​Ақылды болмасаң арықтау да қиын

0
5 719

Арықтаудың өте қиын екенін білесіз бе? Мұны басынан өткізген адам ғана түсінеді. Өйткені күнделікті өмірде денесін май басқан адамды көргенде «Тамақты азырақ жесе қайтеді екен?! Болады ғой, тартынып жеуге... Алдына келген асты талғамай ауызға сала бергеннен ғой солай семіретіндері» деген сияқты сөздерді жиі естуге болады. Әрине, бұл арықтардың әңгімесі.


​Ақылды болмасаң арықтау да қиын

фото: loseweighteatsmart.com

Арықтаудың өте қиын екенін білесіз бе? Мұны басынан өткізген адам ғана түсінеді. Өйткені күнделікті өмірде денесін май басқан адамды көргенде «Тамақты азырақ жесе қайтеді екен?! Болады ғой, тартынып жеуге... Алдына келген асты талғамай ауызға сала бергеннен ғой солай семіретіндері» деген сияқты сөздерді жиі естуге болады. Әрине, бұл арықтардың әңгімесі. Кейбір денесінде артық қырым еті жоқ қыз-келіншектерге семіру қандай қиын болса, арықтаудың да дәл сондай оңай шаруа емес екенін аңғаруға болады. Осы орайда біз салмақ тастағысы келіп, қанша әрекет жасаса да мақсатына жете алмай жүрген жандарға диета ұстауда жіберетін қателіктері жайында біраз кеңес бермекпіз.

Салат жапырағын ғана жеу – үлкен қателік

«Түскі асқа тек салат жапырағын жеу – ең жаман диеталардың бірі» - дейді Сан-Францисколық диетолог Мануэль Вилакорт. Егер де сіз салат жапырағымен ғана диета ұстанғыңыз келсе, оны бутербродпен, фасоль қосылған сорпамен жеуіңізге болады екен. Ал, жалғыз жапырақпен емдәмге отыру үлкен қателік.

Мұны диетологтар былай түсіндіреді. Барлық салатқа қосылатын көкөністердің құнарлылығы төмен болады. Сол себепті олар ашыққанымызды білдіретін грелин гормонының деңгейін төмендете алмайды. Сондықтан да Вилакорт құрамы көмірсуларға бай жемістер, ботқалар, макарондар мен қара нанды аз-аздан жеуге кеңес береді. Сонымен қатар, диетолог былай дейді: «Сіз тәулігіне құнарлылығы аз тағамдарды рационыңызға қосып, соның салдарынан толық тамақтанбайтын болсаңыз, грелин гормонының санын азайтып жібересіз. Сосын сізге көп тамақтануға тура келеді».

Жеткілікті ұйқы

Үнемі ұйқысы қанбай жүретіндер де семіруге бейім болады екен. Жалпы адам баласы тәулігіне 7-8 сағат ұйықтауы керек. Ал, сіз бұл ережеге бағынбай күніне 3-4 сағат жастыққа басыңызды қойсаңыз, салмақ қосуыңыз 73 пайызға арта түсетінін ұмытпаңыз.

Егерде сіз бір тәулікте 5-6 сағат ұйықтар болсаңыз, семірудің пайызын 27-ге түсіре аласыз.

«Ұйқы – ең керемет жұмыс, себебі, ұйқыңыз қанбаса ағзадағы грелин гормонының көлемі артып кетеді» деп диетолог тағы да ескерту жасайды. Диетологтар фитнеспен айналысып, спортпен шұғылданатындарға да 7 сағат ұйықтау керектігін ескертеді.

Жаттығуды таңғы астан бұрын жасаңыз

Нью-Джерси штатында орналасқан жеке клиниканың дәрігері Кэтлин Хикей: «Аэробикамен – таңғы астан бұрын айналысқан дұрыс», - дейді. Осы уақытта инсулин көлемі өте аз болады да, майларды іске қосады екен. Сонда денеге біткен майлар қозғалыстың әсерінен тез кетеді. Міне, сондықтан да таңертең ұйқыңыздан тұрған бойда асханаға жүгірмей, жаттығумен айналысуды қолға алыңыз.

Ұстауға болмайтын диеталар

Қазіргі кезде диетаның түрі өте көп. Интернеттен өзіңізге ұнайтынын таңдап аласыз да, салмақ тастауға кірісіп кетесіз. Бұл да үлкен қателіктердің бірі екен. Осындай қателіктерге ұрынбас үшін біз сіздерге ұстануға болмайтын диета түрлерін айтып өтейік.

1.Бір ғана азық түрімен диетаға отыру. Мұндай жағдайда ақуыздар, майлар, көмірсулардың бір-біріне табиғи үйлесімділігі жоғалады. Әсіресе ұзақ уақыт бойы бір ғана тағам түрін жейтін болсаңыз. Соңында, асқорыту жүйесінің жұмысы бұзылады.

2.Тыныс алу диетасы. Аты айтып тұрғандай бұл диетаны ұстанатындар су да ішпейді, бір тілім нанды да аузына салмайды. Дегенмен, мамандар мұндай диетаның зиянынан гөрі пайдасы басым екенін айтуда. Бірақ, тым беріліп кетуге болмайды. Себебі ағза аштықтың әсерінен стреске ұшырап, көп тамақтануға итермелеуі мүмкін. Бұл диетаны да ұстану сондықтан да тиімді емес. Аштықпен диетаға отырамын деп, ақырында салмақ қосып алуыңыз ғажап емес.

3.Шикі көкөніс, жемістермен диета. Басқалары секілді, бұл диетаның да өзіндік зияны бар. Тек шикі өнімдермен қоректену әсіресе жаңадан бастағандарға айтарлықтай ауыр тиеді. Бірінші күннен бастап-ақ басыңыз ауырады, әлсіздік пайда болады, іш өтуі де мүмкін.

Шикі жемістермен, көкөністермен диета ұстау кезінде ағзада В12 дәрумені азаяды. Осының әсерінен жүйкеңіз жұқарып, темір тапшылығына шалдығасыз. Темір жеткіліксіз болған жағдайда қаназдыққа шалдығатыныңыз белгілі. Әсіресе әйелдер қауымы анемияға бейім келеді. Сондай-ақ, бұл диетаның әсерінен А дәрумені мен йод, магний элементтері ағзаға жақсы таралмайтын көрінеді.

Әрқашанда өзің қалағандай формада болу әркімнің арманы екені түсінікті. Алайда ең бірінші орында денсаулықты ойлауымыз керек. Денсаулығыңыз сыр берсе, дене-бітіміңіз жайына қалады. Диетаның да зиянсыз әрі жеңіл түрін таңдаған дұрыс.

Құрметті оқырман, осындай қателіктерге ұрынбау үшін барлығын ақылмен шешіңіз. Ақыл бар жерде, дұрыс шешім қабылдайсыз, діттеген мақсатыңызға да жетесіз.