​Жаназадан соң НЕГЕ басқа үйге БАРУҒА БОЛМАЙДЫ?

0
1 284

Халық арасында «жаназадан шыққан соң өзге үйге баруға болмайды» деген түсінік бар.


​Жаназадан соң НЕГЕ басқа үйге БАРУҒА БОЛМАЙДЫ?

фото: ВКонтакте

«Жан бар жерде қаза бар» дейтін қазақ: «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегенді қоса айтады. Бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылған жақынымыздың жаназасын атқаруда пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны бар. Ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде діннің қалауларына көбірек иек арта бастады.

Халық арасында «жаназадан шыққан соң өзге үйге баруға болмайды» деген түсінік бар. Бірақ бұл түсінік қайдан шыққан, шариғат бойынша ұстануға негіз бар ма? Әлде ата-бабаларымыз осы жолды ұстанған деген дерек пен дәйек бар ма? Осыған қатысты іздене келе, елімізге белгілі имам Нұрлан Байжігітұлының жауабынан қандай жағдайда жаназадан соң, басқа үйге баруға болмайтыны жөнінде ұғамыз.

фото: dzen.ru

Имамның айтуынша, жаназаға барған адамдардың тек сүйекке түскендері ғана өз үйіне қайтады, ал қалғандарына бұл міндетті емес.

«Жаназадан шыққан адам басқа үйге бармайды» деген сөз бар. Ол қандай жағдайда? Ол - мәйіт жуған адамдар. Қайтыс болған еркекті ер адам жуған кезде, сол мәйіт жуған адамдар, жуып болысымен, бірден үйіне барып өзі шомылуы керек. Ол сүннетпен бекітілген, медицинамен дараланған дүние. Неге? Мәйіт деген, қанша адам болса да, ол қайтыс болған кезде, одан белгілі нәрселер бөлінеді. Сондықтан мәйіт жуғаннан кейін бөтен үйге барған жақсы емес», - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Сондықтан, кез келген ырым-тыйымдардың да кімге бағытталғанын ұғынып, дұрыс ұстану керек.

Кейбіреулер жаназаға кіріп-шыққаннан соң, әжетханаға немесе базарға кіріп, содан кейін өзге біреудің үйіне қонаққа баруға болады дегенді айтады.

Ең бастысы, ескертіңіз және үй иесінің мұны көңіліне алып қалмайтындығына да баса мән беріңіз. Егер бұл оған ренжімейтін болса ғана барыңыз. Өйткені, кім біледі, «жаназадан қайтқан адам сол көңіл-күйді, (қайғыны) өзімен бірге алып келді» деп түсінуі де мүмкін. Бұған туған бауырыңыз, ет жақыныңыз болса ғана түсіністік танытуы мүмкін, онда да абай болғаныңыз жөн шығар.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қолға су құюдың 7 ӘДЕБІ бар. Ол ҚАНДАЙ?


«Жүргенге жөргем ілінеді» - «ЖӨРГЕМ» деген не?