​Өте нәзік әрі әдемі «Пломбир» торты

0
3 458


​Өте нәзік әрі әдемі «Пломбир» торты

Балмұздақ дәмін беретін өте нәзік торттың жасалуына 1 сағаттай уақыт кетеді. Бұл ретте кеткен уақытты емес, нәтижесінде шаймен ішетін тортты көз алдыңызға елестетіңіз. Сонда бәрі де оңай болады.

Қажетті өнімдер:

  • Бисквит үшін:
  • 6 дана жұмыртқа
  • 150 гр. қант
  • 200 гр. ұн
  • 2 шай қасық қамыр қопсытқыш
  • Табаға жағу үшін өсімдік майы қажет.
  • Крем үшін:
  • 700 гр. 20 пайыздық қаймақ
  • 2 дана жұмыртқа
  • 240 гр. қант
  • 260 гр. сары май
  • 6 ас қасық ұн
  • Дәміне қарай қант және ванилин
  • Корждарға жағу үшін:
  • 50 гр. қант
  • 100 мл су
  • 2 ас қасық лимон шырыны
  • Әсемдеу үшін:
  • Кокос ұнтағы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тортты дайындауды бисквитін пісіруден бастаймыз. Ол үшін 6 жұмыртқаны жарып салып, қант қосамыз да, миксермен араластырамыз. Осылайша қант пен жұмыртқаны 10 минуттай миксерлейміз.
  2. Ары қарай құрғақ қоспаларды араластырамыз. Табаққа еленген ұнды салып, 2 шай қасық қамыр қопсытқыш саламыз. Жақсылап араластырамыз.
  3. Енді осы ұнды аз-аздан көпіршітілген жұмыртқаға сала отырып араластыру керек. Ұнды салып, астынан үстіне қарай қозғаймыз. Бірақ та соншалықты көп уақыт бойы араластырудың қажеті жоқ.
  4. Формаға пергамент қағазын салып, майлаймыз да, қамырымызды саламыз. Сосын 180 градусқа дейін қыздырылған пеште бисквитті пісіреміз. 30 минутта дайын болады. Бисквитті пісіру барысында пештің есігін ашпаған дұрыс.
  5. Бисквитттің піскен-піспегенін тексеру үшін тіс тазалағышты пайдаланамыз, Егер тіс тазалағышға қамыр жабыспаса, толықтай пісті деуге болады. Егер бисквит піскен болса пешті өшіріп, тағы да 10 минутқа форманы қалдырамыз. Осы уақыт өткеннен кейін форманы пештен алып, бисквитімізді суытамыз.
  6. Бисквитіміз суығанша кремді дайындай беруге болады. Ол үшін кремге қосылатын барлық қоспалардың жылылығы бөлме температурасында болуы керек.
  7. Отқа су құйылған кастрөлді қоямыз. Себебі біз кремді осы су буына қайнату арқылы дайындаймыз.
  8. Жұмыртқаны жарып табаққа салып, оған қант пен ванилинді қосамыз да венчикпен араластырамыз. Біркелкі массаға айналғанда майлылығы жоғары қаймақты қосамыз. Сосын аз-аздан ұнымызды саламыз. Ұнның түйіршіктері кеткенше жақсылап араластырамыз.
  9. Енді осы араласпаны кастрөлдегі қайнап тұрған судың үстіне қойып қыздырамыз. Ыдысымыздың түбі суға тиіп тұруы керек.
  10. 5 минутта крем қоюлана бастайды. Сол кезде кремді судан алып, суытып қоямыз.
  11. Крем суығанша сары майды дайындай берейік. Жұмсақ сары майды миксердің жоғарғы жылдамдығымен көпіршітіп, ағарғанша араластырамыз.
  12. Сосын миксерді орташа жылдамдығына қойып, сары майды көпіршітуді жалғастырамыз. Сосын осы майға 1 ас қасықтан қайнатылған кремді салып ары қарай араластыруды жалғастыра береміз. Бірақ та крем мен сары майдың жылылығы бірдей температурада болуы керектігін ұмытпаймыз.
  13. Дайын болған кремнің бетін пленкамен жауып, тоңазытқышқа саламыз. 30-60 минуттай тұрса жеткілікті.
  14. Бұл тортты әзірлеудегі тағы бір маңызды жері корждарды ылғалдандыру болып табылады. Оны жасау үшін су, қант, лимон шырынын араластырып, отқа қойып қыздырып аламыз да, отты өшіреміз.
  15. Енді тортымызды жинайық. Алдымен ыдысымызға азырақ крем жағып, сосын бірінші коржды қоямыз. Оның бетіне кремді ылғандандыратын сиропты, сосын кремді жағу керек. Екінші коржды бетіне қойып, оған да дәл солай жағамыз. Торттың жан-жағына да крем жағып, кокос ұнтағын жабыстырып шығу керек.
  16. Ал, торттың бетін арнайы насадкамен раушан гүлін жасап әсемдеуге болады. Өте әдемі әрі нәзік тортымыз да дайын болды. Бірақ та кремі әбден сіңу үшін тортты бірнеше сағатқа тоңазытқышқа салып қойған дұрыс.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Күзде балаларға А дәруменіне бай АСҚАБАҚ ботқасын беру керек


Пияз нанды пеште жұп-жұмсақ етіп пісірудің ең оңай әдісі