуім бойынша ұзатылатын қыз «Шарғы» сыйлау арқылы өзінен кейінгілерге жол ашып кетеді екен. Ізін басып келе жатқан сіңлісіне орамал беру арқылы, ендігі кезектің оған келгенін білдіретін көрінеді. "Бақытыңды тап" деген белгі ұқсайды.


Келесі сценарий көз жасымызды көлдей етті десем артық болмас. Сіңлісімен қоштасқан Арунамызды жеңгелері жетектеп сыртқа алып кетті. Бір-екі биден соң асаба залды тыныштыққа шақырды. Осы кезде Арунамыз тағы да бір топ құрбысымен ортаға келді. Оған қолына сәукеле ұстаған жеңгесі жақындап, қайынсіңлісіне деген тілегін әндетіп бастады. Әндетіп жүріп, қызымыздың басындағы бөркін шешті. Орнына сәукеле кигізіп, бөріктегі ҮКІНІ алып сәукелеге қадады.

иллюстрациялық фото: kerekinfo.kz

Үкінің де маңыздылығы жоғары екенін бала кезімізден біліп өстік. Халық арасында үкі – көзден сақтайды деген сенім бар. Оны жас нәрестелердің бесігіне, жас келіннің орамалына, қыздардың білегіне қадап қойғанын сіз де көргенсіз.


Осылайша ертегі әлеміне алып барған ұзату той аяқталды. Құдалар жақ келін түсірдік деп мәз, нағашыларым ата-ана парызын орындадық деп иығынан жүк түскендей отыр. Ал біз еңсемізді тіктей алмай үйімізге қайттық.


Жасыратыны жоқ, бұл той басқа тойдан өзгерек болды. Ұзақ уақыт есте қалатындай, көпке үлгі болатындай той болды. Менің ұққаным қызды өсіру бір бөлек әңгіме, оны қазақтың салтымен, жоралғысымен, ырымын жасап ұзату бір бөлек әңгіме екен.


Егер қыз ұзату кезінде жасалуы тиіс басқа да жоралғылар жайлы білетін болсаңыз, ойыңызды ортаға сала отырыңыз.


Екі елдің басын бір дастарханға қосқан қыздарымыз бақытты болсын! Батырлығымен әлемді мойындатқан Бауыржан Момышұлының өзі қызды батырға теңеген. Бабамыздан «Кім батыр?» деп сұрағанда «Қыз – батыр» деп жауап берген екен. «Өйткені, ер-азамат бөтен елге барса, асып кетсе бір аптадан кейін үйіне қайтқысы келеді, ал қыз бала мүлде өзге жұртқа барып, сол елдің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғайды, дейді. Расында да өзінің ғана емес, күйеуінің де әулетіне сөз келтірмей, екі елдің арасына сыйластықтың, ізгіліктің, құрметтің көпірі бола білген қыздар қашанда ең жоғары құрметке лайық.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


СӘБИ СҮЮ үшін МЫНА ЫРЫМДЫ жасап көріңіз


Бүгінде «Біз шаншар» салтымен ОТАУ ҚҰРУҒА бола ма?