Бұны йога ілімінде «Қалыптардың королі» деп атайды. Небәрі 3-ақ минутыңызды жұмсайсыз.
фото: ex3msport.life
Деректерге сүйенсек, йога ілімінде 8 миллионнан астам қалып (асана) бар екен. Ең көп қолданылатыны – 100-ге жуық. Осы орайда «ең пайдалысы қайсы?» деген сұрақ туындайтыны белгілі.
Кез келген асананың физикалық және психологиялық тұрғыда терапевтік әсері зор. Соның ішінде барлық қалыптың королі саналатыны – Ширшасана деп аталады. Түсінікті болу үшін бұны «баспен тұру қалпы» десек болады.
Бұл ағзаның бүкіл жүйесіне бірдей әсер ететін қалып. Бар болғаны Ширшасана жаттығуына күніне 2-5 минут қана арнап, көптеген дерттен сауығасыз, сонымен бірге жасарасыз.
ПАЙДАСЫ
- Бүкіл дененің қанайналым жүйесін белсендіреді;
- Жүйке жүйесін тыныштандырады;
- Тыныс алу жолдарындағы кедергілерді жояды, өкпенің барлық бөлігін іске қосады;
- Эндокриндік жүйенің жұмысын жақсартып, гормондардың дұрыс бөлінуіне ықпал етеді;
- Репродуктивті жүйенің қызметін арттырады;
- Гипофиз бен гипоталамус безінің жұмысына оң әсер етеді;
- Қан құрамындағы қант мөлшерін кемітіп, қант диабетінің асқынуын тежейді;
- Варикоздың асқынуына жол бермейді, тамырлардың кеңеюінің алдын алады;
- Мидың қанайналымы жақсарып, ми қан арқылы қажетті заттармен толығады.
- Бас-ми қан тамырларын берік етеді. Осының әсерінен мигрень сияқты бас аурулары емделеді;
- Шаштың уыстап түсуін тоқтатады;
- Мезгілінен бұрын шаштың ағаруын болдырмайды;
- Жүрек соғысы мен қан қысымын төмендету арқылы жүректі тынықтырады;
- Ағзадан токсиндердің шығуын жылдамдатады;
- Көзді нұрландырады;
- Зат алмасуды белсендіреді;
- Аяқтың, дененің ісінгені басылады;
- Стресті жеңілдетеді;
- Үрейді, уайымды басады;
- Бүйрекүсті безінің жұмысын активдендіреді;
- Энергияны жоғарылады;
- Қартаюды баяулатады. Күнде, күні бойы тік жүрген адам баспен тұрғанда оның ағзасының бүкіл физиологиялық және энергетикалық процесі уақытша тоқтайды екен. Осының салдарынан қартаю баяулайды дейді физиолог мамандар.
Шишасана қалпын, яғни баспен тұру жаттығуын жастық қалпын ұзақ сақтағысы келетін әлем жұлдыздары күн тәртібіне кіргізген. Бұл қалып тіпті «Мисс Корея» (2013 жыл, 20 сериядан тұрады) фильмінде көп кездеседі. Әсіресе, аталмыш дороманың 5-сериясында «Мисс Корея» конкурсына қатысушыларды дайындаушы әйел «Конкурсқа дейінгі әр күндерің «баспен тұрумен» басталып, осы жаттығумен аяқталады» дейді. Ол конкурсқа қатышуларды осы қалыптың пайдасымен таныстырып, «Баспен күнделікті тұру» арқылы салбыраған, төмен түскен бұлшықеттер (омырау, қарын, бөксе, бет бұлшықеттері мен мойын және көзасты терісі) қалпына келетінін айтады.
Жасару процесі ағзаның төрт жүйесінің – тыныс алу, жүйке, эндокриндік, қанайналым жүйелерінің бірдей белсенуінің нәтижесінде жүреді.
Пайдасы, терапевтік әсері зор жаттығуды орындауды бүгіннен бастағыңыз кеп отыр ма? Ендеше, оның орындалу техникасын біліп алыңыз.
ОРЫНДАЛУЫ
фото: vita-yoga.ru
Кез келген йога жаттығуы асықпай, мұқият, терең тыныс алу арқылы орындалады. Ширшасана жаттығуын да асықпай орындап, асықпай аяқтау міндетті.
- Ең бірінші денені қыздырып алыңыз. Омыртқаны, аяқ-қол буындарын иіп, 2-3 минут дене жаттығуларын жасаңыз.
- Қаттылау жастықты бөлме қабырғасына жақын қойыңыз. Басыңыздың төбесін жастыққа тіреңіз. Алақанмен еденді тіреп (шынтақпен еденді тіреуге де болады), аяқ ұшын еденнен алмай бөксені жоғары көтеріңіз.
- Жайлап аяқтарыңызды көтеріңіз. Алдымен оң аяқты, сосын сол аяқты көтеріп, бөлме қабырғасына сүйеңіз.
- Аяғыңызды жоғары көтеріп тұрғанда, тізеңізді бүкпеуге тырысыңыз. Омыртқа тік болғаны дұрыс. Үйреніп алғанша аяқты қабырғаға тіреп орындаңыз. Кейін жайлап аяқты қабырғадан ажыратып ұстауға үйреніңіз.
- 10 секунд тұрып, бастапқы қалыпқа оралыңыз. Бастапқыда 10 секундтан бастаған жөн, күнде 5-10 секундтан қосып, кейін 1-5 минут тұратын боласыз.
- Аяқты төмен түсірген соң басты жастықтан бірден жұлып алмаңыз. 30 секундтай басыңыздың маңдайын жастыққа қойып жатыңыз, сосын жайлап көтеріңіз.
Нәтиже жылдам бола қалады деп қателеспеңіз. Күнде бірер минуттан «баспан тұруды» дағдыға айналдыру арқылы үш-төрт айдан соң нәтижесін байқай бастайсыз.
Кімдерге рұқсат етілмейді?
- Нормадан артық 15-30 кг салмақтағы адамға;
- Мойын омыртқасында жарақаты (протрузим т.б.) бар;
- Бас-ми жарақаты;
- Тым жоғары немесе тым төмен қан қысымы;
- Синусит;
- Көз іші қан қысымы жоғары;
- Жүктілік кезінде;
- Етеккір уақытында орындауға болмайды.
Егер сізде осы белгілердің бірі болса, уайымдамаңыз. Ширшасананы жеңілдетіп орындауға болады. Яғни, басыңызды жастыққа қоясыз, аяқ ұшымен еденді тіреп бөксені көтересіз. Бірақ аяғыңызды жоғары көтермейсіз, яғни аяқ еденде тұрады. Осы қалыпта тұрып та жаттығудың аздап пайдасын «алуға» болады.
Ескерту: Жаттығуды күніне бір рет (немесе таңертең бір рет, кешке бір рет) 1-5 минуттан асырмай орындаңыз. Қауіпсіздік ережелерін сақтап орындау үшін интернетте видеосабақтарды көріп алғаныңыз жөн.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
ЛОГОМАССАЖ баланың сөйлеуіне КӨМЕКТЕСЕ МЕ? (Маман жауабы)
Күні бойы күш-қуатыңызды тасытатын 10 минуттық СУПЕР жаттығу