Белсенді түрде спортпен шұғылданатын адамдардың да артық салмақ қосып алуы оп-оңай.
Біздің күнделікті тұтынатын тағамдарымыздың ағзамызға берер пайдасымен бірге зияны да бар. Сондықтан тамақтанған кезде балансты сақтап отыру керек. Егер бей-берекет тамақтансаң, артық салмақ қосып алуың ғажап емес. Тіпті белсенді түрде спортпен шұғылданатын адамдар да артық салмақ қосып жатады. Мұның себебін диетолог мамандар былайша түсіндіреді.
1. Бақылаудың жоқтығы
Көптеген адамдар тренажер залынан шыққаннан кейін әдеттегіден де көп мөлшерде тамақтанып жатады. Жаттығуға жұмсаған күштің орнын тағаммен толықтыру қажет деген де түсінік қалыптасқан. Алайда, медицина мамандары артық салмақтан арылу үшін жаттығу жасаудан бұрын калорияны азайту керектігін айтады. Себебі, ағза майлы, калориялы тамақтарды тұтынған кезде салмақ жинауға икемді болып тұрады. Оның үстіне уақытылы желінбеген ас асқазанға да ауырлық түсіреді. Сондықтан, басты назарды дұрыс тамақтануға қойған жөн. Ерінбесеңіз, өзіңіз тұтынатын ас үшін күнделік арнап қойыңыз. Ол жерде сіз әрбір жеген тағамыңыздың құнары туралы жазып отырсаңыз да болады. Сол кезде сіз қажетсіз калорияларды тұтынбауға дағдыланып, өзіңізді үнемі қадағалап отырасыз.
2. Пайдалы тағамдарды көп тұтыну
Әйелдер арасында «Бұл тағамнан толып кетпейміз! Оның калориясы аз. Онда дәрумен көп!» деп те айтылып жатады. Бұлай деп көп жағдайда ботқа, жеміс-жидек пен жаңғақ түрлерін тұтына отырып, арықтауға кіріскен жандардан естиміз. Дегенмен, тек бәліштер мен тәттілерді жеу арқылы ғана артық салмақ қоспайтынымызды естен шығармау керек. Пайдалы деген дүниелердің өзін шектен тыс пайдалансақ, кері әсер беруі мүмкін. Үнемі бірыңғай жеміс жеп жүру де дұрыс емес. Бір мезгіл ыстық тамақ ішкен де пайдалы. Сондықтан, барлығы өз өлшемімен болғаны дұрыс.
3. Калорияның жетіспеуі
Медицина мамандарының пікірінше, бұл артық салмақтан арылуға кедергі болатын үшінші қателік екен. Әлбетте, калория жетіспесе, адам артық салмақтан оп-оңай арыла алады. Арықтағысы келетін адамдар да диетаға отырған кезде калориясы төмен тағамдарға жүгінеді. Бірақ, мұның да нақты өлшемі болуы тиіс. Өйткені, ағза тиісті калорияны ала алмаған жағдайда биологиялық механизмін іске қосады. Калорияның мөлшері жетіспесе адам ағзасы дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Яғни, ішімізде қажетсіз бактериялардың көбею қауіпі бар. Сонымен қатар, метаболизм жұмысы да бәсеңдей түседі. Тіпті, көп салмақ жоғалтуымыз мүмкін. Дегенмен, басты байлық – денсаулық екенін әрдайым жадымыздан шығармаған абзал.
Дайындаған: Н.Налтай,