​Арықтауға арналған шәрбаттар

0
2 947

Тәттілер артық май жинайды деп ойлайсыз ба? Ендеше мына шәрбаттарды жасап көріңіз!


​Арықтауға арналған шәрбаттар

фото: provizor.org

Айналамызда сатылымда тұрған азық-түліктердің қайсысы таза табиғи өнімнен жасалған немесе қоспалары көп екендігін айыра алмай қалғанымыз рас. Сол себепті де көп ретте тәттілерді болсын, түрлі тағамдарды болсын үй жағдайында дайындап, қорықпай жей беруге болады. Бұл ретте де біз жасалуы мен құрамы жағынан балмұздаққа ұқсайтын шәрбат дайындауды ұсынбақпыз. Әсіресе осындай аптап ыстықта шөлді басып, ағзаны минералды заттармен, микроэлементтермен байытатын шәрбат артық салмақ қосуға да сеп болмайды. Сондықтан да тәттіні сүйсініп жейтіндер бұл шәрбатты ойланбай-ақ ас мәзіріне қосуларына болады.

Банан мен өрік шәрбаты

Бұл ең дәмді әрі жеңіл десерттердің бірі. Әсіресе жаз мезгілінде балмұздақтың орнына жеген өте пайдалы.

фото: kidsfashionawards.ru

Қажетті өнімдер:

  • 0,4 кг банан
  • 0,3 кг өрік
  • 30 гр. қант
  • 150 мл су

Дайындалу тәсілі:

  1. Кастрөлге суды құйып, қантты салып отқа қойыңыз.
  2. Бананның қабығын аршып, турайсыз.
  3. Ал, өрікті ортасынан бөліп, сүйегін алып тастау керек.
  4. Жемістерді блендерге салып, біркелкі болғанша айналдырасыз.
  5. Содан соң блендерге қант қосылған қайнаған суды құясыз.
  6. Барлығын тағы бір айналдыру керек.
  7. Араласқан шәрбатты ыңғайлы ыдысқа құйып, 12 сағат бойы тоңазытқышқа салып қояды. Әр бір сағат сайын қозғауды ұмытпау керек.
  8. Белгілі уақыттан соң шәрбатты алып, блендермен араластырасыз да, енді мұздатқышқа саласыз.
  9. 1-2 сағат мұздатқышқа тұрған шәрбатты арасында араластыруды ұмытпаңыз.
  10. Дайын болған шәрбатты ыдысқа салып, бетін жалбызбен немесе жемістермен әсемдеуге болады.
  11. Осылайша дайыналған шәрбатты рахаттана отырып жей беруге болады.

Жүзімнен дайындалған сергітетін шәрбат

фото: kaktutest.by

Қажетті өнімдер:

  • 500 гр. жүзім
  • 600 гр. қант
  • 2 стақан су

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен жүзімнің сабағын алып тастап, жарты стақан қант саласыз да, отқа қойып қайнатасыз. 2 минут қайнаған соң отты сөндіру қажет. Ал, басқа кастрөлге 500 гр қантты салып, екі стақан су құясыз. Кастрөлді отқа қойып, қайнату керек. Қайнап тұрған қант шәрбатына қайнатылған жүзімді саласыз. Барлығын жақсылап араластырып, шәрбатты 1,5 минуттай отта ұстайды. Енді отты сөндіріп, суыған соң мұздатқышқа салыңыз.
  2. Шәрбат мұздағаннан кейін блендерге салып, араластырыңыз. Артынша мұздатқышқа қайта салып аласыз. Сонда шәрбат та дайын болады.

Құлпынай мен таңқурай шәрбаты

фото: wjday.ru

Қажетті өнімдер:

  • 150 гр. мұздатылған құлпынай
  • 140 гр. мұздатылған таңқурай
  • 280 гр. сүйегі алынған шие (мұздатылған)
  • 15 гр. жалбыз жапырағы
  • ½ шай қасық даршын
  • ¼ шай қасық жұпар жаңғағы
  • ½ шай қасық ванильді қант.

Дайындалу тәсілі:

Барлық жемістерді мұздатқыштан алып, 15 минут сыртқа қойып қойыңыз. Содан соң жалбызды майдалап труап, жемістермен араластырыңыз да, барлығын блендерге салыңыз. Дәміне қарай шамалап қант қосып, тағы бір араластырып жіберу керек. Сонда өте дәмді шәрбат та дайын болады.

Таңқурай мен лимон шәрбаты

фото: gastronomiavasca.net

Қажетті өнімдер:

  • 500 гр. мұздатылған таңқурай
  • ½ лимон шырыны
  • 7 ас қасық су
  • 4 ас қасық қант ұнтағы.

Дайындалу тәсілі:

Шырынсыққышқа немесе блендерге салып, таңқурайдан езбе жасаймыз. Оған лимон шырынын қосып, су мен қант ұнтағын да саламыз. Бір қалыпқа келгенше араластырып, тоңазытқышқа салып қоямыз. Салқындаған соң шәрбатты жей беруге болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ