Жас БОСАНҒАН әйелге МҰНЫ міндетті түрде ЖЕГІЗУ керек

0
35 627

Оны ЕНЕСІ немесе АНАСЫ, абысындары білуі тиіс


Жас БОСАНҒАН әйелге МҰНЫ міндетті түрде ЖЕГІЗУ керек

фото: ernur.kz

Дүниеге перзенттің келуі, ұрпақтың жалғасын табуы мына әлемде ең маңызды сәт. Ал оның дені сау болуы дүниеге әкелген анасының денсаулығына тікелей байланысты. Әрине, әкенің саулығын да шетке ысырып қоюға болмас.


Тұңғышымды босанғанда ғой деймін, перзентханада жатқан жас келіншекке әпкесі әлде құрбысы қуырдақ әкелді. Кімге қандай ас әкелсе де ортаға қойып, бірге тамақтанатын, «ең болмаса, ауыз тисеңізші» деп қиылып, жемесіңе қоймайтын қазақ емеспіз бе? Ол да палатада жатқан бес келіншекті қоярда-қоймай ортадағы үстел басына әкелді.

«Омыртқадан жасалған қуырдақ, мұны босанған әйелдің бәрі жеуі керек. Белдеріңізді тез көтересіздер, нәрестелеріңіз де мойынын тез ұстайтын болады» дегеніне елең еттім. Мен ғана емес, бүл сөзге бесіншісін босанған ішіміздегі ең үлкен әйел де таңдана қарады.

Сосын табақ толы ыстық қуырдақты жей отыра: «Нәрестенің мойны тез қатуы үшін бүтін мойын жейді әйел», - деп айтып та үлгерді.

Жас қой, келіншек те иығын қиқаң еткізді де қойды. Мүмкін, басқа өңірдікі ме екен. Әлде, ол салтты білмейтін шығар туыстары?!

Мен де бұрын анамнан, әжемнен естігендерімді, көргенімді еске түсірдім.

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Тұңғышыммен үйге оралатын күні арнайылап қой сойылып, мен үшін мойын омыртқасын бүтіндей асыпты. Кешкісін үйге келген анам мен енем екеуі екі жағымнан босанған әйел өзін қалай күтуі керектігін, не ішіп, нені жемеу керектігін бірнеше рет қайталап құлағыма құя отырып, әлгі ылжа-ылжа боп піскен мойынды түгелдей жегізіп, сорпасын ішкізді. Порша-поршам шығып терлеп, омырауымнан да сүт саулап қоя бергені есімде.

Сосын тазартып мүжілген омыртқаны жіпке байлады да, кіреберіске іліп қойды.

«Осы омыртқа қатқан кезде сенің де белің бекіп, нәрестеңнің мойны қатаяды, басын ұстайтын болады. Мұны міндетті түрде жасау керек, кейін де есіңде болсын» деген олар әрі қарай өз оқиғаларын айтысып кетті.

Анам бұрындары да қайталап отыратын. Әр баласын босанған сайын әже-апамыз (анамның енесінің енесі, яғни, менің әжемнің енесі) міндетті түрде қой соғызып, соның мойнын бүтіндей алдыртады екен. «Басқасын жемесең жеме, осыны жеуің керек» деп өзі қадағалап, басында отырып жегізген көрінеді.

«Ол кезде бейбіт заман, атамның қорасы толы қой болатын. Қонақ келсе, үйде ет болса да қой соятын кез емес пе еді?! Ал келіндері босанса, міндетті түрде қалжаға қой сойылатын еді үйде. Бұл сол заманнан жадымда сақталып қалған салт. Қазақтың қай салты болса да, ырым-тыйымы болса да, жақсылықтың, ішгі ниеттің белгісінен... Ертең өз перзенттеріңе, келіндеріңе жасатасыңдар», деп айтып отырады анам.

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Рас, шаңыраққа сәби сыйлайтын ананың денсаулығын ерекше күткен қазақтың апа-әжелері жас босанған әйелге жақсы ниет-тілекпен түрлі салт, ырым-тиым мен кәде-жоралғылар жасаған. Соның бірі босанған әйелге БҮТІН МОЙЫН ОМЫРТҚА мүжіту.


Бұл салтты қазақ елінің әр өңірі әртүрлі жасауы мүмкін. Ал оңтүстікте босанған әйел перзентханадан шығысымен қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын бүтіндей алып, оны баппен қайнатып пісіріп, жегізеді.

Әрине, бүгінде қалжаға құнан қой соя алатын жаңдай екінің бірінде бол бермейді. Сондықтан ет сататын базардан арнайы барып, омыртқасын бүтіндей сатып алатындар көп. Оған оңтүстіктің сатушылары да үйренген, «жас босанған әйелге бүтін мойын омыртқа керек» десе, әп-сәтте тушаны бөлшектеп, мойынын алып береді. Тіпті, жанашырлық жасап «менікі сәл кәрілеу қой еді, жас малдыкі пәленшеде бар, жас босанған әйел кәрі малдың етін жемей-ақ қойсын» дейтін жөн білетіндері де көп кездеседі.


Негізгі мақсаты – қойдың бүтін омыртқасын мүжіп, сорпасын ішкен әйел белін тез көтереді, ал нәрестесінің мойыны тез бекиді.


Мен де Жаратқан бұйыртып, бесінші перзентімді дүниеге әкелдім жақында. Перзентханадан үйге оралғанда анам мен енемнің құттықтауынан кейінгі сөзі «мойын омыртқаны мүжі, баланың мойны тез қатаяды» болды. Әрине, тұңғышым емес, мойын мүжуім керектігін жақсы білемін. Бұған дейін төрт қойдың бүтіндей мойнын мүжіген емеспін бе? Бірақ, өздерінің енесінен, апа-әжелерінен көрген, санасына сіңген салтты бізге, қыздары мен келіндеріне айтудан, жасатудан жалықпайтын анам мен енемнің айтқанын бұлжытпай орындаймын.

Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген сәбиін дүниеге әкелген әйелдің ағзасы айтарлықтай өзгеріске ұшырайтыны рас. Толғақ пен босану сәтіндегі қиындықты тек әйелдер ғана білсе керек-ті. Соншалық қиындықты өткерген ағзаны қалпына келтірудің түрліше әдісін білген апа-әжелеріміздің айтқанының бәрін істей алсақ қой, шіркін?

Қ.Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Құрсақтағы ШАРАНА үшін ПІТІР САДАҚАсын беру міндет пе?


Қарлығаш келмей тұрып ҚҰЛАҚ ТЕСУге үлгеру керек пе?