Қыстан көктемге өтіп жатқан осы бір өліара кезеңде бойды енжарлық пен керенаулық билеп, ештеңеге зауқың болмай қалады. Бұл 3 жаттығу осы жағымсыз күйді жеңіп, өмірге де, күнделікті жұмысқа да ерекше құлшыныспен кірісуге көмектеседі.
фото: i.sunhome.ru
Бұл мезгілде адамдардың көпшілігі көктемнің күніне маужырап, ештеңеге зауқы болмай болбырап, мезгілдік дәрумен жетіспеушілігі салдарынан қалжырап жүреді. Бойын жалқаулық, еңсесін енжарлық басады. Кімнің де болмасын бұл күйден арылғысы келеді-ақ. Сіз де сондай күйді кешіп, бірақ одан арылып, өзіңізді сергек сезінудің жолын таппай жүрсеңіз, мына 3 жаттығуды жасап көріңіз.
Бұл 3 жаттығуды жасау үшін күнделікті 10 минут та уақытыңыз кетпейді. Бірақ, сол аз ғана уақыттың ішінде бойыңызды сергітіп, шабыттандырып, қанаттандырып жіберетін қасиеті бар. Оларды жасағаннан кейін бойыңыздағы позитивті, жағымды энергияны айқын сезінесіз. Сонымен, кірісеміз бе?
Пранаяма – ақыл-ойды негативтен тазарту
Бұл жаттығу сананы барлық негативті ойлардан тазалайды. Қандай да бір қиын не жағымсыз эмоционалдық күйде болсаңыз, одан да арылтады. Бойыңызды жағымды энергияға толтырады. Ойыңызды қаншалықты бір жерге жинақтап, жаттығуды мән бере жасайсыз, соншалықты нәтижелі болады.
Еденге суретте көрсетілгендей отырып, арқаңызды тік ұстаңыз. Бас бармақты тік ұстап, қалған саусақтарды жұдырыққа жұмылдырыңыз. Екі қолды тік қалыпта жоғары көтеріңіз. Олардың арасы шамамен 60 градус бұрышты құрайтындай болсын. Осы қалыпта 2 минут бойы отырасыз. Бұл уақыт аралығында тыныс алуыңызды бақылаңыз. Ең дұрыс тыныс алу – терең дем алып, содан соң демді жиі әрі үзік-үзік етіп шығару. Әр үзік дем шығару тұсында қарын-құрсақ бұлшықеттерін ішке қарай тартыңыз.
Крийя – құрбақа қалпы
Крийя – кез келген эмоционалдық тоқыраудан алып шығатын, бойды күш-қуатқа, өмір сүруге деген құлшынысқа толтыратын жаттығу түрі.
Суретте көрсетілгендей жүрелеп отырыңыз. Аяқ ұшымен отырып, екі өкшені бір-біріне тигізіңіз. Екі алақанды да еденге қойып, қолдарды тіреуіш етіңіз. Басты көтеріп, тіке алға қараңыз. Енді ішке қарай деміңізді тарта отырып аяғыңызды тіктеп, денеңізді көтересіз. Бұл кезде алақаныңыз еденнен ажырамауға және өкшелеріңіз еденге тимеуге тиіс. Тыныс шығарғанда бастапқы қалыпқа қайта келесіз. Осылайша 26, 54 немесе 108 рет орындау керек.
Садақшы қалпы – бойға батылдық, жанға жігер сыйлайды
Расында, бұл жаттығудың бойға батылдық, жанға жігер, жүзіңізге шуақ сыйлайтын құдыреті бар. Оны күн сайын жасап әдетке айналдырғандардың бастаған ісін соңына дейін аяқтау, алға қойған мақсатына жетпей тоқтамау сынды дағдылары қалыптасады. Күн сайын өзіңізді «Садақшының» орнына қою арқылы өз өміріңіздің қожайыны – өзіңіз екенін айқын сезінесіз.
Ендеше, екі аяқтың арасын алшақ ұстап, бір қырындап тұрыңыз. Алдыңғы тұрған аяқты 90 градусқа бүгіп, екіншісін тік ұстайсыз. Бір қолды еденге параллель қалыпта тік ұстап, екіншісін шынтақтан бүгесіз. Бір сөзбен айтқанда, қолымда садақ бар деп елестетіп, оның жебесін жіберуге әзірленіңіз. Ойша нысананы көздеңіз. Осы қалыпта терең тыныс алып 1 минут бойы тұрыңыз. Сонан соң аяқ пен қолдардың орнын ауыстырып, екінші жақпен жасайсыз.
Осы жаттығуларды жасағаннан соң көңіліңіз көктемнің күніндей ашылып, жадырап сала береді. Өзіңізді табиғатпен бірге оянып, жаңа өмір бастап жатқандай сезінесіз. Сіз ғана емес, айналаңызда көп адам осылай етуді аңсап, алайда жолын таппай, беймаза күйді жеңе алмай жүрген болар. Бір көмегіңіз болсын, аталған 3 жаттығу жайлы оларға да айта жүріңіз.
Аударған: А.Мейірханқызы,
Дереккөз: yogajournal.ru