​Меруерт Қазбекқызы, диетолог: Арықтаудағы ең үлкен қателік - диета ұстау

0
5 410

Инстаграмда 20 мыңнан астам оқырманы бар Меруерт Қазбекқызы сымбатына көңілі толмай жүрген қыз-келіншектерге, арықтауды армандайтындарға өте қажетті кеңестерді бере алатынына күмәніміз жоқ.


​Меруерт Қазбекқызы, диетолог: Арықтаудағы ең үлкен қателік - диета ұстау

Бүгінгі «Диета» айдарының қадірлі қонағы – дұрыс тамақтану арқылы сау болуға әрі арықтауға көмектесетін дипломдалған диетолог-маман Меруерт Қазбекқызы. Меруерт бүгінде инстаграм әлеуметтік желісінде көпшілікке @mikahanym атымен танылған блогерлердің бірі. Инстаграмда 20 мыңнан астам оқырманы бар Меруерт Қазбекқызы сымбатына көңілі толмай жүрген қыз-келіншектерге, арықтауды армандайтындарға өте қажетті кеңестерді бере алатынына күмәніміз жоқ. Ендеше көп созбай, арнайы қонағымызбен сұхбатты бастайық!


- Мика ханым, өзіңізбен танысқаныма қуаныштымын! Алғашқы сұрақты сіздің «дипломдалған маман» деп өзіңізге баға беруіңізден бастасақ! Иә, бүгінде марафон жүргізетіндердің көбінде сертификат бар. Сіз диетолог мамандығы бойынша білім алдыңыз ба, дипломыңыз қай мамандыққа берілген?

- Негізі жұмысыма байланысты Мика ханым деген лақап атпен танылып кеттім. Әке-шешемнің азан шақырып қойған аты - Меруерт Қазбекқызы.

Иә, қазіргі кезде марафон жүргізетін диетологпын деп жүргендердің көбінің қолында сертификат қана бар, тіпті, онсыз да жұмыс жасай беретіндер өте көп. Мен қаншама адамдармен жұмысым істеп, сөйлесіп жүрсем де олардың арасынан «дипломыңыз бар ма?» деп сұрағанын кездестірмедім. Бар болса да дипломы бар-жоқтығына алаңдап, қызығып сұрайтындар өте аз.

Мен де бастапқыда бірінші курсты оқып, сертификат алдым. Бірақ бұл білімнің жеткіліксіз екеніне көзім жеткендіктен, ЖОО қарастыра бастадым. Соның ішінде өзіме ең жақыны «Салауатты өмір салты» (СӨС) мен «Дұрыс тамақтануды қалыптастырушы» (ДТ) мамандығы болды. Сөйтіп сүйікті ісімнің жоғары білімді маманы атандым. Сол себепті де инстаграм парақшама @mikahanym «дипломдалған маман» деп мақтанышпен жазып қойдым.


- Түрлі сайттар мен газет-журналдарда сұхбаттарыңыздың жарияланғанын білеміз. Дегенмен, бүгін біз сіз жайлы ешкім жазбаған, сіздің ешкімге айтпаған сырларыңызды білгіміз келеді. Қысқаша өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- Өзім жайлы айтар болсам, алғашқы жоғары білімімді және магистр дәрежесін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде алдым.

Қазір Ресейлік жоғары оқуы орнында оқып жатырмын.

2018 жылға дейін өте жауапты, әскери ағартушылық салада, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Сонымен қатар, жолдасымның аяулы жары, көп балалы анамын.


- Семіздіктен арылғысы келетіндерге қандай әдіс-тәсіл, тамақтану мәзірін қолданасыз? Білімді қайдан алдыңыз?

- Семіздіктен арылуға кешенді көмек беруге тырысамын. Мысалы, қарапайым әрі оңай ас мәзірлері, псиологиялық қолдау, мотивация беру және білім.

Өзім білімді жан-жақтан алғанды жақсы көремін, мысалы ресейлік, америкалық профессорлардың курстарын оқимын. Әртүрлі пікір, тәжірибе, білім алып, салыстырып, ішінен тәуірін ғана өз қажетіме жаратамын.


- Арықтау үшін адамға ең бірінші не керек? Көпшілік қыз-келіншектердің сымбатты болғысы-ақ келеді. Алайда диетаны бастауға ерік-жігері жетпейді немесе бастағаннан кейін тастап кетулері оңай. Осындай жағдай болмас үшін олар не істеуі керек?

- Арықтау үшін ең бірінші адамға саналы түрде «қалау» керек. Арықтаудағы ең үлкен қателіктердің бірі - диета ұстау. Диетаның минустары өте көп. Арықтап, салмақты ұстап тұру үшін ДТ мен СӨС өмірге енгізу керек. Ал ол диетамен салыстырғанда өте оңай жол.

- Қанша қыздың арықтауына көмектесіп, қаншасының семіздіктен арылуына септігіңізді тигізе алмадыңыз?

- Шамамен 5000 адамның дұрыс тамақтану арқылы сауатты арықтауына, денсаулығының жақсаруына көмектестім дей аламын. Көмектесе алмағандар салыстырмалы түрде өте аз. Олар көбінде денсаулығында ақауы бар, мысалы гормондардың тепе-теңдігі бұзылған жандар. Кейде қанша тырыссаң да әрекетіңнен ештеңе шықпай, болмай қалатын кездер барлық адамның өмірінде кездеседі деп йолаймын. Бірақ шүкір бұл сирек болатын жағдай.


- Осындай жағдайларда өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе? Қанша дегенмен бұл қыздар сізге, сіздің методикаңызға сеніп келеді ғой.

- Жоқ, сезінбеймін. Өйткені менің марафоныма толыққанды қатысқан адам бос кетпейді. Жоқ дегенде дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты маңызды екенін түсініп, өмірлік азық болатын білім, тәжірибе алады. Ал ол кез келген адам үшін, денсаулығында проблемасы бар адам үшін тіпті қажет нәрсе.


- Қазіргі таңда біліміңізді жетілдіру үшін қандай курстарға қатысып жүрсіз?

- Қазір мені артық салмақ пен психология байланысы тақырыбы қызықтырады. Сондықтан психология мамндығы бойынша білім алудамын.


- Арықтауды армандап жүрген қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Арықтағысы келетін ханымдар, армандап жүрсеңіздер жүре бересіздер. Өмір міне жылдам өтіп жатыр. Ал Сіздер әлі ертеңгі күнмен өмір сүрудесіздер!

Өздеріңізге эксперимент жасамай, тәніңіз бен жаныңызды қинамай өз ісінің маманына жүгінген дұрыс. Денсаулыққа немқұрайлы қарап, уақытты өткізіп алмау керек. Әртүрлі диета, арықтататын дәрі-дәрмек, детокс бұның барлығының кері салдары болатынына сенімдімін. Сол себепті де табиғи жолмен семіздіктен арылып, әлемге әдемі көзбен қарайық!


- Меруерт Қазбекқызы, бүгінгі әсерлі әңгімеңізге, ешкімге айтпаған сырларыңызбен бөліскеніңізге алғысымызды білдіреміз. Болашақта Сіз секілді нағыз мамандардың көмегімен сымбатты қыз-келіншектердің саны көбейе берсін!

Сұхбаттасушы: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Теледидар қарағанда АРТЫҚ САЛМАҚ ҚОСТЫРМАЙТЫН ТІСКЕБАСАР


Диетологтар МЫНА 7 ТАҒАМДЫ мүлде ЖЕМЕЙДІ