Әлемде де, біздің елімізде де жыл өткен сайын ерекше балалардың саны артпаса, кеміп тұрған жоқ.
Солтүстік Кавказ аумағында орналасқан Қабардин-Балқар Республикасының тұрғыны Джамбулат Хатохов туралы ғаламтор желісінен көріп, білгендеріңіз бар шығар. Бірақ оның өмірінің немен аяқталғанын білу семіздікпен күресіп жүргендер үшін маңызды деп ойлаймыз.
Джамбулат Хатохов қарапайым балалар секілді салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметр болып дүниеге келген. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін сәби тез-тез салмақ қоса бастаған. Мысалы, бір жасқа толғанда Джамбулаттың салмағы 17 кг болса, 2 жасында таразының тілі 34 кг-ды көрсеткен. Тағы бір жыл өткеннен кейін 3 жасар бала 14 келі салмақ қосып, ата-анасын да, айналасындағыларды да шошыта бастайды.
Осы уақытта ғана Джамбулаттың ата-анасы, жергілікті дәрігерлер оның денсаулығына алаңдап, ағзасында қандай да бір кінәраттың бар екенін айтып дабыл қаққан. Ерекше бала туған-туыстары мен жерлестерінің ғана көзіне түсіп қойған жоқ. БАҚ өкілдері ол жайлы мақалалар жариялап, тіпті, Андрей Малаховтың арнайы бағдарламасына да қатысқан.
Анасы баласының жаратылысынан, толықтығынан еш қысылмайтынын, керісінше ұлының мұндай күйімен мақтанатынын айтқан екен. Себебі, көрген жұрт баланы көп тамақтандырады деп ойласа керек. Алайда анасы баласын қалыпты тамақтандыратынын тілге тиек еткен.
Осындай ерекше жаратылыс иесі 2003 жылы 3,5 жасында Гиннестің Рекордтар Кітабына «Әлемдегі ең семіз бала» атымен енген. Себебі сол кездегі оның салмағы 48 кг, аяқ киімінің өлшемі 32 болған.
Біраз жылдар өткенде Джамбулаттың бұл кейпіне қызыққан жапондық сумоистер оны осы спортпен шұғылдануға шақырады. Сөйтіп баланың қызығушылығы оянып, шетелде сумомен айналыса бастайды. Алайда анасы оның аталмыш спортпен шұғылдануына қарсы болып, өз еліне алып қайтады.
Джамбулат жасөспірім болғанына қарамастан 150 келі шығатын еді. Дегенмен, ауыр салмақ баланың жүріп-тұруына, жалпы өмір сүруіне еш қиындық туғызбаған сыңайлы. Оның өмірі жоғары оқу орнына түскенде күрт өтгерген. Өйткені жас жігіт өзінің семіздігінен қысылып, қыздарға қырындаудан тартына бастаған. Сол себепті де арықтауды қолға алғысы келеді. Гормондық өзгерістердің әсерінен Джамбулат бұл уақытта 220 келі шығатын. Мұны ашық дереккөздерде жарияланған мына суреттерден байқауға болады.
Жас жігіт арықтауды қолға ала бастайды. Ең алдымен дұрыс тамақтанып, күнделікті жаттығулар жасап, 72 келі салмақ жоғалтады. Бірақ та бұлай арықтау оған тым қиын болды. Сондықтан да жас жігіт дәрігердің көмегіне жүгініп, көмек сұрайды.
Осыдан кейін Джамбулат Хатоховтың денсаулығы нашарлап, дүниеден өтеді. Анасы баласының өліміне дәрігердің жазып берген арықтауға арналған дәрі себеп болғанын айтқан. Өкінішке орай, 18 жасатағы жігіттің өмірі осылай аяқталады.
Анасы өз сөзінде көп нәрсеге өкінетінін, әсіресе баласын Жапониядан әкелгені үшін бармақ тістеп қалғанын жеткізген.
Қайғылы оқиғаға кім себепші болса да, семіздік адамға абырой әпермейтіні анық. Ауыр салмақтағы жанның денсаулығы да, өмірі де бақытқа толы болмайтыны рас.
Бұл деректерді келтірудегі біздің жалғыз мақсатымыз – дәрі ішіп, артық салмақтан арылудың соңы тек жақсылықпен аяқталмайтынын ескерту, сондай-ақ, мұндай жағдайға немқұрайлы қарамауға шақыру.
Дереккөз: pulse.mail.ru
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Көктемде шалғаммен-ақ арықтауға болады