Дүниеге келген нәрестенің кіндігі түскен оны не істеу керек? Біреулер оны адам аяғы баспаған жерге көмсе, енді біреулер кептіріп сақтайды...
фото: ашық дереккөзден
Бұрынырақта әжелеріміз дүниеге келетін сәбидің кіндігін кестіру үшін арнайы адам сайлайтын. Өйткені, кіндік кесу – өте жауапты әрі сауапты іс. Оны кез келгеннің міндетіне артуға болмайтын. Кіндік кесетін кісі көп құрсақ көтерген, ел алдында абыройы бар, қолынан іс келетін, тірлікке пысық, оқыған мен тоқығаны бар болу керек. Ал болашақ «кіндік шеше» өзіне артылған жауапты істі мүлтіксіз орындауы тиіс.
фото: ашық дереккөзден
«Кіндік шеше» болашақ «баласының» құрсақтағы кезінде-ақ күтімді бастауы тиіс. Сәбидің дені сау, ақыл-ойы бүтін болып туылуы үшін болашақ анаға қажетті ақыл-кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісуі тиіс. Кіндік шеше жас ананы бала бойға біткеннен дүниеге келгенге дейін назарынан тыс қалдырмайды. Сәби туылған соң қазақтың дәстүрін негізге алып, кіндігін кесу қызметін абыроймен атқарады.
Кіндік кескен кісінің қызметіне алғыс білдіріп, кәде-сый беріледі. Кіндік кескен ананың құрметі артып, сәби өскенде оны өз анасындай көреді.
Ал бүгінгі таңда, кіндік кесу ісі мәртебелі ақ халаттылардың құзыретіне өткен. Тіпті, кей жағдайда балаларымыздың кіндік шешесінің кім екенін де ұмыт қалдыратын кездеріміз болады. Бірақ сәби перзентханадан шыққан соң 2-3 күннен кейін кіндігі түседі. Сол кезде жас ана мұқият болып баласының кіндігін қазақтың ұстанған ырым-тыйымымен қажетті орнына қою керек.
Ұл баланың кіндігін «Елдің қорғаны болсын», «Ауыл атынан сөйлейтін азамат болсын», «Шаңырақтың тірегі, отбасының егесі болсын» деп атшаптырым жерге апарып көмген, ал қыз баланікін «Отбасының ұйытқысы», «Шаңырақтың бикесі болсын» деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.
Осы орайда этнограф З.Ахметова кіндік кесудің маңыздылығы туралы мынадай дерек келтірген.
...Біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы.
Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр.
Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес.
Қазақ кіндік шешеге ерекше құрметпен қараған. Әдетте «кіндік шеше» деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін кіндігін кесетін әйелді айтады. Бұл қызметті көбіне ауылдың тәжірибелі әйелдерінің бірі жасайды. Ол қазақ салты бойынша баланың екінші анасы есептеліп, құрметтеледі. Сәбидің ата-анасы кіндік шешеге көйлек-көншегін сыйлап, жолдық береді, - дейді.
Менің де анам әр босанып келгенімде "Балаларыңның кіндігін бір жерге қой, сонда бір-біріне жақын жүреді, ізеттіліктен аттамай, құрметін ұмытпайды. Бауырмалдығы мен ынтымағын арттырады", деп айтып отырады. Шынында да, тырнақтай ғана еттің бауырлардың ынтымағын сақтайды дегенге сену қиын. Бірақ дәлелденген дүние.
Ләззат АХМЕТОВА,