«Крокодил» жаттығуын күнде орындау керек (видео)

0
3 567

Неге?


«Крокодил» жаттығуын күнде орындау керек (видео)

фото: суреттер ашық дереккөздерден алынды

Адамның денесін тік көтеріп жүруі – омыртқасының арқасында. Омыртқа жарақаттанса, төсекке таңылады. Омыртқада жай «грыжа» пайда болғанның өзінде адамның қозғалысы қиындап, орнынан тұра алмай қалады.

Міне, омыртқаның маңыздылығы. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің» дейді науқас. Ал сіз ауырмай тұрып қадірлеңіз: шамадан тыс ауыр көтермеңіз, артық салмақ болса тастаңыз және омыртқаға пайдалы жаттығулар орындаңыз.

Омыртқааралық дискілердің күйін жақсартатын, омыртқаның иілгіштігін арттыратын, аурулардың алдын алатын жаттығу көп. Солардың ішінен біз барлық адамға жеңіл, төсекте жатып-ақ орындауға болатын комплексті жаттығуды ұсынамыз.

Бұл жаттығу «Крокодил» деп аталады. Неге? Біріншіден, жаттығудағы әр қимыл крокодилдің жер бауырлап жылжыған қозғалысына ұқсағандықтан осы жануар атымен аталған. Екіншіден, ғалымдар крокодил омыртқасының мықтылығына, иілгіштігіне таң қалып, зерттеген. Бұл ол жорғалап жылжығанда омыртқасына күнде массаж «жасалатындығының» нәтижесінде.

Ғалымдардың зерттеу жұмыстарынан кейін «крокодил» деп аталатын омыртқаға арналған жаттығулар комплексі құрастырылған.

Бүгінде көп елде нейрохирургияда, йогатерапияда бұл жаттығу кеңінен қолданылады. Көптеген ауруға ем.



Қай ауруларға ем?

  • созылмалы арқа ауруы;
  • остеохондроз;
  • омыртқааралық грыжа;
  • протрузия;



Пайдасы

  • ас қорыту мүшелері мен тыныс алу жүйесінің жұмысы белсенеді;
  • қан тамырларының айналымы, лимфа ағуы жақсарады;
  • тіндерден токсиндердің шығарылуы жылдамдайды;
  • тіндердегі қалпына келтіру процестері жеделдетіледі;
  • бұлшықеттер мен байламдар серпімді болады;
  • омыртқааралық дискілерге түсетін қысым азаяды;
  • қысылған жүйке тамырлары босатылады;
  • қозғалған, қисайған омыртқалар орнына оралады;
  • арқа мен омыртқадағы ауырсыну сезімдері жойылады;
  • диетасыз-ақ артық салмақ кемиді.



Орындалу техникасы

Жаттығу асықпай орындалады. Жасқа шектеу жоқ, барлық адамға орындауға болады.

Тыныс алу: Терең әрі бір қалыпты. Ауа жұтумен бірге жаттығу орындалады, ал ауа шығарғанда бастапқы қалыпқа ораласыз. Жаттығуды аяқтаған соң 10 минуттай бүкіл денені босаңсытып, шалқадан түсіп жату керек.

Уақыты: Мамандар жаттығуды күн сайын немесе күнара жасауға кеңес береді. Таңертең немесе кешке орындауға болады.

Неше рет? Әр жаттығуды 10 рет орындау керек (5 рет оңға, 5 рет солға).

Терапевтік әсерін 15-20 күннен соң байқайсыз.



1-жаттығу

Шалқаңыздан, арқамен төсенішке жатыңыз. Қолдарды иық бойында екі жаққа жайып, тік ұстаңыз. Дене мен буындар бос.

Ауаны жұтумен бірге аяқтардың ұшын оңға (саусақтар еденге тию керек), ал басты солға бұрыңыз. Дене түгелімен бұрылғанда сол жақ жамбас төсеніштен көтеріледі. Қолдар қозғалмайды. Ауаны өкпеден сыртқа шығарумен бірге бастапқы қалыпқа оралыңыз.

Енді оң жақ жамбасты еденнен көтеріп, екі аяқ ұшын солға бұрып, басты оңға бұрыңыз.



2-жаттығу

Бастапқы қалып. Оң аяқты сол аяқ үстіне қойыңыз. Тізе бүгілмейді. Яғни, сол аяқ саусақтарының ұшына оң аяқ табанының артқы бөлігін апарып қоясыз. Дене корпусын оңға, басты солға бұрасыз (ауа жұту). Ал аяқтар тік тұрады, ешқайда бұрылмайды. Бастапқы қалыпқа оралу (ауа шығару).

Аяқтардың орнын алмастырыңыз. Денені солға, ал басты оңға бұрыңыз.

Оң аяқты сол аяқ үстіне қоясыз (оң аяқ саусағының ұшына сол аяқ табанының артқы, яғни сыртқа бөлігін). Екеуін бір-бірінен ажыратпай оңға бұрыңыз, ал басты солға бұрып 1-2 секунд кідіресіз. Бастапқы қалыпқа ораласыз.

Аяқтардың орнын ауыстырып, кері бағытта, яғни солға барынша (денемен бірге) бұра отырып, басты оңға бұру керек. Асықпай бастапқы қалыпқа оралыңыз.



3-жаттығу

Қолдар иық бойында тік еденде жатады. Оң аяқ түзу қалпында қалады, ал сол аяқты бүгіп оң аяқтың үстіне қойыңыз. Тобық тізеге тиіп тұруы қажет. Жайлап бүкіл денені солға бұрасыз, ал басты оңға бұрып ұстайсыз.

Бастапқы қалыпқа оралып, аяқтардың орнын ауыстырасыз: сол аяқ тік әрі түзу, ал оң аяқты бүгіп сол аяқ үстіне қоясыз. Жайлап солға бұрылу, ал басты оңға бұру керек.



4-жаттығу

Екі аяқтың арасын алшақтау ұстап бүгіп жинаңыз, табандар еденде. Оңға бұрыңыз, шамаңыз келсе тізелерді еденге жақындатыңыз немесе тигізіңіз. Ал бұл уақытта басты солға бұрып сәл кідіресіз.

Бастапқы қалыпқа оралып, жаттығуды кері бағытта қайталаңыз.



5-жаттығу

Екі аяқты да бүгіп жинаңыз. Табандар еденде. Оң аяқты көтеріп сол аяқ тізесінің үстіне қоясыз. Осы қалыпта солға денені аяқтармен қоса бұрасыз. Ал бас кері бағытта бұрылады.

Аяқтардың орнын ауыстырыңыз: сол аяқтың табанын оң тізе үстіне қойыңыз. Денені оңға бұрыңыз, ал басты солға бұрып бірер секунд осы қалыпты сақтаңыз.



Қарсы көрсетілімдері:

  • арқаның қатты жарақаттануы;
  • сыну;
  • омыртқада қатерлі ісіктің болуы;
  • метастаз;
  • бронх демкіпесі;
  • туберкулез;
  • жүрек-тамыр жүйесінің ауыр патологиялары;
  • хирургиялық операциядан кейінгі қалпына келу кезінде бұл жаттығуды орындауға болмайды.


Қауіпсіздік ережесі

  1. Бастапқыда жаттығуды дәл техникасы бойынша орындау міндетті емес. Арқаға, аяқ буындарына қатты ауырлық салып, өзіңізді қинап орындамаңыз.
  2. Омыртқада артерия синдромы, тыныс алу мүшелерінде проблемалар бар болса жаттығуды дәрігердің рұқсатымен ғана орындау қажет.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Жүкті әйелдерге қандай жаттығулар жасауға болады?

Тренермен жаттығудың 3 ПАЙДАСЫ