2025 жылы Қытайда қазақ күресінен әлем чемпионаты өтуі мүмкін

0
146

Кездесу аясында қос тараптың өкілдері перспективалық ынтымақастық бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады.


2025 жылы Қытайда қазақ күресінен әлем чемпионаты өтуі мүмкін

Фото: Qazaq Kuresi делегациясы

ERNUR.KZ. Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов Астанаға іссапармен келген Қытай Халық Республикасы делегациясының өкілдерімен кездесті, деп жазады inbusiness.kz.

Кездесу барысында Қытайдың Хунань провинциясындағы Чанша қаласы үкіметінің өкілі Ли Ди бүгінгі таңда екі елдің арасындағы сауда, инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары жетерлік екенін, ал соңғы жылдары спорт саласындағы байланысты нығайту бағытында, оның ішінде екі елдің ұлттық күресін дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге деген қызығушылықтың арта түскенін атап өтті.

Осы орайда, шетелдік қонақ Қазақстан мен Қытай арасындағы көп жылғы достық қарым-қатынасты нығайту үшін 2025 жылы Қытай елінде қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу туралы ұсынысын жеткізді.

Делегация өкілінің айтуынша, әлем чемпионатын Қытайдың мемлекеттік және саяси қайраткері Мао Цзэдун туып-өскен Хунань қаласында өткізу маңызды қадам болмақ. Бұл Қытайдағы ең танымал туристік бағыттардың бірі, 66 млн тұрғыны бар әлемге танымал туристік шаһар.

Шара барысында Ли Ди 2022 жылы Астанада 40-тан астам елдің 350 спортшысы қатысқан әлем чемпионатының бейнематериалдарымен және қазақ күресі туралы мағлұматтармен танысты.

Өз тарапынан Дамир Әсенғазыұлы әлем чемпионаты сияқты ірі халықаралық доданың экономикалық әлеуетін дүниежүзі мойындаған Қытай сияқты алпауыт елде өтуі қазақ күресінің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Кездесу соңында Дамир Бекбосынов делегация өкілдеріне аспан асты елінде қазақ күресінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүргені үшін Сонг Джянмин мырзаға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хатын және қазақы дәстүрмен қауымдастықтың атынан кәдесыйларды табыстады.